Екінші лиганың 5-ші туры аясында өткен «Кызыл-Жар СК Ж» – SD Family арасындағы ойынға қатысты үлкен дау туындады. Бұл кездесу 9-0 есебімен солтүстік қазақстандық ұжымының пайдасына шешілген болатын. Ірі жеңілістен соң әлеуметтік желідегі спорттық парақшаларда ойынның сатылғаны жөнінде дәлелсіз ақпараттар тарады.
Осыған байланысты аталған кездесуге Қазақстан футбол федерациясы және Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы тексеріс жүргізді. Атап айтқанда, сол ойындағы букмекерлік кеңселердің котировкалары, Live режиміндегі коэффиценттер және ойынның бейнежазбасы толықтай зерттелді. Сонымен қатар ойынның ресми өкілдерінен матч жайында сұрау жұмыстары қолға алынды. Күні кеше ғана әділ ойын қағидаларын сақтауға қатысты тексеру іс-шаралары аяқталды. «Қызыл-Жар СК Ж» командасының голдарына арнайы тігілген ұтыстарға қатысты коэффиценттердің жылдам өзгеруі байқалмағаны анықталды. Бұл туралы ұтыс тігу орталықтарындағы мамандар да хабарлады. Қазақстан ішінде және өзге елдерде көп голдың соғылуына үлкен көлемде ұтыстардың тігілмегені белгілі болды. Сондай-ақ бейнетаспаны талқылау барысында Қазақстан футбол федерациясының мамандары ойын кезінде екі тараптан да спорттық күрестің болмағанын білдіретін әрекеттердің байқалмағанын айтып, ортақ шешімге келді. Екі команда үшін де бұл ойынның маңызы жоғары болды, себебі кездесу алдында қос команданың топта бірінші орын алатын мүмкіндігі болды. Елімізде өтетін спорттық шаралар кезінде мұндай даулы мәселелер бір емес бірнеше рет болған. Осы ретте Қазақстан футбол федерациясы серіктестердің көмегімен спорттық нәтижелері әділ емес ойындарды әрдайым бақылап, мамандардан кеңес алып тұратынын айта кеткен жөн. Біз өз кезегімізде SD Family футбол клубының баспасөз қызметкері Едіге Ержаннан сол ойын жайында сұрадық.– «Қызыл-Жар СК Ж» командасымен өткен кездесуден кейін «бұл келісілген матч, ойын сатылған» деген сарындағы түрлі қауесеттер тарап кетті. Сонымен қатар ертесіне «Тобыл» футбол клубының жанкүйерлері өздерінің спорттық парақшаларына «Қызылжарды бірінші орынға шығару мақсатында қос команда келісілген ойын өткізді, ойында мұндай ірі есеп тіркелуі мүмкін емес» деп жазыпты. Сол парақшадан Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы және Қазақстан футбол федерациясының мамандары көріп, ойынды тексеру туралы шешім қабылдады. Анығы, бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Сондықтан ойынның толықтай тексерілгенін қаладық. Әрине, әділ шешім қабылдағанына ризамыз. Жалпы, сол ойынды енді еске алғымыз келмейді. Қорқынышты түс көргендей болдық. 9-0 деген біз ойламаған, біз күтпеген есеп. Команда кездесуге жақсы көңіл күймен шықты, ойында жеңіске жетуді ойлады. Бас бапкер де, команда да маңызды ойынды жақсы нотада аяқтағысы келді. Кездесуден үш күн бұрын «Астанамен» ойнаған болатынбыз. Жеңіліп жатып, соңғы минутқа дейін толассыз шабуыл ұйымдастырып, елордалықтардан басым түстік. Яғни, қиын матч өткіздік. Ойыншылар да көп күш жұмсап қойды. Содан да шығар, «Қызыл-Жар СК Ж» командасымен ойында өз дегенімізге жете алмадық. Ал бір тур бұрын өтуі «Қызыл-Жар СК Ж» «Рузаевкамен» ойнауы керек еді. Бірақ матч өтпеді. Өйткені қарсылас команда ойын алдында коронавирусқа қарсы тест тапсырмады. Сол себептен олардың футболшылары бізге қарағанда әлдеқайда тың болды. Негізі, «Қызыл-Жар СК Ж»-мен ойын бірінші турда өтуі тиіс болатын. Олардың бапкерлік құрамынан коронавирус анықталып, кездесу өтпеді. Біздің командаға үш ұпай берілуі тиіс еді. Бірақ неге екені белгісіз, матч кейінгі турға шегерілді, –деп ішкі біріншіліктегі бірқатар түсініксіз шешімдердің де болғанын атап өтті.Команданың негізін қалаушы Дидар Сыдықбек те ойын туралы пікірімен бөлісіп, команданың атына қара күйе жаққысы келген адамдардың әрекеті жүзеге аспағанын айтты.
– Матч аяқталған кезде мән-жайды сұрап, сұрақтарын жаудырған адамдарға бұл ешқандай келісілген ойын емес екенін айттым. Жеңілісімізге бір есептен, Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының да кінәсі бар. Біз «Астана М» командасымен өткен ойыннан кейін екі күн демалып, үшінші күні қайтадан алаңға шықтық. Ал «Қызыл-Жар СК Ж» бір апта бойы демалды. Олай істеуге болмайды ғой. Әрі бұл кездесуге «Қызыл-Жар СК Ж» командасының негізгі құрамының 3-4 ойыншысы қатысты. Ірі жеңіліске сондай факторлар әсер етті деп ойлаймын. Футбол болғаннан кейін мұндай есептер тіркеледі. Біз тұрмақ Бразилия ұлттық құрамасының өзі Германиядан өз алаңында 7-1 есебімен жеңілген. «Барселона» да «Бавариядан» 8-2 есебімен ойсыра ұтылды. Қайта бұл жеңілістен кейін команда бұдан да мықты бола түсетініне сенемін. Тексеріс болды, таза ойын өткені анықталды. Мұндай негізсіз қауесет таратқан адамдар, бізге хабарласып команданың атына кір келтірген журналистер, өзге команданың мүшелері бізден кешірім сұрауы тиіс, – дейді команда капитаны.Расымен, жалған ақпарат таратқан адамдардан да жауап алынғаны жөн. Өйткені мұндай негізсіз айып кімге болмаса да кері әсер етері сөзсіз. Бұл әрі клубтың қызметкерлері мен ойыншылары үшін ауыр соққы болды. Ең бастысы, дер кезінде тексеріс жүргізілді, соған сай шешім шығарылды. Көптің талқысына түскен даулы мәселеге осылайша нүкте қойылды.
Абылайхан ЖҰМАШ