Елордадағы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Қала әкімдігінен мәлімдегендей, жәрмеңкеге «Магнум» ірі сауда желісі және ҚР Ет одағының мүшелері, сондай-ақ өңірлерден ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көтерме сауда жеткізушілері қатысып жатыр. Бағалар нарықтағы бағадан 10-15% төмен. Қарағанды және Ақмола облыстарының шаруа қожалықтары ет және сүт өнімдерін әкелді. Түйетауық етін Ақтөбе облысының шаруа қожалықтары ұсынса, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері бірінші және жоғары сұрыптағы ұн, рапс және күнбағыс майын жеткізген. Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының омарташылары бал әкелді. Көкөніс өнімдерін: қырыққабат, сәбіз, қызылша, пиязды Ақмола облысының тауар өндірушілері сатып жатыр. Атап өтілгендей, жәрмеңке 24-25 қазан күндері өтеді.