Уран қара нарықта қайдан жүр?
Уран қара нарықта қайдан жүр?
191
оқылды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаһандық деңгейдегі жанжалдың алдын алды. ҰҚК қыз­меткерлері Қызылорда облысы аумағында бірнеше қапшыққа толтырылған 240 келі уран концентратын сатпақ болған ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады.

Сарапшылардың байламынша, қазіргі кезде радиоактивті заттар­дың таралуын бақылау әлемде барған сайын күрделене түсуде. Тех­но­логиялардың дамығаны сон­ша, бірнеше қапшық түгіл, уран­ның шамалы ғана көлемі «лас бом­ба» жасауға жетіп қалатын көрі­неді. Ал әскери мамандар кез кел­­­ген қаланың орны толмас қа­­сі­ре­тіне айналар ондай алапат жарыл­­ғыш затты дайындау тәсілін меңгер­ген­дер лаңкестер арасында бар екеніне назар аудартады. Егер «лас бомба» лаңкестердің қо­­лы­на түссе, ең қор­қынышты сце­­нарийлер шын­дыққа айналуы ғажап емес.

Сондықтан Қазақстанның құзырлы органдары өз жерінің қойнауындағы бай уранның өн­ді­рісін және тасымалын кірпік қақ­пай қырағы қадағалауға күш салуда.

ҰҚК дерегінше, қазір ғана жа­рия етіліп отырған арнайы опе­ра­ция 2019 жылдың 23 қазанында жүргізілген.

– Арнайы операция нәтижесін­де қылмыстық топтың 4 мүшесі қыл­мысы үстінде ұсталды. Олар­­ға Қылмыстық кодекстің 283-бабы­ның 2-тармағы бойынша «радиоак­тивтi заттармен, радиоактивті қал­дықтармен, ядролық материал­дармен заңсыз жұмыс істеді» деген күдік келтірілді, – деп мәлім етті ҰҚК баспасөз қызметі.

Ядролық физика институты ма­ман­дарының қорытындысына жү­гінсек, тәркіленген уран концен­тра­ты қауіпті радиоактивті зат бо­лып есептеледі. Ол заттың ра­диа­ция деңгейі рұқсат етілген норма­дан бірнеше есе асып түс­кен және тиісінше, қоршаған орта мен халық денсаулығына салмақты қауіп-қатер төндіреді. Мамандар оның радиологиялық және токсикологиялық зардаптары зор деп отыр.

Тергеу мәліметінше, радио­ак­тивті затты қылмыстық топ өкіл­дері ванадий кен орнын игеретін кәсіпорыннан ұрлағанға ұқсайды. Басқа егжей-тегжейі сотқа дейінгі тергеу мүддесіне орай жария етіл­меді.

Қазіргі уақытта Қазақстан – уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. 2019 және 2020 жылдары республикамызда U3O8 атауымен танымал уран кон­центратының жыл сайын 26-27 мың тоннасы өндіріледі деп болжануда. Ұйымдасқан қылмыстық топ қо­лына түсірген 240 келі шамамен 529 фунтқа теңеседі.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының дерегінше, ал­дында күрт төмендегенімен, биыл­ғы жылғы І тоқсан соңына қа­рай U3O8 споттық бағасы 1 фун­ты үшін 25-26 доллар арасында тұрақтады. Дегенмен артынша АҚШ-тың сауда саласындағы санк­ция­лық қимылдары кесірінен на­­рықтың белгісіздік аймағына кі­руіне орай маусым айында 24 дол­­ларға дейін құлдырауын жал­ғас­тырғ­ан.

Дегенмен соның өзінде уран бағасы жоғары саналады. 2019 жылдың бірінші жар­тысында дүниежүзі бойынша U3O8 шамамен 29 миллион фунт көлемінде са­тылған. Ал орташа споттық бағасы 1 фунты үшін 26,47 долларды құрады. Са­лыстырсақ, былтырғы бірінші жартыжыл­дықта оның шамамен 34 миллион фунты саудаланған. Алайда 2018 жылы орташа баға небәрі 22,14 доллар ғана болыпты.

Негізі, бұл баға нарық жағдайына қарай 45-75 долларға дейін шарықтайды. Әкелер табысы көбейгендіктен, осы салада қылмыс­тық топтардың күш-жігері де өрістеп жатқанға ұқсайды.

Жалпы, қазақ жерінде өндірілетін аса қа­уіпті, бірақ аса бағалы уранды ұрлап, сатуға ниеттену фактілері бұрын да болған. Мәселен, 2008 жылы екі келі «Уран-235» радиоактивтік затын сатпақ болған Қазақ­станның қос азаматы ұсталып, оларды Бостандық аудандық соты 2 жылға бас бос­тандығынан айырғаныны хабарланды.


2010 жылғы қыркүйекте Павлодарда уран таблеткаларын саудалаған бір топ аза­маттың үстінен жабық сот процесі өтті. Павлодар, Нұр-Сұлтан, Семей және Аягөз тұрғындары болып табылатын бес қазақ­стан­дық сотталған. Олар 1,5 келі уран таб­лет­касын 80 мың долларға өткізуге талап­танғаны анықталды. «Сатып алушы» рөлін ҰҚК облыстық департаментінің қызмет­кері ойнады. Ол алдымен сынақ үшін құны 80 мың және 120 мың теңге болатын екі таблет­каны сатып алған. Жүргізілген сараптама бұлардың 4,7% уран изотопы бар радиоак­тивті зат екенін көрсетті. Осыдан кейін Шарбақты тасжолының облыс орта­лығынан алысырақ телімінде таблетка­лардың барлық партиясын өткізу бойынша «мәміле» ұйым­дастырылған. Қылмысы үстінде қолдарына кісен салынған бес адамнан сонымен бірге автомат қаруы және Макаров жүйесіне жататын тапанша да тәркіленді.

Айыпталғандардың бірі таблеткаларды Аягөзде 2004 жылы таныстарының бірі сақ­тай тұруға қалдырып кеткенін, алайда ар­тынша ол танысы қайтыс болғанын хабар­лады. Содан айналадағы адамдардың ден­саулығына қауіпті радиобелсенді материал оның сарайында ашық сақталған. Ақпарат құралдарында ол уран таблетка­лары Ресей­ден әкелінуі ықтимал деген дерек тарады. Қалалық прокуратура залалды заттың шығу тегін анықтау мүмкін болмағанын мәлімдеді.

Бүгінде ТМД аумағында өзге елдер де радиобелсенді заттардың заңсыз сауда­сының өрістеуі қаупімен бетпе-бет келуде. Мәселен, биылғы жазда Грузияның жетек­ші ақпарат құралдары «Зиянды армян бизнесі өңірге қатер төндіруде» деп дабыл қақты. Оған Грузия Мемлекеттік қа­уіпсіздік қызметінің шекарада 71,63 келі «Торий 232» изотопы бар ядролық мате­риалдарды тасымалдаушы армян азаматын ұстауы себеп болды. Бұл бірінші оқиға емес еді.

Осыған байланысты журналистік зерттеу жүргізген грузиялық және ресейлік ақпарат құралдары Арменияда салмақты бақылаудың жоқтығы кесірінен «ядролық қара нарық» қа­лыптасуда деп топшылады. Мысалға, Армения азаматы U 238 партия­сын Грузия арқылы 200 миллион долларға сатуға талап­танған. Бұдан бөлек, грузиялық курорттық Кобулети қаласында контр­барлау департа­менті қызметкерлері уранды 3 млн долларға сатқалы тұрған тағы 5 адам­ды тұтқындады. Армян АЭС-і қыз­мет­керлерінің де осы қылмыспен қолға түсуі біраз жайттен хабар бергендей. Кеңес ке­зін­де осы республикада уран мен торий кен орындарын игеру мүм­кіндігі қарастырылған екен. Тіпті КСРО МинГео мамандан­ды­рылған экспеди­ция­ла­ры жұмыс істеген. Бірақ ресми өндіру басталмады.

Қалай болғанда, Еуразиялық одақ елде­ріне бұл қауіпті қылмыстың тамырына балта шабу жолында бірлесе пәрменді қимыл­да­ғаны абзал. Әлемде бірде-бір ел «лас ядролық бомба» сыналған мемлекетке айналғысы кел­мейді. Демек, ешбір мем­лекет те «лас бом­баның» ізі өзіне әкелгенін қаламаса керек.


Елдос СЕНБАЙ