Шымкент әкімдігін сотқа берген кім?
Шымкент әкімдігін сотқа берген кім?
127
оқылды

Соңғы кездері Шымкент қаласы әкімінің басынан бұлт арылмай қойды. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, үшінші мегаполис әкімінің әрекеті көпшілікке ұнамай барады. Себебі ол тарихы тереңде жатқан алып шаһардағы анау-мынау емес, ірі нысан­дарға қол сала бастады.

Естеріңізде болса, қала билігі өт­кен айда Асанбай Асқаров салып кет­кен атшаптырым ипподромды BI Group құрылыс компаниясына са­татыны туралы хабарлағанда халық шулап, қоғамда қызу пікірталас туған. Қала әкімдігі оның себебін жан-жақты дәлелді дәйектермен түсіндіріп, ақталғанымен, қоғам қабылдай алмады. Енді, міне көп ұзамай сау­даға қатысты тағы бір мәселенің басы қылтиды. Бұл жолғы жырдың бәсі бөлек. Шымкент қаласының халықа­ралық әуежайы сатылмақ. Бұл туралы газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде де жазғанбыз. Еске салсақ, бүгінгі таңда Шым­кент қала­сының Жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқар­масының теңгерімінде тұрған әуежай сенімгерлік басқаруға берілмек. Яғни, нысан жеке тұлғаға сатылады. Са­тып алу құқығымен сенімгерлік бас­қаруға беру үшін жарияланған тен­дер бойынша әуежайдың бастапқы құны – 5,2 млрд теңге, нысанның ке­піл­дік жарнасы 785,1 млн теңге бо­лып бекітілген. Алайда кейбір қоғам белсенділері бұл бағаны өте төмен деп есептейді. Енді бірі аталған сауда-саттықтың тез арада өтіп жатқанына күмәнмен қарайды.  Әсіресе, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың бұл сауда әлдебіреулерге тиімді болуы мүмкін,  себебі 10 жыл бойы сенімгерлік басқаруға берілетін әуежайды сатып алуға өтінім беру бар-жоғы 18 қыркүйек пен 8 қазан ара­лығына ғана белгіленуі күдік туғызады деген пікірін қолдаушылар көбейді. Осылайша, тағы да қоғам талқысына түскен бұл нысан конкурс уақыты келсе де, әзірге сатылып кете қойған жоқ. Себебі бекітілген мерзім аралығында тен­дерге 1 ғана компания өтінім бер­ген. Ал заң талаптары бойынша 1 компаниямен конкурс өткізуге болмайды. Сондықтан тен­дерге қатысуға өтінім беру мерзімі қайтадан 14 қазанда хабарландырылып, бай­қаудың қорытындысы енді  3 қарашада шығады. Ендігі мәселе, SCAT әуе­компаниясы Шымкент қаласы әкім­дігін сотқа беріп отыр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының аудан­аралық мамандандырылған экономикалық сотында осынау акционерлік қоғам­ның қала әкіміне және әкімдікке, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қаржы бас­қармасына қатысты талап арызы қаралуда. Әуекомпания қала әкімдігінің сенім­ді басқаруға беру туралы қау­лысына наразы. Ол сотқа берген талап арызында осы қаулыны жоюды және сенімгерлік басқаруға беру туралы тендер өткізуді заңсыз деп тануын сұрай­ды. Сонымен қатар нысанды сату туралы хабарландыруды мәжбүрлі түрде алып тастау бойынша талап арыз беріп отыр. Шымкент SCAT әуекомпаниясы әуежайды сенім­герлік басқаруға беруге неге үзіл­ді-кесілді қарсы болып отыр? Мәселе осында. Қазіргі таңда SCAT акционерлік қо­ғамы  Шымкент қаласындағы қол­даныстағы әуежай маңынан жаңа жолаушылар  терминалының құ­рылысын жүргізуде. Жуырда ғана  Шым­кент қаласына жұмыс сапа­ры­мен келген  Ин­дустрия және ин­фра­құрылымдық даму ми­нистрі Бей­біт Атамқұлов қала әкімі Мұрат Әйте­нов­пен бірге жаңа жолаушылар тер­­миналының салыну барысымен та­ныс­қан болатын. 2020-2025 жыл­дарға арналған «Нұрлы жол» инфра­құрылымдық даму мемлекеттік бағдар­ламасы аясында жүзеге асып жатқан жоба SCAT әуе компаниясының жеке инвес­тициясы есебінен іске асуда. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда әуекомпания жаңа терминалдың құрылысына 5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Ау­даны 35 000 шаршы метрді құрайтын 4 қа­батты ғимарат халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәй­кес келеді. 2019 жылдың наурыз айын­да қазығы қаланған жаңа тер­минал биылғы қазан айында пай­далануға берілуі тиіс болатын. Алай­да коронавирус пандемиясына бай­ланысты әуекомпания биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында әуерейстердің тоқтатылуы себепті 6 млрд теңгеге жуық шығынға ұшы­рағанына қарамастан, жоба құрылысының тоқтауына жол бермей келеді. Демек, SCAT әуе компаниясы мил­лиард­таған қаржы жұмсап, құрылыс жүргізіп жат­қан соң сенімгерлік бас­қаруға алған тағы бір компаниямен бәсекелес болғысы кел­мейді. Себебі тендерге қатысып, ұтып алған жанға әуежайдың негізгі профилін, яғни ұшақ­тарды қабылдап-жөнелту, ұшу алдындағы дайын­дық міндеттері берілмекші. Сенімгерлік бас­қаруға алған адам кемінде 6 млрд теңге ин­вестиция тартуы тиіс. Сонымен қатар келер жылдан бастап 150 млн теңге жылдық табыс табу, қарыздарды жабу талаптары қойылған. Ендеше осындай талаптарды толық орындау үшін әуежайдың келешек иесі ондағы барлық негізгі деген қызмет түріне иелік ететін болады. Ал әуекомпания бүгінгідей әуе қатынасы тұрақсыз болып тұрған тұста ескі терминалды сатып алып, қайтадан жаңа терминал құрылысын жүргізуді тиімсіз деп санайды. Сондықтан оны сатып алуға құлықты емес. Қалай болғанда да, бұл шикі тір­ліктің басы сонау ертеректен басталған сияқты. Әйтеуір, тағайындалғанына бір жыл толмаған әкімнің мемлекет мүлкі саналатын ірі нысандарды оңды-солды сатуға қауқары қалай жетіп жатыр деген сұрақ мазалайды. Не де болса, бұл мәселенің артында үлкен диірмен тұрғаны анық...

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы