«Хабар»: эфирдің15 сағаты сериал
«Хабар»: эфирдің15 сағаты сериал
398
оқылды
Тіпті, дағдарыс лебі сезілетіндей. Мұндай трендке не ықпал етуі мүмкін? Қаржының жетіспеуі, ма­ман тапшылығы, цензура? Әрине, жоқ. Әлеуметтік же­лінің диктаты орнаған заманда көрермен теледидардан Instagram, Facebook, ВКонтакте, TikTok секілді желілерге, YouTube платформасына ауысқалы қашан. Өзіне қажет сериал, бейнебаян, ТВ-жоба, басқасын сол жақтан та­бады. Иә, тектоникалық өзгеріс. Алайда бұл үрдіс заңда жазылған мемлекеттік тіл талабын орындамауға желеу ме? Аталған факторлар бюджет қаражатын шетелдік сансыз ойын-сауық өнімін сатып алуға негіз бе? «Өлгендерді жақсы сөзбен еске алсын немесе мүлде ештеңе ай­тылмасын» деген нақыл бар. Соң­ғы кезде фактчекерлер «шындық­тан басқа» деген тіркесті соңына қосу керек деп жүр. Өкінішке қа­рай, осы нақылға мәндес мәтелді бүгінде «Хабар» арнасына қатысты қолдануға болатындай. Эфирі күнде қосулы «тірі» телеарна жай­лы қалайша бұлай айтуға болады деп шамданарсыз. Рас, бәлкім ағаттық шығар? Алайда кезінде қазақ көрерменіне талай мәнді-мағыналы тележоба, эфир саңлақ­тарын көрсеткен «Хабар» телеар­насы туралы бүгін тек өткен шақ­тағы естеліктер естиміз. Бұл күн­дері көрермен, тілші қауымның «Хабардан» мегажоба, деректі фильм, көркем туынды көріп, там­санғанын, әсер алғанын, оларды қолдап не сынап, талқылағанын құлағың шалмайды. Яғни, арна­ның бүгінгі тыныс-тіршілігі ауди­торияның көзінен, көңілінен тыс. Оны рейтинг сандары да растайды. Ал «Хабардан» ертең, осы апта, алдағы телемаусымда жаңа жобаны асыға күтіп жүрген көрерменді шаммен іздеп таппайсың. Яғни, перспективасы да белгісіз. Сансыз сериал. Қазіргі қалып­тасқан проблеманың себебі неде? Кезінде (тағы да өткен шақта) аты алысқа кеткен «Хабарға» не болды? Дөп басып айту қиын. Оның жа­уабын агенттікті басқарған медиа менеджерлер немесе Есеп комитеті бергені дұрыс болар. Себебі атал­ған арнаға жыл сайын бөлінетін 13-15 млрд теңгенің сұрауы, нәти­жесі болуы міндет. Есесіне, бүгінде «Хабарды» сериалдар арнасы деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, 1 маусым күні эфирден 12 рет түрлі мультсериал көрсетілген. Олар: «Малышарики», «Большая ма­ленькая ложь», «1001 түн: айтыл­маған әңгімелер», «Листопад», «Жестокий Стамбул», «Келінжан», «Пәленшеевтер» және «Анашым, мені қалдырма». Бұл сериалдар сол күнгі жалпы 20 сағаттық эфирдің 15 сағат 30 минутқа жуық уақытын алған. «Хабарды» отандық Netflix дерсің. Бірақ екеуінің бір ғана айырмасы бар. Өзіміздікі бюджет ақшасына телмірсе, АҚШ-тікі көрерменнің жазылым ақшасын пайдаға жаратады. Эфирде сериалдар үлесін күрт арттыру арқылы менеджмент кө­рерменді көбірек тарту саясатын жүргізіп жатқанын байқау қиын емес. Алайда салық төлеушілердің қаражаты Ресейдің «Малыша­рики», Түркияның «Листопад», «Жестокий Стамбул» сериалына жұмсалу керек пе? Архивтегі өнімдердің ақысын төлеп, эфир жабу үшін ғаламат менеджерлік қабілет керек емес-ау. Мысалы, «Листопад» 2005-2010 жылдар ара­лығында түсірілген «көне өнім». Елімізде оны жекеменшік арналар көрсетіп тастаған. Оны шаң басқан жерінен 10 жылдан соң сатып алып, эфирге қоюда қандай логика болды екен? Басқаша айтса, «Хабар» мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу деп, эфирдің 75 пайызын сериалмен «жабу» деп түсініп отыр. Бұл жағдай отандық экономиканы дамытуға бөлінген бюджет ақшасын банкттегі депо­зитке салып, оның пайдасына күн көретін кейбір ұлттық компания­ларды еске түсіреді. Тіл саясаты қайда қалды? «Хабарға» бос шүйлікті демеңіз. Бірақ аталған арнаның бүгінгі сая­саты салық төлеушілер қаражаты­ның тиімсіз жұмсалып жатқанын өз эфирі айшықтап тұр. Оған тағы бір дәлел. Мәселен, Тілдерді дамы­ту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «мемлекеттік БАҚ эфирінде мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар саны жыл сайын 10 пайызға өседі» деп көрсетілген. Арада 9 жыл өтті. Бағдарлама іске асып, әр жыл қазақша жобалар 10 пайызға артса, онда биыл «Хабар» эфирінің кемі 80-90 пайызы қазақша сайрауы тиіс еді. Алайда қазіргі жағдай мүл­де олай емес. 20 сағаттық эфирдің тек 6-7 сағатқа жуық үлесі қазақша өнімнің үлесінде (мәселен, 28 сә­уір). Бұл – жалпы эфирдің тек 30-35 пайызы деген сөз. Оның өзі саяси, экономикалық, әскери не эконо­ми­калық тележобалардың үлесінен емес, ескі сериал мен кон­церт есебінен жетіп отыр. Мысалы, 9 мамыр күнгі эфир толық орыс тілінде болды деуге болады. Себебі сол күні эфирге таңғы 6.00-07.45 аралығында «Жеңіс туы, желбіре» атты концерт, 23.15-00.45 ара­лы­ғында «Мәңгілік ел – мұраты­мыз» атты концерт және 00.45-02.00 аралығында «Кебенек» те­лехи­кая­сы қойылған. Бұл дегеніңіз 9 ма­мырда 20 сағаттық эфирдің тек 4 сағаты ғана қазақша телеөнімге арналған (20 пайыз ғана). Енді олар­дың эфирге қойылған уақы­тына назар аударыңыз. Таңғы 6-да және түнгі 12-ден кейін. Яғни, «Хабар» басшылығы Жеңіс күнін қазақстандықтар орыс тілінде атап өтсін дегісі келгендей. Одан басқа, қорытынды жасауға негіз жоқ. Заңды белден басты. Мына деректерге қарап, «Хабардың» эфир жоспарын түзуші кісі қазақ тіліне қас па немесе Тілдерді да­мыту бағдарламасын, «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңды пысқырмайтын өзіне тым сенімді азамат па дерсің. Себебі осы заң­ның 10-бабы 2-тармағында «Қа­зақ тіліндегі теле-радио бағдар­ла­малардың жергілікті уақыт бо­йынша нөл сағаттан бастап есеп­телетін, әрқайсысының ұзақтығы алты сағаттық уақыт аралығында­ғы көлемі басқа тілдердегі теле-радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс» делінген. Басқаша айтса, таңғы 06.00-ден түскі 12.00-ге дейін, түскі 12.00-ден кешкі 18.00-ге дейін, кешкі 18.00-ден түнгі 24.00-ге дейінгі әр 6 сағаттық эфирде қазақ тілінің үлесі 3 сағаттан кем бол­мауы қажет. Яғни, прайм-тайм болсын, таңғы не түскі мерзім бол­сын, қазақша телеөнім саны азаймауы керек. Бұл – заң талабы. Алайда мемлекеттік арна «Хабар» оны орындай ма? Жауапты табу үшін тағы эфиріне жүгінейік. Алысқа шабылмай, 8 маусым күнгі эфирде прайм-тайм уақыты орыс­тілді сериал мен жобаларға бе­рілгенін байқаймыз. Тек 18.25-те «Сүйе білсең» телехикаясы мен 23.10-да ТВ-шоу «Жұлдыздар айтысады» жобасы бар. Екеуінің қосындысы 2 сағат 25 минутты құрап, заң сұраған өлшемге сай келмей тұр. Ал 18 мамыр күнгі кешкі эфирде 19.25-20.00 ара­сын­да «Пәленшеевтер» телехи­каясы мен 20.00-20.50 аралығында кешкі жаңалықтар ғана «қазақша сөйлеу бақытына ие болған», бірақ 1 сағат 25 минут қана. Тағы да заң орын­далмаған. Жалпы, Тілдерді дамыту бағ­дарламасы мен «Теле-радио хабар­ларын тарату туралы» заң талап­тарының орындалуын Ақпарат комитеті, Теле-радиоарналарда ақпараттық жұмыс басқармасы бақылауы тиіс. Алайда бұл заңбұзу­шылықтарға қарсы неге шара қол­данбайтыны белгісіз. Қазақ факторын елемеу. Бүгін­де ескі сериалдарды есепке алма­сақ, «Хабар» эфирінде қазақша 4 телебағдарлама аман қалды. Ол – «Қоғамдық талқылау», «Баспанаға бағыт» және «Жұлдыздар айты­сады», «Жұлдызды жекпе-жек». Яғни, бір қоғамдық, бір әлеуметтік және екі ойын-сауық жоба көр­сетілуде. Бұл аз ба, көп пе? Жо­ғарыда айтылған Тілдерді дамыту бағдарламасын, былтыр бөлінген 14,9 млрд теңге азаматтардың са­лығын еске алсақ, әрине қажетті деңгейде емес. Оған қоса, «Хабар» ақпараттық саясатты жүргізуде демографиялық көрсеткіштерді мүлде ескермейтін секілді. Мәсе­лен, жарнама берушілерді қызық­тыратын үш республикалық ма­ңызы бар қаламызда қазақ ұлты­ның үлесі басымдыққа ие. Ал­ма­тыда – 60 пайызға, Шымкентте – 70 пайызға және Нұр-Сұлтанда 80 пайызға жуық. Ал республиканың басым халқы тұратын Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарында қазақ халқының үлесі одан да жоғары. Алайда осыған қарамай, «Хабардың» жал­пы эфир мен прайм-тайм уақытын тек орыстілді сериалдарға үлестіруі не маркетингтік, не статистикалық деректерге емес, басшылықтағы санаулы адамның жеке бас қала­уына негізделген шешім секілді. Рейтинг те оңбай тұр. Иә, мұ­ның барлығын рейтинг үшін жа­садық, қазақ та, басқа да орыс тілін түсінеді, бәсекеге қабілетті болу мақсатында орысша сериал санын арттырдық деген жауап дайын тұрған шығар арна басшылығында. Ал енді сол рейтингке зер салайық. Мәселен, 4 маусым күнгі тәуліктегі эфир бойынша «Хабар» барлық арналардың арасында 9-орынға жайғасқан, сол күнгі рейтинг бар-жоғы – 0,4, ал үлесі – 4,4. Прайм-тайм уақытында қаптаған орыс тіліндегі сериалдар да көп көме­гін тигізбеген сыңайлы, арна – 10-орында, рейтинг – 0,4, үлесі – 3,3. Яғни, «Хабар» 9 не 10- орында болса, сұраныста емес деп тұ­жырым жасауға негіз бар. Бұл – арнаның жалпы тәуліктік көрсеткіші. Бәлкім, жекелеген жобалары топ жарып тұрған шы­ғар? Жоқ, әр сериалдың рейтингін жеке қарастырсақ та, оқ бойы оза шапқаны да шамалы. Қазақтіл­ді­сінің де, орыстілдісінің де рейтингі 0-0,7 арасында. Үлесі – 0,3-8,2. Бұл көрсеткіш жоғары ма, төмен бе? Оны білу үшін өзгелермен салыстырған жөн. Мәселен, кешкі 18.00-де басталатын «Хабардағы» «Келінжан» сериалының рейтин­гі – 0,3, ал үлесі – 3,0. Дәл осы уа­қытта Ұлттық арнада шығатын «Шексіз сезім» хикаясы бар. Оның рейтингі – 1,8, ал үлесі – 19,6. Ал енді 22.30-да орыс тілінде көр­се­тілетін «Листопад» сериалын ала­йық. «Хабардың» прайм-тай­мы­нан орнын ойып алып тұр. Алайда рейтингі – 0,7, үлесі – 4,8. Дәл осы уақытта «Астана» арна­сында көрсетілетін «Кулфи» сериалының сандары анағұрлым жоғары. Рейтингі – 3,6, үлесі – 23,7. Бір қы­зығы, «Кулфи» – қазақ тіліне ауда­рылған үнді хикаясы. Яғни, қазақша сериалмен де көрермен жинауға болады екен. Сөз соңында. Бұл мақаланың мақсаты бір арнаға шүйлігіп, кем­шілігін тізбектеу емес. Тек салық төлеушілер ақшасына қызмет етіп отырған мемлекеттік телеарнаның ақпараттық саясатында жіберіліп отырған келеңсіздіктерге қоғам назарын аудару. Әрине, ақпа­раттық нарық болған соң арна менедж­менті бәсекеге қабілетті болу үшін коммерциялық сәтті жобаларды таңдауға, оны прайм-тайм мерзі­міне қоюға толық құқылы. Алайда ол қазақ тілін дамыту, қорғау үшін қабылданған заңға қайшы келмеуі тиіс. Оған қоса, рейтинг, үлес көрсеткіштері коммерциялық жобалар мен сериалдардың аса сәтті болмаға­нын айшықтап тұр.  

Әлихан ИСМАН