Бекзат пен Абылай кәсіпқой бокста бақ сынайды
Бекзат пен Абылай  кәсіпқой бокста бақ сынайды
236
оқылды

Әуесқой бокста ел мерейін ас­қақтатып жүрген былғары қолғап шеберлері кәсіпқой бокста да бақ­тарын сынап көрмек. 31 қазанда бокстан Қазақстан командасының мү­шелері, әлем чемпионы Бек­­зат Нұрдәулетов пен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Бапкерлер індет кезінде спортшыларды ба­бында ұстап, олимпиада ойын­дарына дейін тыңғы­лық­ты дайындау үшін осын­дай қадамға барды.

Иә, қыр астында Токио Олим­пиадасы. Әне-міне дегенше төрт құрлықтың маңызды додасы бас­талады. Еліміздің атынан бокс­шылар байрақты бәсекеге толық құрамда қатысады. Бұл отандық спорт жанкүйерлері үшін қуа­нышты жаңалық болды. Әлемдік жарыс алдында саңлақтарымыз қосымша тағы бір сы­нақтан өтіп, шебер­ліктерін шыңдауды дұрыс cанайды. SULEIMEN Promotions компа­ниясы ұйымдастыратын бокс кеші Атырау қаласында өтеді. Бұл шоуда шетелдік және қазақстандық бокс­шылар сынға түседі. Көрерменсіз өтетін бокс кеші «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көр­сетіледі. Бұл кеште Бек Нұрмағанбет, Евгений Павлов та өнер көрсетеді, ал Данил Семенов кәсіпқой рингтегі бірінші жекпе-жегін өткізеді. бокс Бүгінде боксшылар кездесуге дайын­дықтарын Алматы қаласында пысықтап жатыр. Қос дебютант та Танзания елінің өкілдерімен жұды­рықтасады. Абылай­ханның қар­сыласы Мешак Мванкемва, Бек­заттың қарсыласы Ибрагим Мао­кола да тәжірибелі боксшылар. Де­генмен біздің боксшылар мұ­найлы астанада өтетін бокс кешінде жан­күйер­лерге қуа­ныш сыйлау үшін барын сала­тынын жет­кізді. Сонымен қатар Абы­лай да, Бекзат та Олимпиада чем­пионы атанып, ел мерейін ас­қақ­­татуды арман­дайтынын әңгіме ба­рысында ерек­ше атап өтті.
– Біз жарысты ғана емес, оқу жаттығу жиындарын да сағындық. Пандемия спортшылардың алаң­сыз жаттығуына біраз уақыт кедергі кел­тірді. Кейін жағдай тұрақ­­талғаннан кейін қайтадан жатты­ғуымызға кірістік. Өйткені алда маңызды жарыстар бар. Ал ең негізгісі біз үшін Токио Олим­пиадасы екенін жақсы білесіздер. Соған қызу дайындықты бас­тап кеттік. Маған артылған се­нім­нің қаншалықты ауыр екенін білемін. Тек 69 келі емес, барлық салмақ бойынша ар­тымыздан еріп келе жатқан мықты бокс­шылар көп. Яғни, бұл спорт түрінен елімізде бәсекелестік өте жоғары. Сон­дықтан бізге еш босаңсуға бол­майды, – дейді Абылайхан.
Өз кезегінде Бекзат та бабында екенін, бас бапкердің барлық тап­сырмасын орындап жатқанын тілге тиек етті.
– Бас бапкер Ғалымбек Кенже­баев ағамызбен де, өзіміздің жеке бапкер Ма­рат Жәкиев ағаймен де дайындық жұ­мыстарын жүргізіп жатырмыз. Қос бап­кермен жаттығу кері әсерін тигізеді деп ойла­маймын. Қайта бұл біз үшін пай­далы болмақ. Алдағы олим­пиадада алды­мызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Сон­дық­тан дайындықты да арттыра түсуіміз керек, – дейді ол.
Ал бокстан Қазақстан құра­масының бас бапкері Ғалымбек Кен­жебаев екі боксшыдан көп үміт күтетінін айтады.
– Жуырда екі боксшымыз кәсіби түрде сынға түседі. Про­моутерлік компания Бек­зат пен Абылайханды таңдап алды. Басқа команда мүше­лері де назардан тыс қалған жоқ. Бірақ қарсыластар мәселесі туын­даған соң таңдау осы екі боксшыға түсті. Мұндағы біздің басты мақ­сатымыз – спортшыларды Токио Олимпиадасына дейін ба­бында ұстау. Әлемдік пандемия бізге үлкен кедергі келтірді. Олим­пиадаға толық құраммен жолдама алсақ та, індет салдарынан сегіз айдан бері еш­қандай жарысқа қатыса алмай отыр­мыз. Ал бокс­шыларға жарыс тә­жірибесі қажет. Сол үшін осындай қадамға бардық. Спорт­шылар кәсіби боксқа түбе­гейлі ауысып кеткен жоқ. Дүбірлі додаға дайындықты күшейту үшін бұл ұсынысқа келістік. Қар­сы­ластар туралы нақты мәлімет айта алмаймын. Әрине, танымал спорт­шылар болмайтыны анық. Әзірге жекпе-жектің қанша раундқа созы­латыны туралы нақты ке­лісілмеді. Біз 6-8 раундтық кездесу өтеді деп жоспарлап отырмыз, – деп жауап берді бас бапкер.
«Болат қайнауда, батыр май­данда шынығады» демекші, ұзақ үзілістен кейін бокс­шы­ларымыз шаршы алаң­да ше­берлігін шың­дап, бай­рақты бәсеке Токио Олим­­пиадасына дайын­дығын тағы бір пысықтап алатын болды. Елдің сенім артқан серкелері бұл сыннан да абырой­мен шығады деп сенеміз. Бай­салды Бек­затқа да, адуынды Абылайға да қар­сы­ласына алаң қо­жайын­дарының кім екенін көрсе­тетін тамаша мүм­кіндік туып тұр. Бәрі оңынан болсын дейміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ