Фонограмма заңы қабылданды
Фонограмма заңы қабылданды
199
оқылды

Қазақстанда әртістердің көрермен алдындағы мінез-құлқын, тәртібін және фонограмманы қолдануын реттейтін заң қабылданды. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысында сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

М.Әшімбаев еліміздің мәде­ниет саласын дамыту үшін бұл құжаттың маңызы зор екені атап өтті.
– Осы заң сонымен қатар кітапхана және баспа ісін же­тілдіруге, отандық элек­тронды кі­тапхана қалыптастыру мен оның қорын кеңей­туге жағдай жасайды. Сондай-ақ мәдениет ұйым­дары мен шығар­машылық одақтардың жұмысын қолдауға және концерттік қыз­метті рет­теуге мүмкіндік бе­реді, – деді Сенат бас­шысы.
Сондай-ақ ол қабылданған заң ұлттық мә­дени құнды­лық­­тарымыз бен мұраларымызды сақтауға ықпал ететінін де тілге тиек етті. Осы заңға сәйкес енді эстрада әртістері ән орындаған кезде фонограмманы қолданатын болса, концерттер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйым­дастырушылар оны халыққа алдын ала жариялауға міндетті. Сонда көрермен фонограмма қолданылатын концертке бару-бармау жөнінде өз бетінше таңдау жасайды. Әннің жанды дауыспен орындалмауы билеттің құнына да әсер етеді. Сонымен қатар отырыста сенаторлар «Кей­бір заңнамалық актілерге қалдықтарды энер­­гетикалық кәдеге жарату, су қор­ғау белдеулері және жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Мәулен Әшімбаевтың ай­туынша, Қазақ­станда жиналып қалған тұрмыстық қал­дық­тардың жалпы көлемі 100 миллион тон­надан асады. Соған қара­мастан елімізде оларды қайта өңдеу деңгейі өте төмен. Қазіргі уақытта өңдеу үлесі небәрі 14,9 пайыз ғана. Депутаттардың бастама­шы­лығымен дайын­далған заң жо­басында көмуге жататын қалдық­тардың көлемін азайту үшін оларды жағу арқылы электр энергиясын өндіру ұсынылған. Сенат Төрағасы құжатта энер­гияны кепілді сатып алу те­тігін қолдану мәселесі қарас­ты­рылып, ұсынылғанын да айт­ты.
– Жалпы, бұл заң жобасын қабылдау эко­логияға оң әсер ететіні анық. Өйткені құжат қалдықтардың саны мен олардың полигонға келіп түсуін айтар­лықтай қысқартады. Бұл олар­дың қоршаған ортаға тигізетін зар­дабын төмен­детеді, – деді М.Әшімбаев.
Заң жобасын қарау бары­­сында сенаторлар оның маңыз­­дылығына мән берді. Осыған орай, олар енгізілген түзетулерді тағы да пысықтау керек деп есептеп, құжатты Мәжіліске қай­тарды.  

Е.СЕНБАЙ