Министр «Томирис» фильмі үшін көпшіліктен кешірім сұрады
Министр «Томирис» фильмі үшін көпшіліктен кешірім сұрады
311
оқылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Томирис» фильмінің қазақша нұсқасының кешігіп шығуына байланысты пікір білдірді.

– Негізінде фильмнің екі нұсқасы дайындалған. Негізгі нұсқасы қазақ тілінде болатын. Ол нұсқа фильм премьерасынан кейін бір апта өткен соң шықты. Шынымен ұят болды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп үміттенемін. Титрлар мен субтитрлерде қателер болған. Бұл көрерменге көрсету мүмкін емес қарапайым қателер еді,– деді министр.

Ақтоты Райымқұлова аталған жағдай үшін жауапты адамдар тәртіптік жауапқа тартылғанын айтты.

«Әрине, бұл фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасының кешігіп шығу мәселесін шешпейді. Бұл бөлім қызметкерлерінің қателігінен болған»,– деді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары туындының тек қана орыс тілінде жүріп жатқанын айтып, қазақ киносының қазақ тілінде көрсетілмеуіне наразылық білдірген. Ал, режиссер фильмнің қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар екенін, титрлерді латын әліпбиінде жазғанда грамматикалық қателер кеткенін түсіндірді.