Министр Түркістанда қоғамдық қабылдау өткізді
Министр Түркістанда қоғамдық қабылдау өткізді
311
оқылды

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының Open Space форматындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов тұрғындарды қабылдады.

Қоғамдық қабылдауда облыстың 7 тұрғыны жеке мәселелері бойынша арыз-шағымдарын айтып, министрден көмек сұрады. Атап айтсақ, Кентау қаласының тұрғыны А.Ыбырайым атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырып, үш айының ақшасын ғана алғанын, алайда бүгінгі таңға дейін белгісіз себептермен қалған ақшалай көмегін алмағанын айтып шағымданды. Кентаулық тағы бір тұрғын, жеті баланың анасы А. Жүзтаева да атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарын тапсырғанымен, екі айына ғана алғанын айтып, арызданды. Министр екі ананың да талаптары орынды екенін айта келе Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева мен Кентау қаласының әкімдігіне атаулы әлеуметтік көмекпен уақтылы қамту жөнінде тапсырма берді.

Арыстық К.Иманбекова тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтып шағымданды. Министр Арыс қаласы әкімдігіне К.Иманбекованы жұмысқа орналастыру шараларын қолға алу жөнінде тапсырма берді. Мәселе бақылауға алынды.

Түркістандық К.Тұңғышбаева өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасу үшін талай есікті тоздырған. Алайда түйткіл тарқамаған. Ананың жанайқайы назарға алынатын болды. Оған Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан қаладағы бос жұмыс орындары туралы мәлімет беріліп, жұмысқа орналастырудың нақты қадамдары жасалады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да жұмыс ұсынылмақ.

Қоғамдық қабылдауда ордабасылық Ф.Әшірбаева, сарыағаштық Б.Бекмұрзаева, түркістандық М.Сәрсембаева атаулы әлеуметтік көмек мәселесін қозғады. Өтініштерге байланысты Ордабасы, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласы әкімдіктеріне және Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына істі бақылап, тиісті көмек көрсету жөнінде нақты тапсырма берілді.

Біржан Бидайбекұлы тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді мұқият тыңдады. Әрбір арыз-шағымға кең көлемде жауап беріп, кеңесін айтты. Кей мәселелердің шешілуін бақылауында ұстайтындығын сөз етіп, әкімдіктер мен мекеме басшыларына тапсырма берді. Әрбір шағымданушы туралы мәліметті тіркеп алды.

– Бүгін қоғамдық қабылдауға Түркістан облысының бірнеше тұрғыны келді. Олардың басым бөлігі жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй мәселесін қозғады. Атаулы әлеуметтік көмектің уақтылы төленбеуі жайлы да шағымданғандар бар. Бүгінде бюджет тарапынан Түркістан облысына тиісті қаражат аударылып, қазан айының атаулы әлеуметтік көмегінің қаражаты төленіп жатыр. Жалпы Түркістан облысында 103 мың отбасы, 500 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алады. Кей жағдайда тұрғындар осы көмектің шарттары туралы толық білмейді. Оларға кеңес берілді. Сондай-ақ бос жұмыс орындарын ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар туралы да мағлұмат жетпегендер бар. Өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтарына барып, мағлұмат алып қана қоймай, жұмысқа орналасуға болады», – деді министр Б.Нұрымбетов.

Министрмен тікелей тілдескен тұрғындар мәселе тез шешімін тапса екен деген тілектерін жеткізді. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың шағымдары Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауына алынды.