Бала тәрбиесінің ноқтасы кімде?

Бала тәрбиесінің ноқтасы кімде?

Осыдан тура үш жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі «2019 жылы балабақша мәселесі толық шешіледі» деді. Ал қазір біз іргесі сөгілген мәселені емес, жыртығы жамалмаған жадау тірліктің куәсі болып отырмыз. Себебі сол, шешілмеген кезек, жауапкершілігі аз жекеменшік балабақша, жоғары білімі жоқ тәрбиешілер дәл осы мәселені тек ушықтырып тұр. Ғалымдардың пайымдауынша, адамзат баласы тұлға ретінде қалыптасу жолындағы тәрбиенің 85 пайызын 5 жасқа дейін бойына сіңіреді екен. Ата-әже институты өткен заманның еншісіне қалып кеткен дәл қазіргідей уақытта бала тәрбиесінің ноқтасын кімге тапсырып отырмыз? Міне, гәп сонда.

Балабақшадағы қаптаған кезекті шешудің жолы жекеменшік балабақ­ша­ларды көптеп ашу ғана болды. Бұл жол­да Үкімет аянып қалған жоқ. Кез келген адам жеке кәсіпкер немесе жауапкерші­лігі шектеулі серіктестік ретінде тірке­ліп, балабақша ашып алатын құқыққа ие болды. Алайда экс-министр Ерлан Сағадиевтің дәл осы балабақшаларды жекешелендіруге қатысты айтқан жағым­ды пікірі есімізде қалыпты. «Біз бұрын бір рет бұл жағдайды басымыздан өткеріп, жекешеленіп кеткен балабақша ғимараттарын қайтадан сатып алуға мәжбүр болғанбыз. Енді оны жекеше­лендіруге болмайды» дегені бар. Онысы рас. Кезінде еліміздегі бүкіл балабақша талан-таражға түсті. Сарапшылардың нақты дерегі бойынша, тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдары Қазақстанда 7 жасқа дейінгі балалардың 70 пайыздан астамын қамтыған Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім және тәрбие беру жүйесі болды. 1991 жылы елімізде 8 743 балабақша жұмыс істеген екен. Үкімет «оңтайландыру» ұранын орта­ға тастап, айналасы жеті-сегіз жыл­дың ішінде 4 868 балабақша ғимаратын жекешелендіріп, қалғанын «өз күніңді өзің көр» қағидасымен қараусыз қал­дыр­ды. Соның салдарынан 2000 жылға дейін еліміздегі балабақша саны 1 144-ке дейін құлдырады. Дәл қазір елімізде 6 470 балабақша ғана бар екенін ескер­сек, күні бүгінге дейін сол 1991 жылдың деңгейіне жете алмай отырмыз.

Ал 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің кәсіпкерлеріне, әртүрлі жолдар арқылы бизнеспен айналысатын шенеуніктеріне ашық сөз арнап, 90-жылдары жекешеленіп кеткен балабақша ғимараттарын қайтадан мемлекетке қайтару қажеттігін күн тәрті­біне қойды. Содан бері 2010 жыл­дан бастап 2016 жыл аралығында кезін­де жекешеленіп кеткен 246 бала­бақ­ша ғимараты мемлекетке қайтарылған екен. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, 1991 жылдан 2000 жылға дейін еліміздің білім беру саласы жеті мыңнан астам балабақша ғимаратынан айырылғанын ескерсек, бұл – өте аз көрсеткіш.

 

Бала бағып баюға бола ма?

Жергілікті атқарушы билік орган­дары балабақшадағы орын тапшы­лығын жекеменшік балабақшалар ашу арқылы жоюды мықтап қолға алғаны рас. Осыны пайдаланған біраз «пысық­тар» бала бағып, баюға көшті. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағыттал­ған бүгінгі жеңілдіктер үйінен жекемен­шік балабақша ашып алып, оны еш жерде тіркемей, қызмет аясын айқында­мастан бала бағуды мақсат тұтқан аза­мат­­тардың қарасын көбейтті. Баланы талапқа сай, арнайы мекемеде бақпаса да, үйде бағып, ақша тапқанды оңай олжа көретіндер баршылық. Шын мәнін­де, балабақшаға қажетті заттарды түгендеуге кез келгеннің шамасы жете бермесі анық. Осы уақытқа дейін баспа­сөз беттерінен кейбір үйден ашыла салған бақшаларда балаларды жерге жатқызып ұйықтатып келгенін, бір тамақты бірнеше күн ұсынғанын, тағы да басқа жаға ұстатарлық оқиғалар туралы оқыдық. Өкінішке қарай, бұлар шындық еді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қала­сының шет аумақтарына бара қал­саңыз, үйден ашылған балабақ­шалар­ды көре­сіз. Міне, осы балабақшалардың барлы­ғы тәжірибелі ұстаз бен тәрбиеші­ні қай­дан алып отыр? Оны кім қадаға­лай­ды? Лицензия берілмеген мекемеге барып, сапасы қалай деп сұрап, рұқсат­сыз тексеру жүргізе алмайтының тағы бар.

Осыған дейін аттестациядан өтіп, мемлекеттік аккредитация алу, лицен­зия палатасында оқыту, тәрбиелік көр­некілік бағдарламаларды тапсыру, жо­ға­ры санаттағы педагогикалық құ­рам­­ды ұсыну шарт болатын. Қазір мұның бірде-бірі ескерілмейді.

– Бүгінде жекеменшік балабақша­ларға мемлекеттік дотация бөлініп, көмек берілуде. Мемлекет өзі бөлген қаражатқа өзі қатаң бақылау орнатып, жүйелі түрде жұмсалуын қадағалап отыр. Мектепке дейінгі жүйе – жалпы білім берудің негізі болғандықтан, бұл тәрбие жүйесі мемлекеттің демеуін керек етеді. Оны бірыңғай жекеменшік қолға өткізу – қауіпті. Бұл дұрыс емес», – дейді Nur Otan партиясы Бала­лар құқы­ғын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі Рысты Жұмабекова.

 

Балабақшаның жаны – тәрбиеші

«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей». «Мектептің жаны – мұғалім» деп келсек, «Балабақшаның жаны – тәрбие­ші» деуге де әбден болады. Сол бала­бақшамыздың жанын жұмысқа қалай қабылдап, оларға қандай жағдай жасап отырмыз?

Мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары көбейіп, 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 95,2 пайызы қамтылды деп қуанғанымызбен, әлі 500 мыңнан астам бала өз кезегін күтіп отыр. Оның ішінде 1 мен 3 жас аралығында 437 мың бала бар. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева балабақшаларды тиісті мамандығы бар кадрлармен қамту мәсе­лесін тілге тиек етті. «Дегенмен мек­­­тепке дейінгі ұйымдарды бала тәр­бие­сі және оларды оқытумен айна­лыса­тын қызметкерлердің 40 пайызға жуы­ғында тиісті білімнің болмауы алаңда­тады. Білім ұйымдарын білікті маман­дар­мен қамтамасыз ету – білім беру жүйесінің басты міндетінің бірі» деді ол.

«Ата-аналар үміт еткен көзінің нұр­ла­рын тәрбиелеу үшін тәрбиешіге тапсырады. Ал сол тәрбиешінің өзінің тәрбиесінің қай деңгейде екеніне мән беріп жататындар көп емес. Оған бала тәрбиесін сеніп тапсырудан бұрын өзін тәрбиелеуді қажет ететін тәрбиешілерді де көрдік. Мұның себебі көбіне 35-40 мың айлыққа жақсы мамандардың келе бермейтіндігімен, кадр тапшылығымен түсіндіріледі. Тәрбиеші жұмысы жауап­ты да ауыр. Ол соған сәйкес еңбегінің ақы­сын алуға тиіс. Бұл мәселені шешу қа­жеттігі дау туғызбайды. Бірақ бұл ма­ман­дықты таңдаған адамдар жалақы­сының аз болғаны үшін өзіне жүктелген жауапкершілікті мойнынан алып тастай алмайды. Осы мардымсыз жалақыға жұмыс істей жүріп, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, баланы жақсы көретін, мамандығын кездейсоқ емес, жүрек қалауымен таңдаған тәр­бие­шілер де бар. Төмен жалақы алатын дәрігердің балаға дұрыс диагноз қойма­ғанына, дұрыс ем қолданбағаны­на, тәрбиешінің бала тәрбиесіне жауапсыз қарағанына көз жұма берсек, ертеңіміз не болмақ? Сондықтан бала тәрбиесіне, оған ана тілінде тәрбие беру мәселесіне бүкіл қоғам болып атсалысуымыз, жете мән беруіміз керек», – дейді филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы.

 

Әлемде қалай?

Әлемдік тәжірибе бүлдіршіндердің 3 жастан 6 жасқа дейінгі даму кезеңі мектепке оқуға дайындау үшін ең қолай­лы жас екенін көрсетеді. Осылай­ша, Францияда 3-6 жасқа дейінгі балалардың барлығы дерлік балабақшаға барады. Германияда мемлекеттік емес балабақшалардың барлығы ақылы, бірақ лицензия қай-қайсысына да мін­детті. Ал Венгрияда 5 жастан міндетті бі­лім беру жүргізіледі. Лицензия міндет­ті, қаржыландыру – мемлекет тарапы­нан. Италияда кез келген балабақша­лар­ға лицензия міндетті. Жапонияда – балабақшалардың барлығы білім ми­нистрлігі қарамағында, 58 пайызы – жекеменшік балабақшалар. Біз­ді­кі­­нен ерекшелігі олардың балабақ­ша­ла­рында 8 түрлі жас ерекшелікпен оқы­­тады. Сол­түстік Кореяда барлығы мем­­лекет­тік балабақшалар. Кувейтте – барлық балабақшалар тегін. Амери­каның 43 штатында міндетті тегін түрде мектепал­ды дайындық бар. 4 жастан балаларды өз еңбегін бағалауға үйретеді. Талдау жаса­ту­ды бастайды. Францияда 3 жастан 5 жасқа дейін тегін балабақ­ша­мен қамтылған. Мемлекет қадаға­лауын­да. 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Кезек мәселесі жоқ.

Ұл-қызымызға дұрыс тәрбие беру – ұлт болашағының негізі екенін әр қазақ ұғынса керек-ті. Ел боламыз де­сек, бала­бақ­шамызды түзеуге, оның ма­териал­дық және кадрлық мәселесін дұрыс шешу­ге жете көңіл бөлу қажет-ақ.

Ұрпақ тәрбиесі ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында жүрген жоқ па? Кәсіпкерлікті жеңілдетіп, жетілдіреміз деп, орны толмас орашолақтыққа ұры­нып отырған жоқпыз ба?

Әйтпесе, сапаны ғана емес, санды ойла­ған уақытта балабақшаның ертеңі – бәлду, бәлду ертегіге айналып кетіп жүрмесін...