Елімізде егін шығымы аз, астық экспорты көлемі жылдағыдан төмен болады деген әңгіме шығысымен-ақ ішкі нарықта баға әдеттегідей құбыла бастаған.
Бірнеше облыста «әлеуметтік нан» деген атауға ие І сұрыптағы бидай ұнынан жасалған нанның бағасы бірден 5-15 теңгеге «секірді». Дегенмен Президент Қ.Тоқаевтың «нанның қымбаттауына жол берілмейді» деген мәлімдемесі нарықтағы делдалдардың әрекетіне дер кезінде тоқтау жасағандай болды.
Қ.Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында: «Әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыру тапсырылды. Баға бақылауымда болады» деп жазды.
Үкімет пен жергілікті әкімдіктер «ас атасының» құны өсіп кетпеуінің алдын алуға міндеттеме алып, қам жасап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров келтірген дерекке сүйенсек, астық қабылдаушы кәсіпорындарда 5,1 млн тонна дақыл бар, оның ішінде 350 мың тонна бидай «Азық-түлік келісім шарт корпорациясының» қорында сақтаулы тұр. «Бұдан бөлек, аталған корпорация 300-350 мың тоннаға дейін астық сатып алады. Өңірлердегі кәсіпорындардағы ұнның ай сайынғы қоры – 178 мың тонна» деді министр.
Әйтсе де, баға шарықтап кетпесе де, дәл қазіргі құнын ұстап тұру мемлекетке қиындау тиюі мүмкін. Себебі нанның өзіндік құнына келгенде, ұн – өнімнің 54%-ын құрайды, қалғаны электр энергиясы, өзге де өнімдер, жалақы және т.б шығындар. Министр С.Омаров 14 қазанда өткен баспасөз мәслихатында нан бағасы қазіргі 75-78 теңгеден 80-82 теңгеге баруы мүмкін екенін болжап отырғандарын айтқан.
Шындығына келгенде, Қазақстан – ұнды ішкі тұтыну көрсеткішіне қарағанда, экспорттау көрсеткіші жоғары ел. Жан басына шаққанда ұн өндіру мен сату көлемі жағынан әлемде алғашқы орынға кіреміз. Қарапайым түсінікпен алғанда жеріміз үлкен, халық саны аз. Алайда осынау ерекшелікке қарамастан жыл сайын ішкі нарықтағы бағаны асау жылқыны жуасытқандай «тәк-тәкпен» құрықтап отыруға мәжбүрміз. Үкімет соңғы 6-7 жыл бойы «әлеуметтік нан» (600 г бөлке нан) бағасын тұрақтандыруға 6-8 миллиард теңге жұмсап келеді. Рас, әлемде нан бағасын ұстап тұру үшін қаржы шығындайтын мемлекет жалғыз біз емес. Египет, Иран, Израиль және басқа да астықты негізінен сырттан сатып алатын мемлекеттер де нан бағасын тұрақты ұстап тұру үшін субсидия түрінде қаржы бөледі. Дегенмен олардың бізге қарағанда ішкі тұтыну нарығы үлкен екені анық. Ал біздегі жиналған астықтың көлемі туралы айтар болсақ, жыл сайын 6 млн тоннадай астық өндірістік тұтынуға, азық-түлік мақсатына қайта өңдеуге 5 млн тонна жұмсалады. Қалған 8,5 млн тонна астық экспортқа жөнелтіледі, ал 320-350 мың тоннасы тұрғындардың тұтыну қажеттілігіне жеткілікті дейді мамандар. Одан бөлек, 600-700 мың тонна – қосымша шығын есебінде. Егін шаруашылығы сарапшылары соңғы жылдары саладағы қосымша шығындардың артуынан Қазақстанның астық экспортында бәсекеге қабілеті төмендеп бара жатқанын айтады.
Таяуда Сенат депутаты Рашит Акимов Қазақстанның астық қоры көлемін қайта есептеп, қоймалар мен қамбаларға тексеріс жүргізу керегін ескертті. Сенатордың айтуынша, астық қорлары туралы қағаздағы есеп күмән тудырады.
Айтқандай, астық сақтау қоймалары туралы өткен жылы Мәжіліс депутаты Владислав Косарев та мәселе көтерген. Депутат сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөккевке жолдаған сауалында Қазақстанда 247 астық сақтау қоймасы болғанымен, түрлі себеппен 18%-ы толық жұмыс істемей тұрғанын айтқан. «Сондай-ақ 167 элеватордың 20-сы тоқтап тұр. Біздің ойымызша, кәсіпорындардың жабылуының негізгі себебі – бұл жұмыс жүргізудің құқықтық, ұйымдастыру формаларының жетілмегендігін көрсетеді» деген еді депутат.
Халық қалаулыларының астық қоры мен сақтау қоймалары туралы есепке күдікпен қарауының да жөні бар. Осыдан біраз уақыт бұрын отандық БАҚ-та Шығыс Қазақстандағы «Шығыс-Астық» астық сақтау мекемесінің қылмысы туралы материалдар жарияланды. Келісім бойынша қоймаға сақтауға деп берілген «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-на тиесілі 17,3 мың тонна астық дақылы тексере келгенде 200 тоннадан сәл ғана асқан. Яғни, мемлекет қаржысына алынған қордың 98%-ы қолды болғаны анықталды. Қыркүйек айының соңында «Шығыс-Астық» мекемесінің басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Дәл осындай жағдай бидай түсімі аз болған осы жылы көбейіп кетпесіне кім кепіл?
Нан – халықтың күнделікті тұтынатын тағамы. Басынан түрлі қиын-қыстау жағдайды өткізген халқымыз «Нан болса – ән болады» деген сөзді бекер айтпаса керек. Сондықтан қамбаға құйылған астықты дұрыс сақтап, ертеңгі күннің азығын қамдау ісін қайта бір қараудың уақыты келгендей.