Қазақ тіліне «і» әрпінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Тіл мамандары, зиялы қауым осыған дабыл қағуда. Қазір тіпті елорда көшелерінен AIAQ KIIM деген жазуды көруге болады. Қынжылтатыны сол, бұл – қате емес! Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа әліпбиді қайта қарап, жетілдіру туралы тапсырмасы елде қолдау табуда.
«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», – деп жазды осы апта басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Бұл жерде бірнеше түйткіл бой көрсетіп отыр. Біріншісін, Орталық коммуникациялар қызметіндегі журналистермен кездесуде Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі түсіндірді: бірқатар жаңа қаріптер компьютер пернетақтасына (клавиатурасына) сәйкес келмеген. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің түсіндіруінше, жаңа қазақ әліпбиі әзірленген кезде әріптердің пернетақтада орналасу орны ескерілмеген болып шықты.
– Үлкен жұмыс атқарылды, латын графикасындағы әліпби түзілді, алайда біз әріптердің пернетақтада орналасу ретін ескермеппіз. Lenovo компаниясымен бірге тестілеу жұмыстарын жүргізгенімізде, жаңа әліпбидің орналасуы Unicode стандарттарына сай келмейтіні анықталды. Қазір олқылықты түзету бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның барысында барлық сын-ескертпелерді, қоғам ұсыныстарын назарға алып, әліпбиді жетілдіреміз! – деп уәде етті Н.Дәуешов.
Юникод – әлемдегі жазуы бар барлық тілдердің әріп таңбаларынан тұратын, символды кодтау стандарты. Қазіргі уақытта интернетте негізінен сол қолданылады. Онымен шәлкем-шалыс келген әліпбилер интернетте оқылмайды.
Екіншісін, яғни диграфтарға қатысты мәселе жайын Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Анар Фазылжан баяндады.
– Диграф дегеніміз – екі әріптен тұратын жазбаша құрамдас таңба. Қазақ тілінің жаңа әліпбиінде екі диграф бар, бұлар – ш (sh) және ч (сh). Арнайы сауалнама жүргізе келе, сондай-ақ қоғам өкілдерімен талқылаудан кейін біз аталған дыбыстардың латынша жазылуы дұрыс оқылмайтынын, көп сыналатынын аңғардық. Басында контексіне, мағынасына қарай оқып, көз үйреніп кетеді деп ойлағанбыз. Мысалы, 3 мың адамның қатысуымен тестілеу жүргіздік, сонда олардың көпшілігі схеманың латын графикасында жазылуын (shema) «шема» деп оқыды, – деді Анар Фазылжан
Үшінші мәселе – «і»-нің бас әріппен жазылғанда жойылып кетуімен байланысты. Жақында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында оның мүшесі, қоғам қайраткері Қазыбек Иса Мемлекет басшысының алдында осы мәселені қаузады.
– Тіл туралы айтқанда, міндетті түрде әліпбиге тірелеміз. Латын әліпбиі еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, әрі рухани тәуелсіздігіміздің бастауы. Латын әліпбиіне көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келеді. Бірақ соңғы акутты нұсқада і әрпі жоғалып кетейін деп тұр. Себебі бас әріппен жазылғанда, і мен и әрпінің екеуі де бір І таңбамен белгіленеді. Мысалы, қазақтың иіліп сәлем берудегі иіл деген сөзін латынша жазғанда, барлығы таяқшалар болып кетеді – IIL. Ал «ізгілік» деген сөзді болашақ ұрпақ изгилик деп оқуы мүмкін. Өйткені бәріне бір таңба, – деді Қ.Иса.
Оның айтуынша, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі кезеңнің ең басты бір талабы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы
2 қыркүйектегі өзінің тұңғыш Жолдауында қазақ тілінің мәртебесі туралы қадап айтты: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деді ол. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілге баса назар аударуы елдің ерекше ықыласын оятуда, ұлт зиялылары да оған өз үндерін қосуда.
Бұл мәселе қоғамда біраздан көтеріліп келе жатыр. Мәселен, 2018 жылғы 27 тамызда «Қазақ үні» басылымында және интернетте отыз шақты зиялы қауым өкілінің қазақтың «і» әрпін қайтару туралы сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ашық хаты жарияланды. Оған қол қойғандар арасында белгілі жазушылар Д.Исабеков, С.Досанов, С.Елубай, С.Сматай, ақындар И.Сапарбай, С.Тұрғынбеков, филология ғылымдарының докторы М.Мырзахметов, профессорлар А.Айталы, Д.Ысқақ, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі А.Осман және басқа да тіл жанашыры саналатын ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер бар.
Олар қазақтың латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін қабылдау – Елбасымыздың рухани жаңғыруының басты бағыты екенін және жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын айтады.
– Жалпы алғанда, бұл нұсқа дұрыс болды. Бірақ бір кілтипан і, и, й әріптерінің бас әріптері бірдей «І» таңбасымен белгіленуі. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі 9 дыбыстың 8-інің латын әрпімен жеке-дара таңбалануын сақтап қалғанда, жалғыз і әрпі І болып, «басынан» айырылып отыр. Яғни, і кіші әрпі сақталған да, бас әрпі И-Й дыбыстарымен қосылып кеткен, – деген зиялылар і әрпінің бас әрпін Í деп басына акут қойып беруді ұсынады.
Кезінде бұл мәселелер комиссия мүшелері тарапынан пысықталмаған. Тіпті, байқағанның өзінде, олар бұл кемшіліктердің болашақтағы кеселіне бас қатырмағанға ұқсайды. Бірақ Мемлекет басшысы енді ұрпаққа асыл мұраға қалар әліпбиді асықтырмай, жетілдіріп, жете пысықтауды жүктеді. Демек, қоғам кемелдене түскен латынша жаңа әліпбидің жариялануын ынтыға күтетін болады.
Елдос СЕНБАЙ