Жеңіс туын тіккен – Рақымжан
Жеңіс туын тіккен – Рақымжан
552
оқылды

Қосшы ауылының мәдени орталығында «Жеңіс туын тіккен – Рақымжан Қошқарбаев» атты тарих сағаты өтті.

Іс-шара кітапхана мен мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайының қатысуымен өткізілді. 

1939 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыс алты жылға созылған. Бұл соғысқа 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Ақмоланың өзінен соғысқа 5 дивизия мен 1 автобатальон жасақталып, жіберілген. Ал Ақмола ауданынан фронтқа 15 мың адам шақырылған. Қосшы мен Тайтөбе ауылынан 80-ге жуық жауынгер шыққан. Соның арасында 1-Беларусь майданы 674-атқыштар полкінің барлау взводының командирі Рақымжан Қошқарбаев болды.

– Жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Бірақ саналы ғұмыры осы Қосшы ауылының іргесіндегі Тайтөбе ауылында өтті. Бала Рақымжан анасының мейіріміне қанып өспеді. Еркелеп жүретін шағында, 4 жасында анасынан айырылды. Әкесі баласына жетімдіктің дәмін көрсетпеуге тырысты. Бірақ 1937 жылдың күзінде әкесі саяси жалған жаламен  сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдауға жіберілді. Ол кезде Рақымжан бар-жоғы 13 жаста еді. Онымен бірге әкесінің үш бірдей бауыры да осындай жаламен айдалған еді. «Халық жауының баласы» атанған ол, ауыр жұмысқа жегіледі. Кейін Тайтөбедегі балалар үйінде тұрып, сондағы мектеп-интернатта білім алған. 

Сөйтіп, 1941 жылы ол соғыс басталғаны жайында суыт хабар естиді. Ол кезде Рақымжан бар-жоғы 17 жаста. Жастығына қарамастан ауылдағы ер-азаматтармен қатар майдан шебіне сұранады. Содан келесі жылында Қазақстан және Орта Азия Сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетаудағы атқыштар полк қатарына алынады, – дейді Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайының ғылыми қызметкері Алмагүл Жанбутина.

Соғыс 1945 жылы 30 сәуірде аяқталған еді. Сол күні 21 жастағы Рақымжан Қошқарбаев пен 19 жастағы атқыш Григорий Булатов екеуі жаудың қарша жауған оғының астында Рейхстагта жауынгерлік туды көтерген еді. Оның бұл еңбегін полк командирі лейтенант Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беруді ұсынған, бірақ ол тек Қызыл Ту орденімен марапатталды.  Әділеттілік тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін орнатылды. Өйткені 2001 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен Рақымжан Қошқарбаев «Халық Қараһарманы» атағы берілді.

– Рейстагқа ту тігу үшін ең үздік 9 барлау тобы жасақталған. Соның ішінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов  қарша жауған оқтан, жан-жағы толған мәйітердің арасынан 300 метрді 7 сағат бойы аунап отырып, жеткен. Туды ілетін жерді көрген Қошқарбаев бірден шығып, бойы жетпейтінін түсінді. Содан Булатовты иығына шығарып, туды ілдірткен. Әлгі жерден секіріп түскенде Қошқарбаев аяғын жарақаттап алған соң, қансырап қалмау үшін артқа қайтады. Ал Булатов келесі топтың келуін күтеді. Оның өзі бір сағаттан кейін бірақ жетеді. 

Полк командирі Дивченко Конталиев пен Егоровқа туды жоғарырақ қоюға бұйырған. Міне, содан олар аталып кетті. Қазір сол ту Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайында сақтаулы. Ресейдің Қорғаныс мнинистрі Шайгу сол кездегі Қорғаныс министрі Тасмағанбетовке сол тудың көшірмесін берген. Сол ту бізде сақтаулы, – дейді «Мемориалдық аймақ» қазақстандық іздеу бөлімшесінің негізін қалаушы,  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайнов. 

Кеш барасында ол кісіге Рақымжан Отарбаевтың немере-қарындасы Рымкеш апа "Рақымжан Отарбаев" орденін тақты.

Сонымен бірге, кеште Әскери тарих мұражайы мен 60-мектеп-лицейдің Әскери даңқы Музейінің коллекциялары көрсетілді. Оған қоса, кешке  Рақымжан Қошқарбаевтың немере-қарындасы Рымжан Мұсабекқызы, ардагерлер кеңесіның төрағасы Болат Жанат, Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Какабаева қатысып, ақын, бард Асқар Сағынаев өлең оқып, Нұр-Сұлтандағы 60 мектеп-лицейі мен №1 мектептің оқушылары әскери даңқы бұрышымен таныстырды. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери патриоттық орталығы ансамблінің әншілері, №2 Тайтөбе студенттері мен орта мектеп оқушылары көрермендерджі өнерімен тамсандырды.