2019 жылдың 21 тамызында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев еліміздің жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Осыған орай «Jas Otan» Жастар қанаты студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік орта білім беретін ұйымдар жанындағы студенттік жатақханаларға жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. 2019-2020 оқу жылының басында «Jas Otan» Жастар қанаты «Адалдық алаңы» және құзыретті органдармен бірлесіп еліміз бойынша 270 ЖОО және 375 колледж жатақханаларын тексерді. Мониторинг барысында көптеген жатақхананың санитарлық нормаларға, тұрмыстық жағдайларға сәйкес келмеу және орындардың шамадан тыс толу фактілері анықталды. Анықталған фактілер нәтижесінде оқу орындарының басшылығына ескертулерді жою бойынша ұсыныстар берілді. Күні кеше мониторинг жұмыстары қайта басталды. «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, қазіргі жағдайда студенттердің онлайн форматта білім алып жатқанына қарамастан, жатақханаға қатысты проблемалар өзектілігін жойған жоқ.
«Арман қуып келген ауыл жастарына жатақханалар – екінші үй. Сондықтан шәкірттердің қолайлы өмір сүруі үшін ең жақсы жағдай жасалуы керек. Студенттік үйінде проблемалары бар кез келген студент бізге хабарласа алады. Сондай-ақ студенттердің арасынан жас көшбасшыларды осы акцияға қатысуға шақырамын», – деп мәлімдеді Елнұр Бейсенбаев.Тексерулердің бірінші легі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар, Атырау, Ақмола облыстарында өтті. «Jas Otan» Жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының бастамасымен Ақтау қаласы бойынша студенттерге арналған жатақханаларға мониторинг жүргізілді. Негізінен әлеуметтік нысандардың сапасы, жағдайы, қыс маусымына дайындығы мен жүргізілген құрылыстың нәтижесі қаралды. Мониторингтік топтың құрамында жастар қанатының белсенділері, Ақтау қалалық мәслихатының депутаттары болды. Аталған шара алдымен Х.Өзбекғалиев атындағы политехникалық колледждің №5 жатақханасын қараумен басталды. Жатақхана 180 орындық. 2019 жылы мониторинг қорытындысы кезінде аталған жатақханада олқылықтар анықталып, сын-ескертпелер айтылған еді. Биыл сол ескертпелер қалпына келтірілген.
– Жол картасы аясында жатақхана жөндеуден өтті. Қазір барлық студент үшін жағдай жасалды. Студенттер үшін кір жуатын бөлме, дәмхана, асхана, оқу залы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, жуыну бөлмесі бар. Пандемия бітіп, оқу дәстүрлі түрде жалғасатын болса, біз студенттерді қабылдауға дайынбыз, – дейді колледж директоры Зарипа Шолтанова.Тексерістен өткен тағы бір жатақхана – 180 адамға арналған жекеменшік жатақхана. Әр қабатта демалатын орны, ас үйі орналасқан. Студенттердің сабақ оқып, демалуына толық жағдай жасалған. Нысан иесі алдағы уақытта ғимарат алдынан, студенттерге арнап спорт зал салуды жоспарлап отыр. Бірақ құжаттары дұрыс емес екен. Нысан иесі жауаптылардан осы мәселені шешіп беруін сұрайды.
– Негізі, осы жатақхана айналасындағы жер маған тиесілі. Мен жерді сатып алғанда, жатақхана аумағына кіретін жерді мемлекет жалға беріп қойғанын айтты. Содан соң өзіме қайтып беріледі деген болатын. Бірақ жалға алған тұлға жерді сатып жіберген. Енді сатып алған тұлға жерді маған бермей отыр. Бұл ғимаратты 3 жыл бұрын несие алып, жөндеу жүргізіп, жатақхана етіп қалыпқа келтіріп алдым. Ғимарат алдындағы жер бос тұр, егер маған берілсе, мен сол жерге спорт зал салғым келеді. Осы мәселені маған шешіп беруін сұраймын, – дейді жеке кәсіпкер Шамшадин Гусейнов.Мониторинг алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында, Қарақия ауданында жалғасатын болады. Бұл туралы «Jas Otan» Жастар қанаты МОФ төрағасы Н.Мағдатов мәлімдеді. «Таза сессия» акциясы аясында Қызылорда облыстық «Jas Otan» Жастар қанаты жанынан құрылған мобильді топ та Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №3, №5 және Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жатақханаларына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мобильді топтың құрамында «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының маманы Д.Кенжалиев, «Jas Otan» Жастар қанатының облыстық филиалының кеңесшісі А.Какарманова, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бөлім басшысы А.Смайлов, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры С.Кеңшілік және жастар ұйымдарының өкілдері болды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №3 және №5 жатақханалары 1 200 орын, Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жаңа жатақханасы 330 орынмен жасақталған. Жатақханалар асхана, медициналық пункт, душ, ктіапхана, оқу залы, сыртқы спорт алаңы, тегін интернет Wi-Fi және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың мониторинг қорытындысы бойынша, 3 арнаулы орта білім беру ұйымдарының басшылығына ескертулерді жою бойынша және 1 оқу орнына жаңа жатақхана ғимаратын салу жөнінде ұсыныс берілген болатын. Алдағы жүргізілген мониторинг нәтижесіне аналитикалық талдау жасалып, оқу орындарының басшыларына және құзырлы органдарға арнайы ұсыныс хаттар жолданады. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы белсенділері де арнайы мониторинг тобымен бірге қала жатақханаларында рейд шараларын жүргізді. Комиссия мүшелері С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жатақханаларының корпустарына барып, жатақханаларды аралап, олардың жағдайын тексерді. Студенттердің тыныс-тіршілігімен танысып, сауалдарын тыңдады. Тексеріс барысында ғимараттардың қауіпсіздігінің қамтамасыз етілгені, дәліздерде бейнебақылау камералары орналасқаны және тұрақты қосылып тұратыны белгілі болды. Рейд соңында жатақханадағы мәселелер бойынша тиісті нұсқаулар берілді. Мониторинг тобы алдағы уақытта да жатақханаларға рейд жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Ал «Jas Otan» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалы өкілдері Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжі.Халықтық музыка академиясының студенттер жатақханасына, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі мен қаладағы бірнеше жатақханаларға барып, талаптарға сай болуын тексеріп шықты. Жалпы, облыс бойынша жоғарғы және орта білім ордаларында 27 925 студент оқиды. Індетке байланысты оқу орындарына тиесілі 17 жатақхананың тек екеуінде шетелден және шалғай ауылдардан келген 100 студент орналасқан, олар дәрісті онлайн оқуда. «Jas Otan» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Ғилажевтың айтуынша, өткен жылдың соңы мен 2020 жылдың басында жатақханаларға жүргізілген жұмыстардың нәтижесіндегі анықталған кемшіліктер мен ескертулер бүгінгі күні жойылған. Мониторинг барысында көптеген жатақхананың санитарлық нормаларға, тұрмыстық жағдайларға сәйкестігі анықталды. Қалпына келтірілгенін байқадық. Алдағы уақыттада студенттер жатақханаларына жоспарлы мониторинг жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар, жатақханаларға жүйелі мониторинг аудандарда да өтті. Атырау облысы Құрманғазы аудандық «Jas Otan» Жастар қанаты мүшелері Құрманғазы аудандық аграрлы-техникалық колледжінің студенттер жатақханасы мен асханасына мониторинг жүргізді. Мониторинг барысында 100 орындық екі қабатты жатақхана толықтай күрделі жөндеуді қажет ететіні белгілі болып, «Jas Otan» ЖҚ-ның облыстық бөліміне баяндалды. 120 орындық асхана мен колледж спорт залы өте жақсы күйде. Биылғы оқу жылына 90 студент қабылданған Құрманғазы аудандық аграрлы-техникалық колледжінде қазіргі таңда оқу онлайн түрінде жүруде. Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылындағы Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі жатақханасына мониторинг жүргізілді. Мониторинг жүргізу барысында студенттер үшін қолжетімділігі зерделеніп, кемшіліктер бойынша ескерту мен тиісті ұсыныстар айтылды. Жатақханаларға мониторинг еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын тауып, қазан айының соңына дейін созылады.
Әбілмансұр ЖАСАН, Тұрсын ҚАЛИМОВА