Жалған дипломмен сабақ беріп жүр

Жалған дипломмен сабақ беріп жүр

Ақмола облысында 12 мұғалім жалған дипломмен жұмысқа тұрған. Арасында 2 жыл бойы математикадан сабақ берген мұғалімдер бар. Педагогтер тергеу барысында дипломды біраз ақшаға сатып алғанын мойындаған. Ал  Түркістан облысында сырттай бітірген мұғалімдердің үлесі 80 пайыздан асады.

Ақмола облыстық Полиция департаменті анықтағандай, жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалімдер математика, қазақ тілі пәнінен сабақ берген. Олар аудандық білім бөліміне жоғары білім жөнінде жалған диплом тапсырған. Мәселен, департамент қызметкерлері тексере келе өңірдегі ауылдың бірінде тұратын 31 жастағы әйелдің жалған диплом өткізіп, жұ­мысқа кіргенін дәлелдеген. Айта кетерлігі, 12 мұғалімнің бәрі 2 жыл бойы мектепте жұмыс істеген. Педагогтердің үстінен Қылмыс­тық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Яғни, олар жалған құжат тапсырғаны үшін жауапқа тартылады. Қызығы, мұға­лімдер жұмысқа кірерде дипломның жалған екенін білген. Әрі оны сатып алу үшін қыруар ақша жұмсаған. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, көп өтпей мұғалімдердің қулығы әшкере болды. Бұдан бұрын да ақтөбелік 34 педагогтің жалған құжатпен жұмыс істеп жүргені анықталған-ды. Соның ішінде 7 мұғалім арнаулы білім беретін колледждерде, 11-і мектеп­терде және 13 тәрбиеші балабақшада тәлім бер­­ген. Мысалы, музыкалық кол­леджде фортепиано сыныбында біліктілік құжаты дәлелденбеген 5 педагог дәріс оқыған. Ал мұғалімдер тапсырған диплом Қ.Жұбанов атын­дағы университетке тиесілі. Бірақ тексеру жұмысы аталған универ­­­ситетте мұндай мамандарды даяр­­лайтын факультеттің жоғын көр­сеткен.

Диплом саудасына тоқтау бар ма?

Ақтөбедегі жағдайдан кейін өңірлік прокуратура дабыл қағып, ел ішінде диплом саудалаған 19 интер­­нет-парақшаның жұмысын тоқта­­туын талап еткен. Өйткені қоғамда көлік жүргізу куәлігін, жалған тур­агенттік жолдамасын сатып, қала берді жалған ақша жасайтындар бар. Диплом сататындар арнайы сайт ашып, серіктес университеттердің тізімін көрсеткені мәлім болған-ды. Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мұндай сайттарды қатаң қадағалап отыра­тындарын айтқан. Вице-министр мәлімдемесінде интернет-ресурсты бұғаттауды арнайы органдарға тапсы­ратынын көрсеткен. Жалған дипломды анықтау оңай ма? Вице-министр сөзіне сүйенсек, білім беру мекемелері берген құжаттар Ұлттық білім беру деректер қорында сақталады. Демек, арнайы нөмірлерді теру арқылы дипломның рас-өтірігін білуге болады. Өйткені Рүстем Биғари министрлікке дипломның жалған, яки жалған емесін тексеруге өтініштің жиі түсетінін айтқан. Білім беру деректер қорының артықшылығы қандай дерсіз. Жүйедегі ақпаратты өзгерту мүмкін емес. Ал деректер қорындағы ақпарат оқу орнындағы мұрағат құжаттарымен сәйкес келуі керек. Артынша дипломды тексеру үшін университет базасын, бұйрық пен тіркеу журналы арқылы құжаттың сериясын тексереді. Осылайша, дипломның заңды сипатын анықтай аламыз. Егер оның жалған екені айқындалса, Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жауапқа тар­тылады. Аталған баптың 1-тармағына сәйкес, қылмыскерге 2 000 АЕК көлемінде айыппұл салып немесе 2 жылға бас бостандығынан айыруға болады. Жалған құжатқа тапсырыс бергендер де жасасыз қалмайды. Олар 40 тәулік бойы қамауда отырады. Бұл жазаны орындағысы келмегендер 445 мың теңге айыппұл төлесе жеткілікті. Мысалы, қостанайлық 50 жастағы тұрғын жұмысқа тұру мақ­сатында жалған диплом ұсынғаны үшін жазаға тартылды. Мұнда да мониторинг тобының көмегі керек. Өйткені елде 131 жо­ғары оқу орны мен 781 колледж бар. Президент те тек диплом басатын оқу орындарының санын қысқартып, сапалы білім беру ісін қолға алуға пәрмен берген-ді. Өз кезегінде министрлік бірнеше оқу орнын жауып, сүзгіден өткізуді бастап кетті.

Сырттай бітірген мұғалім

Тек диплом басатын ЖОО-лардың жайына келсек, елімізде сырттай білім алу жоқ дегенімізбен, бейресми түрде бар. Әлі де ақшасын төлеп, оқу орнына бармай, диплом алу көрсеткіші жоғары. Нұрмұхамет Досыбаев ұсынған ақпарат бойынша, 2016 жылы Шымкент қаласында әрбір үшінші мұғалім сырттай білім алған. Қазір қаладағы сырттай білім алған мұғалімдердің үлесі – 21%. Ал Түркістан облысында мұға­­лімдердің 80%-ы оқу орнын сырттай бітірген. Бұл деректі Түркістан об­лыстық Адами әлеуетті дамыту бас­қармасының басшысы Рахымбек Жолаев растады. «Шымкентте дипломдарды бәліш сатқандай сатады. Ол әлі тоқтаған жоқ. Пара беріп мектепке еден жуушы болып кіреді. Айлығы 40-50 мың теңге, ал мұғалімдер 150-200 мың алады. Осыдан кейін еден жуушы сырттай оқып, мұғалім болып алған жағдай көп», – деді Рахымбек Жолаев Adal Bilim жобалық офисінің онлайн жиынында. Адами әлеуетті дамыту басқар­масы басшысы 2021 жылдан бастап білім саласындағы басқару жүйесі өзгерсе, жұмысты аудандық білім бөлімдері басшыларының дипломын тексеруден бастау керегін нұсқады. Оның айтуынша, мектеп дирек­торлары мен мұғалімдердің де дип­ломын тексеру керек. Ал Рахымбек Жолаев айтқан басқару жүйесіндегі ерекшелік неде? Жаңа жылдан бастап жергілікті білім бөлімдері білім бас­қармаларына қарайды. Демек, аудан мен қала әкімдігі білім саласына бас қатырмайды деген сөз. Яғни, ауыс-түйіс, барыс-келіске облыстық Білім басқармасы жауап береді. Көпшілігі бір ғана облыстық Білім басқарма­сының жер-жердегі мектеп­терге шамасы жететініне күмәнмен қарай­ды. Алайда белсенді мұғалімдер бұл өзгерістің білім жүйесін жаңа биікке көтеретінінен үмітті. Десе де, олар мектептің жайына әкім, облыстағы Білім басқармасы емес, тікелей ми­нистрліктің араласқанын қалайды. Сонда ғана жалған дипломмен жұ­мысқа тұру, пара беру, мұғалімді қудалау фактісінің азаятынына се­неді. Бұл мәселені мұғалімдер БАҚ бетінде, ток-шоу мен онлайн жиын­дарда жиі көтергенімен, министрлік үнсіз. Жауапты орган алдымен жаңа жүйені сынап көргісі бар. Егер облыстағы Білім басқармасы өңірдегі білім бөлімдері жұмысын реттей алмаса, басқа шешім қабылдары анық. Ал оған дейін сіз бен біз жағ­дайды бақылап көрелік. Мүмкін білім саласындағы жаңа басқару жүйесі жалған дипломмен жұмыс істеудің жолын кесер.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ