«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен ел билейді». Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент ұлттық компанияларда басшы әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін арттыруды ұсынды. Бұған дейін депутаттар «Сайлау» және «Саяси партиялар» туралы заң жобаларын мақұлдаған. Құжат бойынша партиялар Парламентке кандидат жасақтағанда әйелдер мен жастарға ең кемі 30 пайыз квота беруге тиіс.
Алдымен Президенттің соңғы мәлімдемесіне ой жүгіртейік. Қазіргі таңда ұлттық экономикадағы әйелдер үлесі 50 пайыздан асады. Яғни, шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтардың тең жартысы қыз-келіншектер деген сөз. Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығында нәзік жандылардың көбейгені ЖІӨ-ні өсіріп, экономиканы әртараптандыруға септеседі. Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының басшысы Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, бүгінде ұлттық компаниялардың директорлар кеңесіне кіретін басшылардың 5-7 пайызы әйелдер екен. Норвегияда бұл көрсеткіш – 41 пайыз, Францияда – 37 пайыз, Швецияда – 33 пайыз. Демек, еуропалықтар бірдеңе біледі. Алайда кейбір сарапшылар бизнестің табиғи процесіне бұлай араласу еңбек өнімділігін төмендетеді деп санайды. Өйткені өте білікті ер адам гендерлік квотаның кесірінен ғана шетке ысырылуы мүмкін. Дамыған елдерде директорлар кеңесінің (немесе бақылау кеңесінің) құрамына әйелдерді қосуға міндеттейтін арнайы нормалар бар. Мысалы, АҚШ-тың Калифорния штаты компанияның топ-менеджментінде кемінде бір әйел болуы керек деп шарт қойған. Шарт орындалмаса, қор биржалары компанияны жария листингтерге қатыстырмайды. Биыл 22 сәуірде Мәжіліс «Сайлау» және «Саяси партиялар» туралы конституциялық заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы заң жобаларын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, партиялар үміткер жасақтау барысында әйелдер мен жастарға 30 пайыз квота бөлуге міндетті. Бірақ әйелдер мен жастарды бірге қосқанда 30 пайыз ба, әлде әрқайсысы отыз пайыздан болуы керек пе, ол жағы әлі бәймәлім. Жалпы, мұндай партиялық квота көп жерде бөлінген. Мәселен, Германияда 50 пайыздық квота енгізілген. Швеция да сондай тәжірибе қолданады. Дүниежүзі парламентаралық ұйымының (IPU) дерегіне сүйенсек, парламентінде әйелдер басым мемлекет – Руанда. Африка құрлығының қақ ортасында орналасқан елде депутаттардың 61 пайызы – нәзік жандылар. Кубада – 53 пайыз, Боливияда – 53 пайыз, Францияда – 39 пайыз, Ұлыбританияда – 34 пайыз, Өзбекстанда – 25 пайыз, Түркіменстанда – 31 пайыз, АҚШ пен Қырғыз Республикасында – 23 пайыздан. Қазақстанда бұл көрсеткіш 22 пайызға жетеғабыл. «Саясаттағы әйел» жаһандық индексінде еліміз 149 елдің ішінде 94-орында тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің 55 пайыздан астамы – әйелдер. Судьялар корпусының 47 пайызы нәзік жандыларға тиесілі. Биыл ел тарихында тұңғыш рет әйел адам облыс басшысы атанды. Сондай-ақ Қазақстан билігінде белгілі бір лаузымдарға, мысалы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне көбінесе әйелдер тағайындалады.Еркебұлан НҰРЕКЕШ