Қазақша дұрыс сөйлеп жүрміз бе?
Қазақша дұрыс сөйлеп жүрміз бе?
451
оқылды

Тіл сәт сайын өзінің нәзік дүние екенін, заман өзгеріп, қоғам алмасқан сайын түрлі өзгеріске ұшырап кете баратынын дәуірлер бойы дәлелдеп келе жатыр. Қазір қазақ тілінің басында да сондай бір алмағайып кезең орнап тұрғандай.

Тікелей осы мәселеге бай­ла­нысты Алматыда «Қазақ тіліндегі үлкен дағдарыс: Се­бептері мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында белгілі ғалым Қанағат Жүкешев өзінің «Тіл философиясы» кітабындағы лингвистикаға қатысты қалта­рыста қалып келген мәсе­ле­лерді көтерді. Осы ретте жиын аясында сөз алған спикер­лердің сүйекті-сүйекті пікірлеріне кезек берелік.    

– Тіліміз мемлекеттік мәр­тебе алғалы 30 жыл уақыт өтті. Содан бері ана тіліміздің абыройын көтеруге қатысты қаншама жиын, конференция өтті, бастамалар қолға алынды. Соған қарамастан, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмадық. Енді қазақ тілі индустриалды қоғамның әдеби тіліне сәйкес дамуы керек. Осы мәселені біздің философ, лингвист, басқа да тіл жанашырлары ескермей жүр. Бізде көптеген сөз екі түрлі, үш түрлі, бес түрлі нұсқада айтылады. Тіп­ті, бір сөздің 32 түрлі қосым­ша айтылу нұсқасы бар. Әлем­дегі озық тілдерде мұндай ол­қылық кездеспейді. Бұл қазақ тілін үйретуді қиын­да­тып тұр, – дейді философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешев.

Зерттеушінің айтуынша, қазір қолданысымызға кірі­гіп кеткен, бірақ зерделеп қарасақ, қисынға келмейтін тіркестер толып жүр. Соның бірі – «ой-сана» деген сөз. Ой деген – мысль, сана – сознание. Осындай сөздерді қосақтап бірге айту логикаға сыймайды дейді кітап авторы. Осындай мысалдарға арнап арнайы слайд жасаған ғалым, «іс-шараны» да шала-шарпы қолданысқа еніп кеткен сөз деп санайды. Дөңгелек үстел­ге қатысқан белгілі фило­лог, аудармашы Назгүл Қожа­бек те күнделікті сөйлеу бары­сын­дағы қателіктерді тізбелеп берді.

– Қазақ тілінде «қажетін өтеу» деген сөз бар. Мәселен, білім алуға деген қажетімді кітап оқу арқылы өтеймін. Қазір «әжетін өтеу» деген тіркес көп айтылады. «Әжетін өтеу» – дәретханаға бару. Ал «қажетін өтеу» – мүлде басқа мағына. Мұны орыс тілінде «удовлетворение потреб­ностей» дейді. Қазіргі қазақ экономика әдебиетінде бұл тіркес «қажеттіліктерді қана­ғат­тандыру» деп ауда­рыл­ған. Міне, қазақтың тілін осын­дай ау­дармалар құртып жа­тыр, – деді Назгүл Қожабек.

Мамандардың айтуынша, тілімізді тазартып, сауатты сөз қолданысын енгізу үшін бірінші кезекте БАҚ сауатты жаза білуі керек. Ол үшін бас редакторлар әрбір материалға қатал қарап, түзеуі қажет дейді. Одан кейін балабақша мен мектептердегі тіл тазалығына назар аударған жөн. Әрине, айтылып жатқан әділ сын тез арада жөнделетін болса, көп өтпей нәтиже де көріне бастайды.

 

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ