Ел тұрғындарының үштен бір бөлігі тарихи тақырыптарға қызығады. Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі осылай дейді.
ӘЭСИ мамандары жұртшылықтың бүгінгі және бұрынғы тарихи кезеңдерді қалай қабылдайтынын зерттеп көрген екен. Осы бағытта әлеуметтік сауалнама дайындап, оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және еліміздің 14 облысынан 2 500 қатысушы тартылған.
Нәтижесінде, тұрғындардың үштен бір бөлігі, яғни 40 пайызының қазақ тарихына қызығатыны белгілі болды. Сауалнамаға қатысушылардың 68 пайызы тарихи тақырып бойынша білімді мектеп, колледж, университет қабырғасынан алғанын мойындаған. 37 пайызы көркем фильмдер мен телесериалдар арқылы білетін болса, 31 пайызы тарихи мәліметтерді деректі фильмдер мен телебағдарламалардан естіген болып шықты.
Сондай-ақ сауалнамада Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі танымал тарихи қайраткерлер туралы да сұрақ болыпты. «Ең танымал тарихи қайраткер кім?» деген сауалға қатысушылардың басым бөлігі Шыңғыс хан, әл-Фараби және Томиристі атапты.
Тарихтың түрлі кезеңі болатыны белгілі. Кімді қай кезеңі қызықтырады? ӘЭСИ жүргізген сауалнама бұған да жауап тапты. Сұралғандардың 29,6 пайызы – Қазақ хандығы, 25 пайызы – Алтын Орда дәуірі және 21,8 пайызы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан тарихын жылнамадағы ең қызықты кезең деп есептейді екен.
Тұрғындардың Алтын Ордаға көзқарасы тіпті қызық нәтиже көрсетіпті. Сұралғандардың 44,8 пайызының Алтын Ордаға деген көзқарасы оң болса, 28,9 пайызы бейтарап қалуды жөн көріпті. Бұл нені білдіреді? Алтын Орданың насихаты кемшін деген сөз. Алтын Орда – іргесін Шыңғыс ханның ұлы Жошы қалаған Қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған мемлекет. Алтын Ордадан кейін осы топырақта Қазақ хандығы салтанат құрды.
Біз Жәнібек пен Керей хандар құрған Қазақ хандығының мұрагеріміз. Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатты түрде атап өткеніміз соның дәлелі. Сондай-ақ алдағы уақытта тарихымыздағы тағы бір маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Алайда біз кеше ғана пайда бола қалған халық емес екенімізді, арғы түбіміз алыста жатқанын ұмытпауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет» деген еді.
Шынында, солай. Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы біз қазақтың басқа да хандарын тұғырына қондырарымыз сөзсіз. «Қазақ мемлекеттілігінің бастауында Жошы хан тұр. Қазақ хандары өздерін ешқашан жекелеген, жаңа бір мемлекеттің билеушісі санамаған. Олар арғы бабалары сынды Жошы ұлысының билеушілері еді» дейді бұл жайлы тарихшы, ӘЭСИ сарапшысы Радик Темірғалиев.
Өкінішке қарай, қайсыбір тарихи еңбектерде әлі күнге дейін «моңғол-татар шапқыншылығы» деген кеңес заманынан қалыптасып қалған қайшы да қасаң пікірлер жойылған жоқ. Жоғарыдағы сауалнамаға қатысушылардың 28,9 пайызының Алтын Орда жайлы ойын бүгіп, бейтарап қалуы – осындай қасаң пікірлердің нәтижесі.
Бұл пікір қалай қалыптасты? кеңес заманында, нақтырақ айтқанда 1944 жылдан бастап Алтын Орданы зерттеуге тыйым салынды. Керісінше, Алтын Орда атауының өзін жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысты. «Қазақ тарихына «Алтын Орда қазақтардың ата-бабаларының (қыпшақтардың) жерін жаулап алған жат мемлекет» деп түсіндірілді. 1937 жылдан бастап «Алтын Орда мұрасы» ұлттық тарихтан жұлып алынды. 1944 жылы сол процесс аяқталды. Содан 80-жылдарға дейін «Алтын Орда» концептісіне қатаң тыйым салынды» дейді тарихшы, ӘЭСИ сарапшысы Жақсылық Сәбитов.
Сауалнамада қазақ мемлекеттілігінің бастауы жайлы сұрақ болды. Қатысушылардың 20,5 па-йызы бастауды XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуымен байланыстырыпты. 23,9 пайызы 1991 жылғы тәуелсіздік алған сәтті белгілепті. Бұл дұрыс та шығар. Алайда біз Қазақ мемлекеттілігінің бастауында айбынды Алтын Орда тұрғанын ұмытпауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайбір жылы Ұлытау төрінде берген сұхбатында бұл жайлы «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген болатын. Шынында, үлкен тарихымызды алдымен өзіміз құрметтеуіміз керек емес пе?!