Бүгінде Қазақстан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті, бақуатты өмір сүріп жатқан мемлекет ретінде танылды. Еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыс өз тілдері мен мәдениетін дамытуға толық мүмкіндік алған. Олар «Қазақстан азаматы» дейтін өзіндік болмыс пен келбет қалыптастырып та үлгерді. Сондай этнос өкілдерінің арасында әзербайжан халқы бар. Біз бауырлас ұлттың бауырмал қызы, «Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігі» ҚҚ төрағасы Асылы Османға хабарласып, еліміздегі әзербайжан этносының бүгінгі жай-күйі жайлы сұраған едік.
– Асылы Әлиқызы, Қазақстанда 130 мыңдай этникалық әзербайжан тұрады екен. Мемлекетіміздің нығаюына олар қандай үлес қосып жатыр? – Қазақстан тұрғындарының, мейлі қайсы болса да, туған еліне, тұрған жеріне деген сүйіспеншілігі алабөтен болуы керек. Қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын, мемлекетке қандай қызмет етсе, әзербайжандар да сондай үлес қосып жатыр. Ғалымдары бар, кәсіпкерлері бар, әртүрлі жұмыс істейтіндері бар – бәрі осы Қазақстанды Отаным деп біледі. Өз басым әзербайжандар қазақ халқына адал деп ойлаймын. Өйткені әр адам қоғамға пайдасын тигізуі керек. – Еліміздегі әзербайжандар қандай кәсіпке бейім? Көбінесе сауда-саттықпен айналысатынын білеміз. Ал ғылымда, спортта, өнерде табысқа жеткен қандастарыңыз көп пе? – Ғылымда да, спортта да, өнерде де бар. Бірақ олар аз. Ауылдағылар мал өсіреді, егін салады. Саудагерінің көбі – қала мен қала төңірегінде тұратындар. Бізді 1994 жылы осында жер аударған ғой. Сол кезде келгендер қазір қазаққа әбден сіңіп кеткен, қазақ қандай кәсіппен айналысса, олар да соны істейді. Өзім оңтүстіктің қазағымын ғой. Сондықтан оңтүстіктегі жағдайды жақсырақ білемін. Ал сауда жасап, кәуап сататындар – мұнда кейін қоныстанған әзербайжандар. Енді олай бөліп-жармайық. Әрине, оқығандары да жетіп артылады. Оңтүстіктегі әзербайжандардың барлығы дерлік қазақ тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын жетік меңгерген. Араласып-құраласып кеткен. Қазақтан қыз алған, қазаққа қыз берген. Мысалы, ағамның қыздары қазаққа тиген, балалары қазаққа үйленген. Қазақпен түбіміз бір. Егер түсіне білсек, қазақты ерекше қадірлеп, қастерлеуге міндеттіміз. Өйткені қазақ – жер иесі, мемлекет құрған ел. Менің әрбір жиында айтатыным – осы. Дініміз бір, тіліміз ұқсас. Өзім туып-өскен Түлкібас жақта тұратын әзербайжандар орыс тілін білмесе де, қазақшаға судай. – Бұл екі халықты тілден басқа қандай қасиеттер табыстырады? – Әрине, салт-дәстүрінде айырмашылық бар. Дегенмен жақындық өте көп. Мысалы, қыз ұзату, келін түсіру, сүндетке отырғызу – бәрі бірдей. Қазақстандағы әзербайжандардың мінез-құлқы мен психологиясы Әзербайжандағы әзербайжандарға қарағанда қазаққа тартып кеткен. Адамды өскен ортасы тәрбиелейді ғой. Кеңдігі де, қонақжайлылығы да қазаққа ұқсайды. Тіпті, осында дүниеге келген баланың түр-әлпетінде де өзгешелік байқалады. – Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім туралы не айтасыз? – Біріншіден, елдегі ұлтаралық татулық, кеңдік, бірлік, ынтымақ – бәрі-бәрі көкте Құдайдың, жерде қазаққа тән дарқандықтың арқасы. Екіншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген кемел саясаттың жемісі. Сол себепті төрткүл дүниеге танылып отыр. Бүгін әлем Қазақстанды өнеге тұтып, өзгелер үлгі алады. Бүгінгі күні, қазақ жерін құтты қоныс, мейірімді мекен еткен этнос өкілдері кеңдік пен кемеңгерлік танытқан қазақ халқының қамқорлығына бөленіп отырған тұста, біздер Елбасы мен Президенттің барша Қазақстан халқын теңдікте ұстағанын жүрегімізбен сезініп, жанымызбен ұғынып, қазақ дегенде ішімізден жалын атуға тиіспіз. Одан ешкім тағынан түсіп қалмайды. Қайта бірлігіміз нығайып, ел арасында мәртебеміз көтеріліп, сыйластығымыз артып, мерейіміз жоғары болары хақ. Өз ісімізде қаталдықты, қоғамда адалдықты танытқан абзал. Бұл әсте де өзгені төмендетіп, қазақты асқақтату емес. Шырылдаған шындықты айтып, сыйластықты қалыптастыру, теңдікті айғақтай отырып, бірлікті терең ұғуға ұмтылдыру. Мұның жаршысы алдымен ҚХА мүшелері болса, нұр үстіне нұр. Яғни, ұлттық қасиетті қадірлеп, құрметтей отырып, әр тасында тарихтың таңбасы бар қазақ елін танып, туған Отанымызға деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімді жастар бойына дарыта қалыптастыра білсек, ұтарымыз көп болмақ. Қазақтың мемлекет құраушы ұлт екенін қазақ қана сезініп қоймай, бүкіл Қазақстан тұрғындары шын ниетпен шегіншектемей мойындап, бірлікте білікті де пайдалы істер атқарып, қазақ ұлтының төңірегіне топтассақ, рухани мәртебеміздің тұғыры биіктейді, сыйластығымыз шырқау биікке самғайды. Мұны әркім түсіне білуі қажет, бұған Ассамблея айрықша батыл үн қатуда. Сонымен қатар қазақ ұлтына деген сыйластық, оның тілін – мемлекеттік тілді құрметтеуден басталуы керек. Өйткені қазақ тілі баршамызды топтастырып, ұйыстырып тұр. Әрі Қазақстанда өзге этностардың өз тілдерінде сөйлеп, мәдениеттерін дамытуға жағдай жасалғанын ескерсек, біздің мемлекеттік тілді білуіміз «сыйға – сый, сыраға – бал» деген сөз. Жаһанда өз елінде өмір сүрген түрлі этнос өкілдеріне дәл Қазақстандай жағдай жасаған мемлекет ілуде біреу ғана. Мұны түсінуге тиіспіз. – Өзі туып-өскен елге қызмет ету – әр адамның парызы. Сол парызды өтеу үшін қайтпек керек? – Қазаққа мәңгі қарыздармын. Еш уақытта жақсылықты ұмытуға болмайды және оның қайтарымы болуы керек. Сондықтан да қазақ тілінің дамуы үшін бар күш-жігерімді салып жұмыс істеймін. Барлық этнос өкілдері жақсылықтың өтеуі ретінде қазақ тілінде сөйлесе деймін. Ахмет Байтұрсыновтың «байтақ жер де, бай тіл де қазақтыкі» деген сөзі бар. Қазақтың тілін ешбір тілмен салыстырмаймын. Қазақтың тілінің байлығын да, шұрайлылығын да, мәңгілігін де бәрінен жоғары қоямын. Тіл деп шырылдағанда, қазақ тілі құрып бара жатыр деп шырылдамаймын, қазақ VII ғасырда алып арабқа да, XIII ғасырда тегеурінді моңғолға да, XIX-XX ғасырларда ормандай орысқа да төтеп беріп, өзінің тәуелсіздігін сақтап, осы кезге жетті. Қанша тіл білсең, сонша ұлттың өкілісің. Қазақ артта қалғанды ілгері сүйрейді, жығылғанды тұрғызады, қиналғанға сүйеу болады. Осы тілге деген сүйіспеншілігім де қазақтың өзінің бойына біткен қайырымдылығының арқасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қазақ тілі ғұмырлы болғай! – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Айдар ДӘУІТҰЛЫ