«Nur Otan» партиясы Көкшетау қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы қаланың солтүстік бөлігінде қарқынды дамып келе жатқан «Сарыарқа» шағынауданындағы құрылыс барысына тексеріс жүргізді.
Рейд мақсаты – бюджет қаражатының игерілуін бақылау және «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» партиялық жобаларын іске асыру. Жаңа «Сарыарқа» шағынауданында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған санатындағы отбасылар үшін көпқабатты үйлер салынып жатыр. Қазір бір-бірлеп жалға беріліп, көппәтерлі үйлерге қоныстануда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үй сапасы – бүгінде Ақмола облысындағы басты мәселелердің бірі. Мониторингке қатысушылар тұрғын үй құрылысы саласындағы өзекті мәселелердің себебіне егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Мәселен, облыс орталығында биыл пайдалануға беруге жоспарланған 8 көппәтерлі тұрғын үйдің тек біреуі ғана пайдалануға берілді. Негізі, өткен жылы пайдалануға берілуі керек еді. Ал тағы жеті көппәтерлі тұрғын үй қашан салынады? (5 – Көкшетауда, бір-бірден Ерейментау және Целиноград аудандарында) Бұл мәселе партия мүшелерінің бақылауында.
«Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысының сапасына мониторинг жүргізу барысында барлық нюансты ескеру керек екенін айтты.
– Бюджет қаражатын пайдалануды басынан аяғына дейін тиімді тексеру қажет. Мамандар барлық нюанстарды ескеру үшін ЖСҚ-ны егжей-тегжейлі зерделеуі керек. Жаңа тұрғын үй алабында барлығы да уақыт талабына сай болуы тиіс, оның ішінде аулаларды жоспарлау да бар. Елордада аула аумақтары қалай безендірілетініне назар аударыңыз. Кішкентай аумақта жайлы өмір сүру үшін қажет нәрсенің бәрі бар, – дейді ол.
Қазір ғимаратты әрлеу, кіру топтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шарт бойынша үйді тапсыру мерзімі – 2020 жылғы 4 тоқсан.
Тұрғын үй құрылысындағы жұмыс қарқынын ескере отырып, осы жылдың қорытындысы бойынша 82 пәтер пайдалануға беріледі (Степногорск қаласы – 30, Есіл ауданы – 12, Біржан сал ауданы – 10, Целиноград ауданы – 30). Облыс орталығында, Ерейментау, Целиноград аудандарындағы көпбалалы отбасыларға арналған 90 пәтер пайдалануға берілмей қалуы мүмкін.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін жедел шешу үшін биыл Ақмола облысының әкімдігімен жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1,4 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар Атбасар ауданында өңір бойынша мұқтаж 86 көпбалалы отбасының 16-сы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы санат бойынша Көкшетау қаласында 40 пәтер және Целиноград ауданында 30 пәтер пайдалануға беріледі. Жұмыс жалғасып жатыр.