Құқықтық сауатыңыз қандай?

Құқықтық сауатыңыз қандай?

Бүгінде әділетсіздікпен бетпе-бет келген адам бірден Президентке хат жазады, ықпал етуін сұрайды. Шынында, ол мәселені жергілікті жерде де шешуге болады. Алайда жергілікті атқарушы биліктің немқұрайлығы мен халықтың құқықтық сауатының төмендігінен өңірде шешімін табуға болатын мәселе астанадан бір-ақ шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күздегі Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға шақыруы осыдан туындап отыр.

Халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастыруда биліктен бұрын халықтың белсенді болғаны аса маңызды. Себебі биліктің қайнар көзі – халық. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Олай болса, халық атқарушы биліктен сапалы қызметті талап етуге құқылы. Бірақ талап ету үшін де білім мен білік керек, бастысы құқықтық сауаты болғаны жөн. Ал бүгінгі таңда халықтың құқықтық сауаты қандай?

The last Hope қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Руслан Асаубаевтың айтуынша, халықтың құқықтық сауаты төмен деңгейде. Бұған халықтың жергілікті атқарушы органдарға қандай мәселемен баратынын сараптау арқылы көз жеткізуге болады.

– Қала немесе облыс әкімінің есеп беру жиынына немесе атқарушы билік органдары өкілдерінің қабылдауына келгенде, тұрғындар тұрмыстық деңгейдегі мәселесін шешіп беруді сұрайды. Ал зерттей келгенде, ол жағдайға түсуге өздері кінәлі болып шығады, мысалы, не­сие қарызы ұлғайып кеткен немесе үлестік қатысу кезінде баспана салушы компанияны зерттеп, жобасын зерделеп алмаған болып шы­ғады. Сондай-ақ бюджет қаражаты бөліне­тін бағдарламаларға қалай қатысуға болаты­ны­нан тұрғындар бейхабар. Тұрғындар өздері дауыс берген депутаттарын танымайды, ал заң бойынша, депутаттар сайлаушыларымен жылына екі рет кездесуі керек. Ол кездесуде тұрғындар толғандырған мәселелерді шешудің жолдарын ұсынуы қажет, ал депутат сәйкесін­ше ол ұсынысты мемлекеттік органдарға жет­кізуі тиіс. Жеткізіп қоймай, ұсынысы бойынша қандай жұмыс істеліп жатқанын сұрастырып, бақылауда ұстауы керек. Осылайша тұрғын­дар­дың жағдайын жақсартуға бөлінген бюджет қаржысын депутат та, халық та мониторинг жасай отырып бақылауы тиіс. Алайда әзірге бұлай болмай тұр, – дейді Руслан Асаубаев.

Оның айтуынша, құқықтың сауаттың төмендігінен халық заңбұзушылыққа жол беріп алады. Мысалы, тұрғындар жер комис­сиясына жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге жер бөлуіңізді сұраймын деп өтініш жазады. Жер телімін алады. Ол жер баспана салуға ар­налмаған, мал шаруашылығымен айналысуға, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер. Ол аумаққа су мен жарық тарту қарасты­рыл­маған. Ал тұрғындар ол жерді алған соң баспана салады, сосын мәселе туындайды. Міне, біз сусыз, жарықсыз отырмыз деп мәселе көтереді.

«Арда» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейрамбек Камаловтың пікірінше, халықтың құқықтық сауаты, салыстырмалы түрде алғанда, тұрмыстық деңгейде көтеріліп келеді. Оған әлеуметтік желілер ықпал етіп отыр.

– Ал мемлекеттік мекемелер халықтың сауатты болуына ынталы емес деген ойдамын. Халықтың құқықтық сауатын көтеруіміз керек дегенімен, меморгандар аса мүдделі емес. Себебі бізде халықпен ашық жұмыс істейтін мемлекеттік жүйе әлі қалыптасқан жоқ. Ол жүйені қалыптастыру үшін саяси жүйе өзгеруі керек, себебі құқымды қорғаймын дегендер қудаланып жатқанда, өз құқын талап етушілер аяғын тарта бастайды. Әрине, жеке шаруасын алып жүру үшін заңнан хабардар болу мақсатында өз құқын оқып-үйренетіндер бар. Заңгер білікті болса, компания мүддесін қорғап қала алады, бірақ үнемі олай бола бермейді, – дейді ол.

Құқықтық сауат туралы сөз болса, жоғары оқу орындарында заңгер мамандығын алып жатқан мыңдаған студент еске түседі. Соңғы жиырма жылда заңгер мен экономист болғысы келген талапкерлер өте көп болды. Дәл осы екі мамандық бойынша конкурс жоғары болатын. Арыға бармай, соңғы жиырма жылда заңгерлер мен экономистердің 4-5 буыны маман ретінде диплом алып шыққанын ескерсек, бүгінгі таңда халықтың белгілі бір бөлігінің құқықтық және қаржылық сауаты көтерілуі тиіс еді ғой. Бұл – біздің гипотеза. Ал Мейрамбек Камалов сан мыңдаған заңгер даярланса да, әділет принциптері орындалмай, құқықтық сауат көтерілмейді дейді. Өйткені құқын қорғау үшін сот төрелігіне жүгінген тұрғын әділетсіздікпен бетпе-бет келсе, беті қайтып қалады. Себебі сот­та әділет принципі бұзылды. Сондықтан бұл жерде құқықтық сауатты көтеруге халық та, ат­қарушы билік те, сот та мүдделі болуы тиіс.

Әрине, бұл өз кезегінде белсенді азаматтық қоғам құрудың алғышарты болар еді. Аза­маттық қоғам қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру да маңызды. Президент өз жолдауында осы ойдың астын сы­зып айтқаны есімізде, тіпті жақын арада Аза­маттық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейін­гі тұжырымдамасы әзірленіп, қабылда­натынын жеткізген. Сонымен бірге, келер жылды Волонтерлер жылы деп жариялады. Біздің тараптан атаулы жылда волонтерлерді халықтың құқықтық сауатын көтеруге жұмыл­дырса деген ұсыныс бар. Сонда бір оқпен екі қоян атуға болар еді: халық волонтерлерді тани түседі, олардың қоғамдағы рөлін түсінеді және құқықтық сауатын көтереді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ