Соңғы кездері Шымкент қаласы әкімінің басынан бұлт арылмай қойды. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, үшінші мегаполис әкімінің әрекеті көпшілікке ұнамай барады. Себебі ол тарихы тереңде жатқан алып шаһардағы анау-мынау емес, ірі нысандарға қол сала бастады.
Естеріңізде болса, қала билігі өткен айда Асанбай Асқаров салып кеткен атшаптырым ипподромды BI Group құрылыс компаниясына сататыны туралы хабарлағанда халық шулап, қоғамда қызу пікірталас туған. Қала әкімдігі оның себебін жан-жақты дәлелді дәйектермен түсіндіріп, ақталғанымен, қоғам қабылдай алмады. Енді, міне көп ұзамай саудаға қатысты тағы бір мәселенің басы қылтиды. Бұл жолғы жырдың бәсі бөлек. Шымкент қаласының халықаралық әуежайы сатылмақ. Бұл туралы газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде де жазғанбыз. Еске салсақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде тұрған әуежай сенімгерлік басқаруға берілмек. Яғни, нысан жеке тұлғаға сатылады. Сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін жарияланған тендер бойынша әуежайдың бастапқы құны – 5,2 млрд теңге, нысанның кепілдік жарнасы 785,1 млн теңге болып бекітілген. Алайда кейбір қоғам белсенділері бұл бағаны өте төмен деп есептейді. Енді бірі аталған сауда-саттықтың тез арада өтіп жатқанына күмәнмен қарайды. Әсіресе, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың бұл сауда әлдебіреулерге тиімді болуы мүмкін, себебі 10 жыл бойы сенімгерлік басқаруға берілетін әуежайды сатып алуға өтінім беру бар-жоғы 18 қыркүйек пен 8 қазан аралығына ғана белгіленуі күдік туғызады деген пікірін қолдаушылар көбейді. Осылайша, тағы да қоғам талқысына түскен бұл нысан конкурс уақыты келсе де, әзірге сатылып кете қойған жоқ. Себебі бекітілген мерзім аралығында тендерге 1 ғана компания өтінім берген. Ал заң талаптары бойынша 1 компаниямен конкурс өткізуге болмайды. Сондықтан тендерге қатысуға өтінім беру мерзімі қайтадан 14 қазанда хабарландырылып, байқаудың қорытындысы енді 3 қарашада шығады. Ендігі мәселе, SCAT әуекомпаниясы Шымкент қаласы әкімдігін сотқа беріп отыр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында осынау акционерлік қоғамның қала әкіміне және әкімдікке, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қаржы басқармасына қатысты талап арызы қаралуда. Әуекомпания қала әкімдігінің сенімді басқаруға беру туралы қаулысына наразы. Ол сотқа берген талап арызында осы қаулыны жоюды және сенімгерлік басқаруға беру туралы тендер өткізуді заңсыз деп тануын сұрайды. Сонымен қатар нысанды сату туралы хабарландыруды мәжбүрлі түрде алып тастау бойынша талап арыз беріп отыр. SCAT әуекомпаниясы әуежайды сенімгерлік басқаруға беруге неге үзілді-кесілді қарсы болып отыр? Мәселе осында. Қазіргі таңда SCAT акционерлік қоғамы Шымкент қаласындағы қолданыстағы әуежай маңынан жаңа жолаушылар терминалының құрылысын жүргізуде. Жуырда ғана Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге жаңа жолаушылар терминалының салыну барысымен танысқан болатын. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жоба SCAT әуе компаниясының жеке инвестициясы есебінен іске асуда. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда әуекомпания жаңа терминалдың құрылысына 5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Ауданы 35 000 шаршы метрді құрайтын 4 қабатты ғимарат халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. 2019 жылдың наурыз айында қазығы қаланған жаңа терминал биылғы қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты әуекомпания биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында әуерейстердің тоқтатылуы себепті 6 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырағанына қарамастан, жоба құрылысының тоқтауына жол бермей келеді. Демек, SCAT әуе компаниясы миллиардтаған қаржы жұмсап, құрылыс жүргізіп жатқан соң сенімгерлік басқаруға алған тағы бір компаниямен бәсекелес болғысы келмейді. Себебі тендерге қатысып, ұтып алған жанға әуежайдың негізгі профилін, яғни ұшақтарды қабылдап-жөнелту, ұшу алдындағы дайындық міндеттері берілмекші. Сенімгерлік басқаруға алған адам кемінде 6 млрд теңге инвестиция тартуы тиіс. Сонымен қатар келер жылдан бастап 150 млн теңге жылдық табыс табу, қарыздарды жабу талаптары қойылған. Ендеше осындай талаптарды толық орындау үшін әуежайдың келешек иесі ондағы барлық негізгі деген қызмет түріне иелік ететін болады. Ал әуекомпания бүгінгідей әуе қатынасы тұрақсыз болып тұрған тұста ескі терминалды сатып алып, қайтадан жаңа терминал құрылысын жүргізуді тиімсіз деп санайды. Сондықтан оны сатып алуға құлықты емес. Қалай болғанда да, бұл шикі тірліктің басы сонау ертеректен басталған сияқты. Әйтеуір, тағайындалғанына бір жыл толмаған әкімнің мемлекет мүлкі саналатын ірі нысандарды оңды-солды сатуға қауқары қалай жетіп жатыр деген сұрақ мазалайды. Не де болса, бұл мәселенің артында үлкен диірмен тұрғаны анық...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы