Тарихтың куәгері – Сарайшық
Тарихтың куәгері – Сарайшық
339
оқылды

Таяуда іссапармен Атырауға ат басын тіредік. Жұмыс тәмамдалған соң бос уақыт қалып қойды. Бірден талай ханның сүйегі жатқан ескі қала Сарайшыққа асықтық. Сарайшық Атырау қаласынан 50 шақырымдай жерде орналасқан. Бүгінде кішігірім елді мекен. Ауыл тұрғындарының кейбірі осында орналасқан музейде қызмет етеді.

Ескі қаланың мекенін іздеп келген кісі алдымен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына» бас сұғады. Онда музей, мешіт және Хандар пантеоны деп аталатын 8 қырлы кесене-ескерткіш бар. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Олар:  Мөңке-Темір (1266-1282 жж), Тоқтағу (1291-1312 жж), Жәнібек (1343-1353 жж), Әмір – Оқас (1440-1447 жж), Қасым хан (1511-1518 жж), Ших Мамай (1542-1549 жж) және Жүсіп хан (1549-1554 жж). Сарайшық Кейбір деректер бойынша, Сарайшық қаласы Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Қасым хан тұсында Қазақ хандығының астанасы болған. Алайда Алтын Орданың орталығы басқа шаһар болғаны туралы да мәлімет бар. Қала Жайықтың иінін­де орна­ласқан соң жан-жағы сумен қор­шалған. Нақ осы мекен бекер таң­далмағаны анық. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі гео­графы, саяхатшы Ибн-Батута. Ол 1334 жылы өзінің саяхаттарының бірінде «Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүниежүзіндегі Бағ­­дат­тан кейінгі екінші жүзбелі көпір осын­да екен» деп естелік қалдырған. Яғни, өрке­ниеттің жетістігін сол заманда-ақ қол­данған. Шаһар «Жібек жолының» бо­йын­да орналасқандықтан, маңызды сауда орталығы есептелген. Сарайшық Мұнда алғашқы қазба жұмыстары ХІХ ғасырда жүргізілген. Сол кезде алтын, күміс, мыс әшекей заттар мен тиындар табылған. Ал 1950 жылы Сарайшықтағы зерттеу жұмыстарын Әлкей Марғұлан жалғастырып, қала ХІІ ғасырда салынған деген тұжырымға келеді. Алайда 1990 жылдары Жайық тасып, жағасына жайылған соң көне қаланың біршама бөлігі су астында қалған. Тек жақында ғана судан қоршау салынып, тарихи мекенді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Биыл қазан айының бел ортасында ғалымдар Сарайшықтан Қасым ханның зиратын тапқанын хабарлады. Дегенмен бұл әзірге болжам. Археологтер қаланың қабырғаларын қолдан қалпына келтіріп жатыр екен. Қабырғалардың жаңа екені көрініп тұр. Адам қолы араласса, Сарайшық тарихи маңызын жоғалтпай ма деген күмән оянды. Бірақ жер астында жойылған тарихымызды ең болмаса осы­лай жаңғыртқанымыз абзал ғой.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА