Жауапты хатшылар жұмыссыз қала ма?

Жауапты хатшылар жұмыссыз қала ма?

Айрықша мәртебеге ие жауапты хатшылық қызметпен қош айтысатын болдық. Мемлекет басшысы 13 жыл бұрын енгізілген штат бірлігін қысқартуды тапсырған. Президент тапсырмасы біртіндеп орындалып жатыр. Лауазымы жойылған жауапты хатшылар енді қайда барып «бас сауғалайды»? Бұл қызмет бастапқы мақсатын орындай алды ма? Әлде жемісін бермеген соң алып тасталды ма?

Негізі, жауапты хатшы қызметі штат бірлігі ретінде әкімшілік реформа аясында 2007 жылы пайда болған. Оның мойнына артылған міндет те көп, сәй­кесінше статусы да ерекше еді. Ол ор­талық атқарушы органдарында ап­па­ратты басқарады, Президенттің өзі бекітіп, өзі алып тастайды. Мәртебесі айрықшау деуіміздің мәні осында. Заң бойынша ұзын саны 30 міндетті атқа­ра­ды. Бәрін тізбелемей, қысқа қайыр­ған­да, мем­лекеттік басқарудың тиісті са­лала­рында саясаттың іске асы­ры­луын қам­тамасыз етеді. Яғни, орта­лық атқа­рушы орган аппаратының жұмы­сын ұйым­дас­тырып, үйлестіріп, бақы­лайды. Ми­нистр­лер ауысқанда командалық көштің алдын алып, аппараттағы тұрақтылықты қамтамасыз ету керек болатын. Министрліктер мен ведомстволар ішіндегі функцияларды бөлу мақ­сатымен қосылған-етін. Яғни, министр саяси және стратегиялық мәселелермен айналысса, жауапты хатшы шаруа­шылық қызмет орындауы тиіс еді. Ада­ми ресурстарды дамытуға, қызмет­керлер жұмысына қарайды деп жос­парланған. Былайша айтқанда, өте маңыз­­ды тұлға саналып келді. Сая­саттанушы Ерлан Саировтың айтуын­ша, әу баста шаруашылық қызметпен айналысуы тиіс қызметкерлер іс жүзіне келгенде монополия құруды шығарған. «Министрді де, жауапты хатшыны да Президент тағайындайтын. Соны пайдаланып, жауапты хатшылар кейбір саяси мәселені монополиялайтын бол­ды. Министрліктегі қосбилік шешім қабылдауға, оның сапасына кері әсер беріп жатқандықтан, бұл институтты таратуға шешім қабылданды. Ұйым­дастыру ісі де, саяси мәселелер де бір адамның басы-қасында болғаны дұрыс сияқты», – дейді сарапшы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биылғы Жолдауынан үзінді келтір­сек. «Жауапты хатшылар институты мәселелеріне тоқталғым келіп отыр. Бұл институтты енгізер кезде жауапты хат­шылардың ауыспайтындығы ми­нистрлерді әкімшілік кадрлық жұ­мыстан босатып, аппараттың тұрақ­тылығын қамтамасыз етеді делінген еді. Бірақ бұлай болған жоқ. Министрлер мен жауапты хатшылар арасында кикілжің жиіледі. Оның кесірі жалпы іске тиеді», – деді ол. Мемлекет басшы­сының өзі бұл лауазымның бастапқы мақсатты орындай алмағанын, қайта керісінше кері әсер еткенін сынға алды. Саясаттанушы Айдос Сарым атал­ған лауазымды артық құрылым деп бағалайтынын айтып отыр: «Мемле­кеттік қызметтің кадрлық саясаттағы келістірілмеген құрылымына айналып кетті. Себебі жауапты хатшы көптеген елде мемлекеттік қызметтің ауқымында жұмыс істейтін қызметкер саналады. Өйткені министрлер партиялық тізім бойынша сайланып, ауысып кетіп отырады. Ал жауапты хатшылар тұрақ­ты қалатын тұлға болуы керек еді. Біз­дің жағдайда кез келген министр кез келген жауапты хатшыны ауыстыра алатын, өзінің адамын әкеліп қоятын функцияға айналып кетті. Сол себепті артық құрылым деп бағаланды». Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Анар Жайылғанова брифингте жауапты хатшылардың қызметін кімнің арқалайтынын айтты. «Жауапты хатшыларды таратқан кезде олардың міндеті аппарат басшыларына жүктеледі. Функциялары мен өкілеттері қайта қаралады. Бірақ бұл қысқарту мемлекеттік аппараттың тұрақты­­лы­­­­ғына еш кері әсер етпейді», – деді ол. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тіпті жалақы жайлы сөз қозғады. «Жауапты хатшылар инс­ти­­­­ту­­­ты 15 министрлікте бар. Аппарат басшы­­сының міндеттері заңда анық көрсетіл­ген. Ол сол жауапты хатшы­лар­­­дың өкі­летіне толықтай сәйкес келе­­ді. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Орта­­ша жа­­­­лақы 685 мың теңгеден бастап 830 мың теңгеге дейін. Айлық мөлшері жұмыс өтіліне байланысты болады» деген еді. Жауапты хатшының қызметін кім­­нің атқаратынын анықтасақ, енді жұ­мыстан айырылғандардың жағ­­дайына келейік. Олар қазірдің өзінде біртіндеп жаңа қызметтерге орналас­­тырылып жатыр. Ерлан Саиров жауапты хатшы­лардың жұмыспен қамту мәселесінде жеке-жеке қарау керек деген пікірде. «Қызметкердің қаншалықты жақсы жұмыс істейтініне байланысты болуы керек. Мысалы, осы қызмет түрімен кәсіби түрде айналысып, арнайы ква­­­лификацияға ие адамдар бар. Олар­­дан айырылып қалуға болмайды», – дейді саясаттанушы. Ал Айдос Сарым болса, олардың мемлекеттік қызметтен хабары бар болғандықтан, басқа салаға кетуінде тұрған ештеңе жоқ дейді. «Меніңше, жауапты хатшының керемет мұнайшы не дәрігер болуы міндетті емес. Ол – мемлекеттік қызмет туралы және өзге де заңдардың құрылымын жақсы біле­тін, аппаратты ұйымдастырушы. Бұрын бұл қызметті аппарат басшысы деп айтатын. Жанды қинамай, оларды аппарат басшысы еткен жөн деп ой­лаймын. Есесіне, кадрға жауап береді, қаламсаптың болуы, компьютердің дұрыс жұмыс істеуі, қызметкерлердің уақытылы жұмысқа келіп-кетуі деген сияқты істермен айналысады. Қалған мәселені сол саланың майын ішкен мамандар шеше береді». Айтқандай, 15 министрліктің жауап­­ты хатшысы жұмыссыз қалатын болды. Ұлттық экономика министр­­лігінің жауапты хатшысы Арман Жұма­беков, Білім және ғылым – Қанат Сәрсембаев, Ақпарат және қоғамдық даму – Жанат Қожахметов, Мәдениет және спорт – Бақытжан Берікбайұлы, Ауыл шаруашылығы – Марат Оразаев, Сауда және интеграция – Жәнібек Гүпі­ров, Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау – Аида Құрманғалиева, Қаржы министрлігі – Айдын Ашуев, Цифрлық даму, инновация және аэро­ғарыш өнеркәсібі – Әнуар Ахметжанов, Экология, геология және табиғи ресурс­­тар – Сәбит Нұрлыбай, Энер­гетика – Талғат Момышев, Әділет – Азамат Әмірғалиев, Сыртқы істер – Аркен Өте­­нов, Индустрия және ин­фра­құры­­лымдық даму – Мереке Пшем­баев және Денсаулық сақтау министр­­лігінен Әсем Нүсіпова бар. Экс жауапты-хатшылар жерде қал­­майды. Алды жаңа қызметке та­­­ғайын­далып, қызметке кірісіп кетті. Мысалы, Әнуар Ахметжанов Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнер­­­­­кәсібі министрлігіндегі бірінші вице-министр қызметіне келді. Ахмет­­­жановпен бір күнде жұмыстан босатыл­ған Әсем Нү­сіпова да өзінің министр­лігінде ми­­нистрдің орынбасары болды. Әріп­­тестерінің жолын Мереке Пшем­баев та қуды. Ол да вице-министр атан­ды. Артық құрылым деп алып тастағаны болмаса, әзірге әркім өз министрлігінен орын теуіп жатыр. Бұрын-соңды істеп көрмеген салаға барса, сіңіп кете ала ма? Ал командалық көштің күйі қандай болады? Оны бұрынғы жауапты хат­шылардың орнын тауып, оңалған ке­зінде көре жатармыз.  

Жадыра АҚҚАЙЫР