Биыл 20 қазанда Кербұлақ АПБ кезекші бөліміне Жоламан ауылдық округіндегі шаруа қожалығының 65 жастағы басшысы67 бас ұсақ малды белгісіз тұлғалардан ұрлап әкеткені туралы хабарланған.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, шығын көлемі 3 млн теңгеден асады. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді.
«Шабуыл таңғы сағат 04.00 шамасында болған. Онда малшы болып жұмыс істейтін ер адамның түсініктемесінен бірнеше белгісіз ер адамдардың шаруа қожалық аумағына кіріп, қойларды көлікке тией бастағаны анықталды. Жауап алу барысында малшы өз сөздерінен шатаса бастаған, ал бұл тергеуде көптеген күмән тудырды. Тергеушілер оның айтқан барлық дәлелдерін тексеріп, оқиғаның нақты мән- жайын анықтады. Осылайша, әшкереленген малшы өз әрекетін толық мойындап, шаруа қожалығының 67 қойын сатып алушыға өзінің малы ретінде екі партияға бөліп сатқанын жеткізді. Соңғы рет, 20 қазанда, малды алып кеткен сәттен 2,5 сағат өткеннен кейін, ол иесіне белгісіз адамдардың шабуылы туралы хабарлаған», – дейді Кербұлақ АПБ бастығы полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.
Қылмыс бір күннің ішінде ашылған. Алайда ұрланған малдың барлығын иесіне қайтару мүмкін болмады. Өйткені біразын сатып жіберген. Қазір күдікті қамауға алынды.