ГМО туралы алты аңыз
ГМО туралы алты аңыз
690
оқылды

Дүкен сөрелерінен «ГМО-сыз» деген жазуы бар өнімді көргенде денсаулыққа пайдалы екен деген ой түйетіндер көп. Сонымен қатар құрамында бар болса, сәйкесінше, зиян деп қабылдау түсінігі де қалыптасқан. Сонда ГМО деген не? Шынында, кері әсері бар ма? Гендік модификацияланған ағзаларға қатыс­ты алты аңыздың ақ-қарасын ажыра­тайық.

ГМО жегендер мутантқа айналады

Бүгінде ғалымдар түрлі зерттеу жүргізіп, нақты дәлелдер келтірсе де, жұртшылық арасында осы аңыз әлі күнге дейін өзекті. Бұл тараптың айтар уәжі мынадай: гендік өзгеріс жасалған өнім адам генін де өзгертеді-мыс. Егер дәл осы схема расында солай жұмыс істейтін болғанда, картоптың өзгеріске ұшы­раған гені біздің ДНҚ-мызға еніп, ендігі өзгертетінін өзгертер еді. Бірақ ДНҚ-мыз азық-түлік гендерінен мықты қорғалған, сондықтан қорықпауға болады. ГМО мен олардың тамаққа қолданылуын ондаған жылдан бері ғалымдар зерттеп келеді. Осы уақыт ішінде аяқасты мутацияға ұшырау фактілері кездеспеген.

ГМО деген – у 

Негізі, ГМО-ны өнімнің қасиетін жақ­сарту үшін қосады. Айталық, сол ар­қылы көкөністер тезірек өсіп, көпке дейін бұзылмай, зиянкестермен жақсы кү­ре­седі. Қарап тұрсақ, организмдерді өзгер­тіп, сұрыптайтын бірнеше ғасырлық дәстүрлі селекцияның да айналысатыны – осы. Айырмашылығы сол – асықпай іріктейді. Ал ГМО технологиясындағы ерекшелік сол – генді өзгерткенде оның қандай, қалай және неге өзгеріске ұшырап жатқанын анық біліп отырады. Өзгертілген сорттар тәптіштеп зерттеледі, сипаттамасы айқын. Еш құпия жоқ.

 ГМО болмаса, пайдалы деген сөз

Өнімнің қаптамасында «құрамында ГМО жоқ» деген сөз онда ГМО жоғын ғана білдіреді. Яғни, бұл өте пайдалы не зиянсыз деген сөз емес. Мәселен, кәдімгі бақшада өзіңіз бақшада аялап өсірген картобыңыз тыңайтқышқа аузы-мұрны тойған болып шығуы мүмкін. Соның салдарынан уланып қалуыңыз да әбден мүмкін. Болмаса, тез дайын болатын кеспелердің сыртындағы «ГМО-сыз» деген жазу оның денсаулыққа пайдалы екенін білдіре алмайды. Сол сияқты ГМО-ның ізі де жоқ маргариннің құрамын қарасаңыз, одан әлдеқайда зиян трансмайлар барын байқауға болады.

 Бәрі ақша табу үшін

Бұл енді шындық. Себебі ГМО-ны қоса­тын бірден-бір себеп – өнімнің бағасы арзан, алатын адам көп болуы үшін. Сонымен бірге одан барынша көп тауар жасап шығарып, оны да тезірек сату мақсаты тұрады. Мәселен, ең алғашқы ГМО-қызанақ сорты ұзақ уақыт бойы бұзылмайтындай етіп жасалған. Бірақ бір айта кетерлігі, ол жерде қызанаққа өзге бір ген қосылмаған. Бар болғаны, өзінің бір генін алып тастаған.

Түрлі ауруларды тудырады

Әсіресе, бедеулік, қатерлі ісікке себепкер деп жатады. Шын мәнінде, бұған қатысты зерттеулер нәтижесінде ауру тудыратыны дәлелденбеген. Бірақ аллергия болуы мүмкін екені шындыққа жанасады. Неге десеңіз, тамаққа болатын аллергия – организмнің бөгде ақуыздарға деген реакциясы. Яғни, теория бойынша, ГМО-дан жасалған кез келген ақуыз аллергия тудыруы мүмкін. Ал одан бөлек сөздерге ғылыми тұрғыда негіз жоқ. Әйтсе де, ГМО-ға тыйым салуды қол­дай­тындар көп.

 Айналаның бәрі – ГМО

Мұндай аңыз да кең тараған. Тас лақтырсаң, ГМО-ға тиеді-мыс. Жалпы алғанда, қандай өнімдерде ГМО кездесетіні туралы айтар болсақ, мұнда ұзақ тізім жа­сауға болады. Мысалы, қоюлатқыш тү­рінде ГМО йогурттарда, ірімшіктерде, ма­йонез, соустарда кездесуі мүмкін. Ал не­гізгі масса ретінде соя, консервіленген жү­гері, шұжық өнімдерінде болады. Егер ден­саулығыңызды ойлап, құрамында ГМО-сы жоқ азық-түлік алуды қаласаңыз, бар болғаны құрамына көз салсаңыз жетіп жатыр. Заңнама бойынша, егер құрамына гендік модификацияланған организм болса, оны міндетті түрде көрсету керек. Сол үшін құрамын қарағанда, модификацияланған деген сөзді іздеңіз. Мысалы, «модификацияланған крахмал», «модификацияланған соя немесе жүгері» деп тұрса, демек ГМО дегеніңіз сол. Сонымен бірге «ГМО-сыз» деген белгісі бар азық-түлікті де көп кездестіруге болады. Бір жағы өнімді алуға шақыратын жарнама екені де бар. Дегенмен бұл жазылғанға толықтай сенуге де болмайды. Өйткені құрамында өте аз мөлшерде болсын, болуы әбден мүмкін. Ал тұз, минералды су, өсімдік майында онсыз да гендік модификацияланған организм болмайды.

Айша ЕРСҰЛТАН