Газ келді дегенше, жаз келді десейші
Газ келді дегенше,  жаз келді десейші
437
оқылды

Елбасы жариялаған 5 әлеуметтік бас­тамада «Елді газбен қамтамасыз ету­ді жалғастырып, Қараөзек (Қы­зылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағытында магистральды газ құбы­рын салу жобасын жүзеге асыру керек. Бұл жобаны жүзеге асыру ары қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп айтылғандай, бүгінде елімізді газбен қамтамасыз ету – маңызды шараның бірі.

Бес әлеуметтік бастаманы талқылаған Үкімет Астанаға газ жеткізу жұмысын «Сарыарқа» газ құбыры деп атады. «Қара­өзек» газ айдау стансасынан басталатын бұл жоба аясында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырын са­луда ойға алынған болатын. 2017 жыл­дың алғашқы жартысында Қазақстанда газ инфра­құрылымының жоғары тех­но­логиялық екі нысаны салынды. Олар – Ақ­төбе облы­сындағы «Бозой» және Қы­зылорда облы­сындағы «Қараөзек» ком­прес­сорлық стан­салары. Елде отан­дық газбен қам­та­масыз етуді, страте­гия­лық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» ма­гис­тральды газ құ­бырын тасымалдау мүм­­­кін­дігін арттыруды мақсат еткен ұлт­­тық опе­ратор – «Қаз­ТрансГаз» ком­па­ния­сы жүзеге асырды.

Еліміздің батысынан басталатын құ­быр оңтүстікті «көгілдір отынмен» қам­тамасыз етуде зор мүмкіндіктер берді. Об­лыс аумағынан өтетін 846 шақырым­дық газ желісінің игілігін Сыр халқы айқын көріп отыр. Қызылорда қаласында газдандыру – 95 пайызға, облыстың газды тұтынуы 63 пайызға жетті. Жалпы, 2014-2017 жылдары облыс елді мекендерін газ­дандыруға 29 млрд теңге қаржы бө­лінді. Екі компрессорлық стансалардың қосылуы магистральды газ құбырының жыл­дық өткізу қабілетін шамамен 10 млрд текше метрге дейін арттыруға мүм­кіндік берді. «Көгілдір отынның» Қазақ­станның оңтүстік өңірлері мен Қытай на­ры­ғына экспортқа жеткізілуін қам­та­масыз етуде. Сарыарқаға Сыр елі­нен табиғи отын жеткізетін станса ма­гис­тральды газ құбырынан 944 шақырым қа­­шық­тықта орналасқан. Бұл құбырдың өт­­кізгіштік қабілетін арттырып қана қой­май­ды, оны тұрақты технологиялық ре­жим­де жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.

Стратегиялық маңызы бар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құ­бырының құрылысы – Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасымен жү­зеге асқан ауқымды жобалардың бірі. Төрт облыс арқылы өтетін газ құбыр­ла­ры­ның жалпы ұзындығы – 1 143 шақы­рым. Газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қы­­зылорда және Түркістан облыстары­ның аума­ғы­нан өтеді. Оның 846 шақы­рымы Қы­зылорда облысының аумағынан өтеді. Құбыр бойында бірнеше газ ком­прес­сорлық стансалар салынды. Газ құ­бы­ры аймақ экономикасына қосымша қуат беріп, өңірді түгелдей газбен қамтуға жол ашып отыр. Ақтөбе облысындағы ком­прессорлық станса, Қызылорда облы­сында «Қараөзек» жоғары стансасы пайда­лануға берілді. «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистральды газ құбыры мұ­найлы өлкеден бастау алды. Сексеуіл кен­ті тұ­сынан «Арал», ал қаңтарда Қазалы ауда­ны аумағында «Қорқыт ата» компрес­сор­лық стансалары қолданысқа берілді.

Осыдан 15 жыл бұрын «Қызылорда қала­сының жылу-қуат көздерін және тұр­ғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жо­ба­сы басталды. Жоба 2004 жылы қолға алы­­нып, нәтижесінде облыс орталығында 124 шақырымдық «Ақшабұлақ – Қызыл­орда» магистральды газ құбыры тарты­лып, газ трибуналық станса пайдалануға беріл­ген.

Қызылорда облысын кешенді газдан­дыру жобасының I кезеңі осыдан 5 жыл бұрын басталды. 2015 жылы аймақтағы 4 аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері, Байқоңыр қаласы газдандырылды. Тұр­ғындардың 80 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қызылорда қаласын­дағы Сырдария өзенінің сол жағалауын­дағы жаңа қаланың газдандыру құры­лы­сын аяқтау үшін облыс қазынасынан 650 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-мон­­таж жұмыстары қарқынмен жүргізіл­ді. Облыстың қалған 3 аудан орталығы – Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кент­терін газдандыру бойынша жұмыстар жүр­гізілуде. Жосалы кентіндегі АТТС/авто­маттандырылған газ тарату стансасы/ құрылысына республикалық және об­лыстық бюджеттен 903,5 млн теңгеге қаржы бөлініп, нысанның құрылысы аяқталды. Тереңөзек кентіне арналған АТТС орнату жобасы басталды. Қазы­надан бөлінген 2,1 млрд теңге қаражатқа АТТС салынып, 43,4 шақырымдық газ құбыры жүргізілді. 2020 жылға қарай аймақтағы барлық 7 аудан орталығы көгілдір отынға қосылады.

Облыс, аудан орталығы ғана емес, ауылдар да көгілдір отынға қол жеткізді. 2016-2017 жылдары Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кенті мен Талсуат елді мекені газбен қамтылды. Махамбет және Наурыз елді мекендерін кварталішілік газдандыру жобалары бойынша қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттама жасал­­ған Абай және Досан елді мекен­дерін газ­дандыру ісі 2019-2020 жылдары мем­лекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жүзеге асырылмақ. Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев елді мекені Шиелі кенті­нің іргесіндегі Бидайкөл елді мекенінде табиғи газ жүргізілді. Сыр бойы өңірінің эко­номикалық-әлеуметтік дамуы бары­сында Шиелі ауданында газдандыру жұ­мыс­тары ерекше қарқынмен дамуда. Шиелі кентінде 5 600 үйдің 5 216-сы кө­гіл­дір отынды пайдаланып отыр. Кенттегі 160 ірі кәсіпорын мен 110 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына газ кір­гі­з­ілген. Жақын уақытта Н.Бекежанов, Алғабас, Төңкеріс ауылдары тұрғындарын табиғи отынмен қамтамасыз етпек.

Статистикаға сүйенсек, 4 аудандағы 25 803 тұрғын үйдің 21 мыңнан астамы кө­гілдір отын пайдаланып отыр. Соңғы 5 жыл­­да Сырдағы мың сан отбасының тұр­мысы жаңа сипатқа ие болды. Сыр бойын­­дағы елді мекендердің 85 пайызы ма­­гистральды газ құбыры бойына орна­лас­қандықтан, кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

      

Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы