Қызылорда облысында салынып жатқан шыны зауыты құрылысының 70 пайызы аяқталды. Енді балқыту ваннасы мен күйдіру пеші салынса, зауыт іске қосылады. Бұл мәліметті Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбіқалықова өз сұхбатында айтты.
Облыс әкімдігі қазір мамандармен келіссөздер жүргізіп, әкімдіктің зауыт айналасындағы инфрақұрылымын жасақтап бермек. Сөйтіп, қалған 30 пайыз жұмыс мамандар келген соң аяқталуы тиіс екен. Өйткені шыны зауыты өңір, тіпті ел үшін маңызды кәсіпорын болып тұр.«Біздің елімізге жылына бағасы бір миллион доллар тұратын шыны сырттан келеді екен. Егерде өз зауытымызды өндіріске енгізетін болсақ, сол бір миллион доллар өзімізде қалады, одан басқа, егер сыртқа сатсақ, тағы да кіріс кіргелі тұр. Сондықтан қазір осы мәселені көтеріп отырмыз. Сондай-ақ шыны зауытының айналасында 8 зауыт, ілеспе зауыт саламыз деп жоспарладық. 3 зауыттың жобасы, бизнес жоспарлары нақтыланды. Кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп, қазір құжаттары дайын болып қалды. Мысалы, шыныдан жасалатын ыдыстар. Екінші зауыт – айна жасау зауыты. Үшінші зауыт – шыны талшығы. Бұл құрылыста өте көп пайдаланылады. Бұл үш зауыттың өзі мысалы, 15-16 млрд инвестиция тартады екен», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.Әкімнің сөзіне қарағанда, Шалқия кен байыту орнында қорғасын, мырыш өңдейтін өндіріс салынады. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімдігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірге жұмыс істеп жатыр. 8 миллиардқа жуық инвестиция тартылып, жұмыс басталмақ.
«Одан басқа, Арал өңірінде кальцийлендірілген сода зауытының барлық құжаттары дайындалды. Экология министрлігінің сауалы бойынша қалдықты сақтайтын қойма мәселесін, оның жобасын толығымен шештік. Қазіргі таңда кәсіпкерлер оны да бастауға әзір», – дейді облыс әкімі.Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова өз сұхбатында пандемияның облыс экономикасына айтарлықтай әсер еткенін де атап өтті. Әрі шикізат бағасынң төмендеуі де өз ықпалын тигізген. Дегенмен мұның өзіндік себептері де бар екен. «Соңғы жылдары осы өндірістің төмендеуі байқалады. 2011 жылы Қызылорда облысында 11 млн тонна мұнай өндірілсе, былтыр 5,6 млн тонна ғана өндіріліпті. Ал биыл бар болғаны 4,2 млн тонна өндіріледі деп отырмыз. Ашығын айту керек, басқа да көрсеткішіміздің төмендеу қарқыны байқалады. Ол – инвестиция, инвестор тарту мәселесі. Биыл 230 миллиардтай инвестиция тартамыз деп отырмыз, бірақ ол өткен жылғыдан төмен. Бұл жерде де обьективті факторлар бар. Былтыр ауқымды республикалық жобалар болды. Мысалы, «Сарыарқа» газ құбыры, екі газ стансасы, сонымен бірге, күн жылу электр стансасы салынды. Енді біз осы жыл мен келесі жыл үшін қатар жұмыс істеудеміз. Пандемия кезінде, қарым-қатынас азайып, тіпті, бір облыстан екінші облысқа қатынау қиын болған кезде көптеген мәселені өз өңірімізде, облыста шешу керек екенін түсіндік. Ауқымды талдау жасадық, экономиканың 24 бағыттағы саласы бойынша зерттелді, әлеуметтік жағдай сарапталды», – деді әкім. Зерттеулер бойынша, ең қажет деген азық-түліктің 70-і, азық-түлік емес тауарлардың 35-і сырттан әкелінеді екен. Осы себепті облыстың экономикалық картасы жасалған. Бұған «Атамекен» палатасы да қатысты. Сөйтіп, қазіргі кезде 265 жоба дайындалған. Бұл жобалар 271 млрд теңге инвестиция алып келеді.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы