Болашағы жоқ ауыл тұрғындары қайда барады?
Болашағы жоқ ауыл тұрғындары қайда барады?
371
оқылды

Бұл тақырыптың қозғалып келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт болыпты. Айта бер­­геннен оңып кеткен жай бар ма? Қазір елде 6,5 мың ауылдың 3,5 мыңға жуығының ғана даму әлеуеті бар. Бұл дегеніңіз келешекте әрбір екінші ауыл жойылуы мүмкін екенін аңғартады. Одан бө­лек, енді болашағы жоқ елді мекендерге респуб­ли­калық бюджеттен қаржы бө­лінбейді.

Адамы азға ақша жоқ

Жақында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов болашағы жоқ ауылдарды тілге тиек етті. Ве­домство басшысының сөзінше, ел ау­мағындағы 2 761 ауылдың болашағы жоқ деп танылған. Онда 1 миллионға жуық адам өмір сүріп жатыр. Орташа есеппен әр ауылда 600-ден астам тұрғын бар. Министр осы болашағы жоқ ауылдарға енді республикалық бюджеттен қаржы қарасты­рыл­май­тынын айтады. Соңғы 7 жылда 500-ден астам ауыл жойылғанын ескерсек, бұл онсыз да азайып бара жатқан елді мекендерге қол сілтегеніміз емес пе? Ал Руслан Дәленов «қаржы бөлінуі үшін ауылдардағы демографиялық ахуал жақсаруы керек», – дейді. Біз де осы мәселеге тоқталып, демография жайын сөз еткенді жөн көрдік. Елімізде басы дүркіреп, соңы сұйы­лып кеткен құжат-қаулылар бол­­ғаны жасырын емес. Алайда өзгеден жөні бөлек бір қаулыны Үкімет 2014 жылдың наурызында қабылдаған болатын. «Болашағы жоқ ауылдардың жағдайы мен демографиялық кар­тасын рет­тейтін» №248 қаулы көп­шіліктің кө­кейіне қонды. Яғни, қаулы негізінде шеттен келген қандастар дәл осы құрып бара жатқан ауылдарға орна­ласуы керек еді. Қандастардың көшіп келу мәселесі жүзеге асты, бірақ олар­дың басым бөлігі демографиялық ахуал ушыққан солтүстік өңірлерге емес, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыс­тау және Жамбыл облыс­тарына орна­ласқан екен. Келесі мә­селе – теріс­тіктегі халықтың ауыл тұр­мақ, қалаға тұрақ­тамай өзге елдерге көшіп жат­қаны. Жалпы, ішкі көші-қон үде­рістерін реттеу мақсатында елімізде «Ішкі көші-қон туралы» заң қабылдау қа­жеттігі жайында медиа қауымдастық та, қоғамдық институт өкілдері де талай дабыл қақты. Осыдан бірнеше жыл бұрын «ішкі көші-қон туралы» заң жобасы дайындалып, Парламентке келгенде, қоғам одан біраз үміт күткені рас. Алайда заң жобасы жоба қалпында ғана қалып қойды. Түйіні, қаулының қауқары көпке бармады. Мысалы, көршілес Ресейде «болашағы жоқ ауылдар» деген түсінік жоқ. Себебі демо­гра­фиялық карта арқылы өзге елден кө­шіп келіп жатқандарды ше­караға жақын, тұрғыны аз өңірлерге апарып орналастырады. Бізде де құрып бара жатқан осы шекараға жақын маңдағы ауылдар. Мысалы, биыл ШҚО Зайсан ауданына қарасты Жаңабоз, Талды, Сарытұмсық пен Саршы ауылдары жойылды. Бұған дейін шығыста Қы­таймен шекаралас аумақта жатқан бір­неше ауыл құрдымға кеткен еді. Ол аз дейсіз бе? 2020 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 38 ауыл есептен шығарылды. Мұның әрқайсысында шамамен 10 адам ғана қалған екен. Демограф зерттеуші Мақ­сат Имандосов болса, Қазақ­стан­дағы ауылдардың көбінде адам ұстап тұру мүмкін емесін айтады. Оның ойынша, қолайсыздық – басты мәселе. – Ауылдан қалаға көшу мигра­циясы 30 жылдан бері үзілмей келеді. Бір жағынан урбанизация әлемдік тен­денцияға айналып отыр. Жабылып жатқан тағы сол солтүстіктегі ауылдар. Туу көрсеткіші минусқа кетпесе де, қарқынды емес. Менің бір байқағаным, ауылдарда комфорт жоқ. Адамды кө­шіріп апарсаңыз да ұзақ ұстай ал­майсыз. Бір-ақ сөз – ауылдар қолай­сыз. Қарапайым формула, демо­гра­фияның қозғаушы күші – жас отба­сылар. Жастар қалаға асығады. Оған кінә арта алмайсыз. Үкімет ауыл шаруа­шылығы жайлы жиі айтады, бірақ ауылда дамып жатқан шаруа­шылық көрмедік. Жұмыс болса, адам­дардың ауылда қалуына жол ашылар еді. Осыдан кейін жойылуға шақ қалған ауылдарда адам көбейеді дегенге сене қоймаймын, – дейді маман.

Қолайсыз мекенге жастар жуымас

Шынында да, ауылдардың қо­лайсыз екенін жасыра алмаспыз. Ал жас мамандар ауылға жуыса қоя ма? «Дипломмен ауылға» қанша түлек барды дерсіз. Республика бойынша 2019 жылы оқу орнын бітірген 3 908, соңғы 10 жылда 60 мың жас маман ауылға аттанған екен. Ұлттық эко­но­мика министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, ауылға барған жастардың 90 пайы­зы тұрақтап қалатын көрінеді. Көңіл­­­­­ге күмән ұялататын осындай есеп бар. Бірақ ауылдық жерлерге жұмыс орын­дарын ашу арқылы мәселе шешіл­мейтін сыңайлы. DataSight әлеу­меттік және бизнес зерттеу орта­лы­ғының директоры, әлеумет­танушы Ілияс Тілеубергенов болса, «тапқан ақшасын жұмсай алмаған адам да қо­лайсыздық сезінетінін» айтады. – Адамдардың мәселесі тек жұмыс­пен қамтумен шектелмейді. Тапқан табысын тиімді пайдаланып, ақшасын алуы да қажет. Демек, ауылдан қалаға көшуді тек жұмыссыздық, табыстың аздығымен байланыстыруға болмайды. Адамдар ең әуелі қауіп­сіздігін ойлайды. Ал ауылдық жерлерде немесе аудан­дарда мықты маман, білімді дәрігер бар дегенге жұрт сене қоймайды. Себебі білікті маманның көбі қалаға шоғыр­ланған. Одан кейін білім мәселесі бар. Көпшілік ата-ана баласының қалада білім алғанын қалайды. Яғни, аңғарсақ азаматтарға қоғамдық қызметтің сапа­сы маңызды. Көп ауылда мектеп, ау­­рухана, интернеттің болмауы – соның бір дәлелі. Сондықтан ауыл халқы қалаға тек жұмыс іздеп көшіп жатқан жоқ, азаматтар қолайлы, жайлы өмір үшін осы қадамға барады, – дейді ол. Айналып келгенде әңгіменің төр­кіні барлық елді мекендердің инфра­құрылымына тіреліп отыр. Барлығын ур­­банизацияның зардабы деп қа­был­дау қисынсыз секілді. Бір анығы, ауыл­дарды сақтап қалу үшін істелген әре­кеттер нәтижесін бермей жатыр. Ке­лешекте жойылар елді мекендер кө­беймесе, азая қоймасы анық. Бұл – талассыз дүние. Ал халқы онсыз да қалаға көшіп жатқан ауылдарда демо­графияны жақсарту жайлы айту артық секілді.

Мадияр ТӨЛЕУ