Құралай Нұрқаділова қыздарға ауруды алдын алу туралы айтты
Құралай Нұрқаділова қыздарға ауруды алдын алу туралы айтты
283
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Дүниежүзілік сүт безі обыры туралы хабардар болу күні шеңберінде Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде онколог-маммолог мамандардың қатысуымен студенттерге тегін консультациялар беріліп, тексерулер жүргізілді. Іс-шараға белгілі қазақстандық дизайнер Құралай Нұрқаділова да қатысты.

Бұл күнді өткізудің мақсаты – студенттердің, болашақ аналардың осы аурудың алдын алу тәсілдері мен ерте анықтау туралы хабардар болуын жоғарылату. 

Көшпелі медициналық  тексеріс  барысында   онколог-мамолог дәрігер Закарья Олжас Мұратұлы  қыз балалардың денсаулығын күту мен ауруды алдын-алу шараларының маңыздылығын айта отырып,  сүт безі обыры ауруын ерте анықтауға арналған үй жағдайында тексерісті қалай және қаншалықты жиі жүргізудің  тәсіліне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, Құралай Заманбекқызы денсаулық сұрақтарына аса жауапкершілікпен қарайтынын айта отырып, жиналған жас буын өкілдеріне денсаулық мәселесіне қатысты ақпараттармен жиі танысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

– Сән әлеміне келгелі бері мына жайтты байқадым: денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын сау адам – ол сұлу адам. Өйткені «денсаулық» және «сұлулық» ұғымдары біртұтас. Бүгінгі көшпелі іс-шара үшін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасына шынайы алғысымды білдіремін, өйткені мамандардың консультациялары мен медициналық қарап-тексеру аурулардың, әсіресе онкологиялық аурулардың алдын алып, оларды ескерту үшін маңызды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, мен өз құрбы-құрдастарыма, сіңлілеріме – болашақ аналарға өз денсаулығын сақтауға кеңес берер едім, өйткені ананың денсаулығы – ол бүкіл ұлтымыздың денсаулығы, – деді Құралай Заманбекқызы.

Көшпелі медициналық тексеріс  Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, шара аясында 200-ге жуық студент сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерісті  толықтай  өтті. Ультра дыбыстық зерттеу, қан құрамын талдау және мамолог, терапевт дәрігердің кеңесі Университет қабырғасында жүргізілді.