Жалғызбасты әкенің мұңын кім тыңдайды?
Жалғызбасты әкенің мұңын кім тыңдайды?
251
оқылды

Қоғамда жалғызбасты әкелер көбейіп барады. Мұны заңгерлер де, Статистика комитеті де растап отыр. Комитеттің 2019 жылғы дерегі бо­йынша, елімізде 60 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Араларында алимент ала алмай, сотқа жүгініп жүргендері қаншама? Ақшаны даулайын десе, азамат атына сын, дау­ламайын десе, жағдай бір бүйір­ден қысады.

Ресми статистика бойынша, 2010 жылы жалғызбасты әкелердің саны 42 мың болған. Ал бүгінде көрсеткіш 60 мыңнан асқан. Одан бөлек, статистикаға кірмегендері бар. Өйткені елімізде ауылды жерлерде әйелі кетіп қалып, бала­сын өзі бағып отырған әкелер жетерлік. Бірақ олар заңды түрде ажыраспаған. Сондықтан жал­ғызбасты әке мемлекеттен әлеу­меттік көмек ала алмайды. Пси­хологиялық тұрғыдан алып қарасақ, ол ішінен әлі де әйелі қайтып келетініне сенуі мүмкін.
«Қайным 2 жылдан бері әйелі кетіп қалған соң 3 ұлына өзі қарап жүр. Пә­тер жалдап тұрады. Алғашында әйелі балаларын өзімен бірге алып кеткен. Көп өтпей «балаларға қарауға жағ­дайым жетпейді» деп әкесіне әкеліп тастады. Заңды түрде ажы­распағасын ешқандай али­мент алмайды. Мұндай көмек тұр­мақ, бір баласы неврология бойынша тіркеуде тұрады. Сол балаға арналған жәрдемақыны шешесі алып отыр. Ал қайным намыстанып, ақша жайында ләм-мим демейді. Өзі жұмыс істейді. Балаларын керек-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Алайда балаларға қарап жаның ашиды. Қазір әйелдер тарапынан балаларын әкесіне тастап кету жағдайы көбейіп барады», – дейді Гүлмира Исламова. Иә, заңгер Ахметжан Бейсен­беков те қоғамда мұндай жағдайдың жиі­леп кеткенін айтады. Бәрінен бұ­рын балалардың психологиясына әсер ететінін алға тартты. Оның айтуынша, еліміздегі түсінік бойын­ша жалғызбасты әке­нің жұмысы жү­ріп, табысы өзі мен балаларына жет­кі­лікті болса, әйелге «алимент төле, ақша аудар» деп сұ­рамайды. «Материалдық тұрғыдан тәуелсіз адам ажырасып кеткен немесе бас­қа еркекпен бірге тұратын әйел­ден ақша дауламайды. Бірақ заң тұрғысына келгенде жағдайы қан­дай бол­масын ер мен әйел тең құқылы. Сон­дықтан әйел болсын, еркек болсын, ажы­расқаннан кейін алимент төлеуі тиіс. Ал жоғарыдағы жағдайға келсек, ер адам тезірек әйелімен заңды түрде ажырасқаны жөн. Бұл заң тұрғысынан келгенде де, пси­хология жағынан алсақ та дұрыс ше­шім болады», – дейді заңгер. Оған қоса, заңгер тәжірибесінде осыған ұқсас жағдайдың жиі кез­десетінін айтты. Мұнда да ерлі-за­йып­­тылар ажыраспаған екен. «Қара­ғандыда тұратын әйел балаларын әке­сіне тастап, елордаға кетеді. Үл­кен қалаға келген соң құрылысқа жұ­мысқа тұрады. Сөйтіп жүргенде  2 қабаттан құлап, белін үзіп алады. Содан әйел мүгедек болып қалды. Мәселен, ер адам ажырасқан күннің өзінде ақшаны кімнен сұрайды? Сот­қа жүгінуіне болады. Оған тиіс­інше атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдеседі. Бірақ алимент өндіру жағы қиынға соғады», – дейді Ахметжан Бейсенбеков.

 Көпбалалы әке алимент ала алмай жүр

М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің аға оқытушысы Ахметжан Бейсенбековтің ай­туынша, жалғызбасты әкелердің негізгі үш проблемасы бар. Біріншіден, бала­ларының анасы алимент төлеуден бас тартады. Екіншіден, балалары анасымен көрісе қалса, баласын әкесіне не үйіндегі біреуге қарсы қояды. Ал екіжақты  өскен баланың психологиялық жағдайы өте ауыр болады екен. Үшінші мәселеге келсек, ерлі-зайыптылар мүлікті, үйді бөлісе алмай, ұзақ уақыт бір бітімге келе алмай жүреді. Мәселен, кейіпкеріміз Сержан Құраш­ұлы әйелінен алимент ала алмай жүр. Ол қазір Орал қала­сында күзетші болып жұ­мыс істейді. Осыдан 4 жыл бұрын оны әйелі 5 баласымен бірге тастап кеткен. Кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар. Мемлекеттен 56 мың теңге жәрдемақы алады. Бірақ бұрынғы әйелі алиментті уақытылы төлемейді. Кейіпкердің сөзінше, ол 2017 жылы сотқа жүгініп, алимент талап еткен. Содан бері бастапқыда алимент төлегенімен, артынша соңы сұйылып кеткен. Оның айтуынша, әйелі жұмысым жоқ деп сылтауратады. Негізінен, әйелдің табыс көзі бар көрінеді.
«Алғашында прокуратураға али­­мент туралы арыз бергенімде сон­дағы қызметкерлердің «не үшін азын-аулақ ақшаға бола арыз түсіріп жатсыз?» дегені бар. Мен сияқты көпбалалы жалғызбасты әкеге тиын-тебен артық етпейді. Бұрын 2 жерде жұмыс істейтінмін, қазір күзетші болып жүрмін. 2017 жылдан бері алимент алуға арыз бердім. Бірақ мардымды алимент төлемейді. Былтыр желтоқсан, қаңтар, ақпан айында 20 мың теңгеден төледі. Онда да облыстық прокуратура араласып, қудалаған соң келісті. Одан кейін мамыр, тамыз айында 15 мың теңге аударыпты. Алимент мәселесін шешіп беретін мамандар болса, жақсы болар еді. Мәселен, елімізде жалғызбасты ана мұңын айтса, қоғам улап-шулап қолдай кетеді. Ал сонда жалғызбасты әкенің құқын кім қорғап, мұңын кім тыңдайды?», – дейді жалғызбасты әке Сержан Құрашұлы.
Осылай деп күйінген кейіп­керіміз арызын айтып, қалалық әкімдікке жол тартқан. Алайда карантин ре­жимі болғандықтан, қабылдауға кіре алмаған. Про­куратурадағы қызметкерлер де Сер­жан Құраш­ұлының арызын тыңдаудан «жалық­қан». Оның айтуынша, қызмет­керлер әңгімесін тыңдаған соң кері байланысқа шығамын дегенімен, қайта қоңырау шалмайды.
Осылайша, Сержан Құраш­ұлының жағдайын заңгер Ахметжан Бейсен­бековке баяндап бердік. Ол тиісінше қандай шара қолдану керегін айтты. «Айта кетерлігі, елімізде соттардың көпшілігі әйелдің ығына жығылады. Соның уәжін тыңдайды.  Сондықтан ер адам әйелінің табыс көзі бар екенін заң жүзінде дәлелдеуі керек. Сотқа жүгініп, кіріс-шығысын тексеруді талап етуі керек. Мүмкін әйел кірісін жасырып жүрген болар. Практикалық тұрғыдан қарасақ, әйелдің тұрғы­лықты мекенжайы бойынша сол өңірдегі жалақының орташа сомасы анықталады. Сот орташа жалақыны басшылыққа алып, балаларына бөліп береді. Мысалы, 1 балаға – 25%, 3 балаға – 30%, одан да көп балаға 50% деп жіктеп береді. Бірақ жалғызбасты әке  5 баланы бағып-қағып келген мерзімін сотта даулап, алимент талап ете алады. Егер алимент төлеуден бас тартса, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 669-бабына сәйкес жаза түрі белгіленген. Мәселен, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға болады. Бұдан кейін де алимент төлемей жүрген болса, қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады», – дейді Ахметжан Бейсенбеков.
Статистикаға көз жүгіртсек, қазір 10 неке қиылса, соның жартысынан көбі ажырасып кетеді. Оған қоса, әйелі ішкілікке салынып кететін немесе тастап кететін жалғызбасты әкелердің қарасы көп. Ал көбінесе жалғызбасты әкелер әйелдің ішімдік ішетінін дәлелдей алмай жатады екен. Кейіпкерлеріміз де қоғамдағы жалғызбасты әкенің статусы айқын­далып, әйелдермен теңдей қаралса екен дейді. Олар «Еркек табыс көзіне ортақтаспауы тиіс» деген ескі көзқарастан құтылып, қоғамның жағдайды тең қарағанын қалайды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ