Қазақстандықтар ит пен мысыққа таласып жатыр. Бір тарабы: «қаңғыбас үй жануарларынан қауіп көп, оларды жаппай аулап, атып тастау керек» десе, қарсы жағы: «қоғам жауыз болып барады, мемлекет ізгілік танытып, бұларға көбірек пана ашуы қажет» деседі. Ал Алматы осы салада бұрын-соңды болмаған бағдарлама әзірледі. Өйткені еліміздің ең ірі мегаполисі үшін бұл мәселе көкейкесті: жыл сайын 21 мыңдай ит пен мысық ұсталып, өлтіріледі.
«Адамзаттың қатыгездігінде шек жоқ»
Негізі, үйсіз-күйсіз жануарларды еш кінәсіз «ең жоғарғы жазаға» кесуге адамзаттың қақысы жоқ. Олар да Тәңірдің жаратқан мақұлығы. Оларды қабаған, долы ететін адамдардың өздері. Түркістан облысы Жетісай қаласының белсендісі Мария Мацко өлімнен қашқан иттерді көргенде жүрегі жаншылып, алқымына ашу, көзіне жас тығылатынын айтады. Бас сауғалар жер, жанын аман сақтап қалар пана таппай аласұрған жануарлар тапа-тал түсте ұлып, бір жерде ұйлыға қыңсылап, көрген жанды жыларман етеді екен.«Бізде Константин деген адам бар. Дүркін-дүркін мұздай қаруланып, таң азанда қала көшелерін аралап, кездескен, көзі түскен иттерді еш себепсіз атып тастайды. Қаңғыған ит пе, әлде иесі серуендеп келсін деп үйінен шығарып жіберген бе, оған бәрібір. Тұрғындардың көбі оны қолдайды, «қаланы тазалап жүр» деп санайды. «Ол ауру жануарларды азаптан құтқарады, әйтпесе олар балаларға залал келтіреді» деп ақтайды. Алайда бейшара жануарларды адам баласының өзі соған арандатады. Үлкені-кішісі көре қалса, тас, таяқ лақтырады, әдейі ызаландырады. Олардың аянышты тағдыры ешкімді алаңдатпайды», – дейді М.Мацко.Ол мұндай қаскөйлікке тосқауыл қойылуы керек деген пікірде. Шығысқазақстандық Тыныскүл Сабырбай иттерді босқа қыруға қарсы.
«Өскеменде иттерді ату науқаны іске асырылып тұрады. Жергілікті жұртшылық мұндай қаскүнем тәсілге қарсы. Біразы петицияға қол қойды. Мемлекет дамыған елдер қатарына ұмтылып отыр екен, солардағыдай пана ашуы, өз бетінше көбеймеуі үшін стерилизациялауы, адамдарға бас тартқан жануарларын сонда тапсыруға мүмкіндік жасауы керек», – дейді ол.Айта кету керек, бүгінде елімізде 237 ветеринарлық станса бар. Біраз өңірде жаңадан қабылданған ережелерге сәйкес, кезбе жануарлар ауланған соң алдымен уақытша ұстау изоляторына жеткізілуі тиіс. Онда олар 2 ай ұсталады. Осы кезеңде қожайыны іздеп келсе, соған табысталады. Иесіз жануарға волонтерлер жаңа қожайын іздеп табуға тырысады. «Сұраныс» болмаған ауру, емделмейтін дерті бар жануарға «ізгілікті өлтіру» (эвтаназии) қолданылады: яғни денесіне улы препарат егіледі. Өлексесі инсинераторда жойылады. Дегенмен біраз өңірде жануарлар мүрдесін жағатын арнайы пештер жоқ немесе істемейді. Мысалы, СҚО-ның «Үй жануарларын ұстау ережелерінде»: «қоғамдық жерлерде, көшелер мен парктерде иесiз жүрген иттер мен мысықтар иесiз қаңғырып жүргендер болып саналады, олар ұсталып немесе атылуы тиiстi» деп ашық жазылған.
«Иттен келер қауіп көп»
Азаматтардың екінші бөлігі көше кезген жануарлардан үрейленеді. Алматылық қоғам белсендісі Татьяна Тевелевич ит ату мәселесі бойынша қала әкімін 2016 жылдан бері үздіксіз мазалап жүр.«Біздің Ақсай-1 ықшамауданындағы спорт мектебі жанында және үй аулаларында қаңғыбас иттер қаптап кеткен. Аналар кішкентай балаларымен бірге серуен құрады. Сорақысы сол иттер көше мысықтарын да, көршінің кішкентай ғана чихуахуа итін де талап, парша-паршасын шығарды. Балалар жаны ашып, таланған, қан-қан мысықтарды қолдан тамақтандырып жүреді. Бір жолы иттердің велосипед тепкен балаларды қуалағанына куә болдым», – дейді ол.Қала белсендісі ит аулайтын қызметтерге әлденеше рет хабарласыпты. Бірақ нәтиже болмаған. Ақмола облысындағы Целиноград ауданының Қызылсуат кентінің тұрғындары да иесіз иттердің есіріп алғанына шағымданған болатын. Елді мекен Нұр-Сұлтанның іргесінде, 20 шақырым қашықта орналасқан.
Бұған кенттің қоқысқа көмілуі себеп болуы мүмкін: онда тұрмыстық қатты қалдықтарды орталықтандырылған түрде әкету жолға қойылмаған. Наразы қызылсуаттықтар былтыр бірнеше рет жолға шығып, тасжолды жапты, БАҚ-ты шақырды. Іргесінде отырғандықтан, олар Нұр-Сұлтан әкімдігіне өтініш жазыпты. Елорда әкімдігі өз аумағына жатпайтындықтан, шағымын елеусіз қалдырған. Ал Ақмола облысы мен аудан әкімдігі «мәселені шешпейді», – дейді қызылсуаттықтар.Ауыл жақта аш иттер малды тамақтап не жаралап кететін кезі болады. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жергілікті бюджет мүмкіншілігіне қарай аталған кенттің мәселелері шешімін тауап жатқаны туралы құлағдар етті.
«Қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау және көзін жою аудан бюджеті есебінен жүргізіледі. Қазіргі кезде аудан бойынша 2 329 ит ауланып, өлтірілді. Соның ішінде Талапкер ауылында 447 ит, Қызылсуат ауылында 37 ит ұсталды. Целиноград ауданында кезбе иттер мен мысықтарды аулаумен «Төрт түлік» коммуналдық кәсіпорны айналысады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда», – деді әкім.Жалпы, елде иттен зардап шеккен адамдар саны мыңдап есептеледі. Мысалы, 2017 жылы – 4 305 адамды, 2018 жылы – 4 457, 2019 жылы – 4 794, ал 2020 жылғы 7 айда 1 937 адамды ит қапқан. Яғни, мұндай оқиғалар жыл сайын орта есеппен 3-8%-ға артуда.
Иесіз иттер Instagram-ға шығады
Осы орайда, алғашқы болып Алматы қаласы «Мейірімді қала» жануарлардың әл-ауқатының жол картасын» бекітуде. 2021-2024 жылдарға арналған жобаның мақсаты – жануарларды күтіп-ұстаудың адамгершілік қағидатына негізделген жағдай жасау, үй жануарларының санын реттеу, Petcontrol бірыңғай дерекқорына енгізу. Алматыда бүгінде 99 мың 289 ит пен мысық тіркелген. Қалада 3,5 жыл ішінде 69 мың 300 қараусыз ит пен мысық ауланған, соның ішінде осы жылдың 8 айында 12 мыңы «құрықталды». Біразы көрші облыстардан ауып келеді. Олардың кейінгі тағдыры не болды? Аз бөлігі ғана ескі және жаңа иелеріне тапсырылған: 2017 жылы – 3 315-і, 2018 жылы – 2 817-сі, 2019 жылы – 2 148-і және 2020 жылдың бірінші жартысында – 1 280-і. Қалғаны өлтірілді: 2017 жылы – 21 000, 2018 жылы – 14 400, 2019 жылы – 16 200, 2020 жылдың 8 айында – 11 200 ит пен мысық.Елдос СЕНБАЙ