Көпшілігіміз АҚШ пен Қазақстан ұқсастығы дегенде, Гранд-Каньон мен Шарын шатқалын еске түсіреміз. Екі елді байланыстыратын 20-ға жуық мәдени үйлесім бар десек, сенесіз бе? Америка мен Қазақстан – сіз ойлағаннан да жақын. Ұлттық музейде өткен көрме сөзімізге дәлел болады.
Шараның ашылу рәсіміне Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер, белгілі қоғам қайраткері, ғалым Әділ Ахметов және зиялы қауым өкілдері мен елімізде жүрген бірқатар АҚШ азаматы қатысты.
Qazaq Geography бірлестігі мен National Geographic Qazaqstan журналының ұйымдастырумен өткен фотокөрме АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық, географиялық, мәдени және тарихи ұқсастықты паш етіп, екі елдің бірлігі бекем серіктес екенін көрсетті.
«Көрменің негізгі мақсаты – тәуелсіздік жариялағанына 250 жылға жуықтаған алып супердержава – АҚШ пен егемендігін алғанына 28 ғана жыл толатын Қазақстан арасындағы экономикалық, географиялық, тарихи әрі мәдени ұқсастықтарды салыстыра отырып, қос ел туралы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, қоршаған орта мен табиғатты қорғау проблемаларына қоғам назарын аударту», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ал Уильям Мозер болса, Орталық Азиядағы ең керемет музейдің бірінде болғанына мақтанады. Америка мен Қазақстанның табиғаты, ұлттық парктері, мәдениеті ұқсас екенін алға тартты. Фотокөрме арқылы екі мәдениеттің сабақтастығына көз жеткізетінімізді айтты. Оның айтуынша, екі мемлекет арасындағы арақашықтыққа қарамастан, мәдениетіміз жақын, өзара қатынасымыз тығыз.
«Рухани жаңғыру» залында өткен фотокөрме таңдандырады. Алматы айналасындағы «Таңбалы тастағы» жазу АҚШ-тың батысындағы петроглифтерге ұқсайды. Семейдегі аспалы көпір мен Сан-Францискодағы «Алтын қақпа» өзара үндеседі. Родео мен өзіміздегі асау үйретудің жақын екенін көресіз. Солтүстік Американың байырғы халқы киіз үйге ұқсас типиде тұрған. Олардың өмір салты мал бағумен тығыз байланысты екен. Ал Алматыдағы орталық парктің Нью-Йоркте «егізі» бар. Қазір астаналықтар Опера және балет театрына барғанда, Карнеги холлға кіргендей әсер алады. Осыған ұқсас теңестіру көп. Ерекше әсер еткені – Үстірт ойпаты мен Америкадағы Ескерткіштер жазығы. Мұхит бөліп жатыр демесеңіз, АҚШ пен Қазақстанның дала құндылығы мәндес екенін сезесіз.
Ұлттық музейде екі күн ғана тұратын туындыларды кейінірек елордадағы MegaSilkWay мен Алматыдағы Mega-Almaty сауда-ойын-сауық орталығынан тамашалай аласыздар.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ