Нұргүл Мыңғатова – Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Соңғы жылдары отандық телесериалдарда жиі көрініп жүр. Оның көпшілікке көбірек танытқан рөлі – «Келінжан» сериалындағы Балқия бейнесі. Одан бөлек, «Құсайыновтар. Өмір жолы», «Сырластар» сериалына түсті.
– Нұргүл, кинодағы әйел образы мен театрдағы бейне мүлдем бөлек. Кинода кейіпкеріңді бірнеше рет қайталап түсіруге болады. Театрда дубль жоқ. Қайсысы көбірек қобалжытады?
– Кино мен театр – екі бөлек. Бірінде кейіпкеріңді толық ашу үшін бірнеше рет түсіруге мүмкіндік бар. Театрда дубль жоқ. Театр сахнасына шыққан кезде қобалжитынымыз рас. Театр – тірі организм. Көрерменнің алдында сахнаға шығуға тура келеді. Сахнада қателеспеу керек. Қателік жіберуге де құқың жоқ. Өйткені көрерменіңмен тікелей байланыстасың. Сенің бүкіл іс-әрекетің оларға көрініп тұрады. Кері шегіну де жоқ. Театр да, кино да актерге көбірек жауапкершілік жүктейді. Оның бүкіл болмысы, бейнесі, іс-әрекеті алақандағыдай көрініп тұрады. Сол себепті екеуін бөле жарып, біреуін қиын, біреуін жеңіл деп айтпас едім.
– Бұрын сахнада батыр әйелдердің образы көбірек насихатталатын. Қазір заман басқа. Бүгінгі күннің батыр әйелдерінің бейнесі қандай?
– Қазақ әйелін қай кезде де, қай кезеңде де батыр деп айтуға толық негіз бар. Олар жаугершілік заманда қолына қылыш ұстап, ерімен бірге жауға қарсы шапса, бүгінгінің батыр әйелдері отбасын, ошақ қасын аман сақтау үшін «сары бала, қара қазанның» қамымен шапқылап жүр. Әнебір жылдары тіпті олар қолдарына ала дорба ұстап, базар-вокзал жағалап кетті. Бұл да отбасын сақтаудың қамы болатын. Олар бәріне үлгереді: үйге де, жұмысында да тыңғылықты. Балаға да көңіл бөліп, тәрбиесін де ұмытпай, жанұшырып жүргендері. Бүгінгі әйелдің өз қиындықтары бар. Әлеуметтік ахуал да оларды алаңдатпай тұрмайды. Сондай қайсар, кез келген қиындықты жеңе білетін, жауапкершілікті сезіне алатын қарапайым әйелдердің образын көбірек сомдағым келеді. Ол бір жағынан аналардың мықты екенін көрсету болса, екінші жағынан осындай қайсарлықты көрермен де сезініп, біліп өссе деген ой.
– «Келінжан» сізді Балқия рөлі арқылы көпшілікке танытты. Кейде актер бір образдан шыға алмай қалып қояды. Бұл актриса үшін қауіпті ме?
– Балқия образы көрерменнің көңілінен шығып жатыр. Кейде әлеуметтік желіде жекеге жазып, ақыл-кеңес сұрайтындар көп. «Сіз Балқия ретінде отбасындағы қиындықты қалай жеңіп шықтыңыз? Біз не істесек болады?» дейтін сауалдар да кездеседі. «Қайтсе де отбасыңызды сақтап қалуға тырысыңыз. Еркек кейде адасуы мүмкін. Ер адамның қателік жасауы – табиғатында бар дүние секілді. Басын тауға да, тасқа да соғуы мүмкін. Бірақ түптің түбінде ол өз шаңырағына, балаларының қасына, жарының жанына қайта оралары сөзсіз» деп жұбатамын. Әрине, бұл менің кеңесім ғана. Әйтеуір отбасы бұзылмаса, шаңырақ ортаға түспесе деген ізгі тілегім ғой. Әртіс бір образбен бірнеше күн ауырып жүруі мүмкін. Бірақ ол ары кетсе бірнеше күнге созылады. Кейде театрдан шығып, сол образдың кейпінде бір-екі сағат өмір сүресің. Ал ертесі мүлдем басқа образ, басқа бейне алдыңнан шығады. Кейде көрермендер «Балқия образы өз мінезіңізге ұқсай ма?» деп сұрап жатады. Балқия – жиынтық образ. Оның бойында бірнеше адамның бейнесі бар. Жеңгелерімнің, келіндерімнің бойындағы кейбір мінездерін, болмысын сіңдіруге тырыстым. Сол үшін де образдан шыға алмай қаламын деген қауіп жоқ.
– Қазір қандай сериалға түсіп жүрсіз?
– Соңғы түскен сериалым – «Өткінші жаңбыр». Almaty арнасының тапсырысымен түсірілген сериал. Режиссері –Дархан Саркенов. Басты рөлде Жанар образын сомдадым.
– Карантин шығармашылық ізденіске кедергі болмады ма?
– Жоқ, мүлдем олай айтуға да келмейді. Біз театрмен үнемі байланыста болдық. Онлайн жүздесіп отырдық. Көп кітап оқыдық. Туыс-туғандармен, ағайынмен бірге болдық. Бұрын театр, кино деп, жақындарымызбен жиі жүздесе бермеуші едік. Керісінше, карантин кезінде сол жоғалтқан уақыттың бәрінің орнын толтыруға тырыстық. Әрі оңаша қалу – өнер адамының өз-өзіне есеп беруіне мүмкіндік тудырады. Сол тұрғыдан келгенде уақытты өте ұтымды пайдаландық. Қазір жұмыс қайта басталды. Театр көрермендерімен қайта қауышып жатыр. Біз сахнаға оралдық. Кино бөлек ғой, театр сахнасын сағындық. Көрермен де сағынған болар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС