Ауылға кеңжолақты интернеттің келуі ауылдықтарды бүлдіруі мүмкін. Сондықтан ауылға ұсынылатын интернет-пакетте, әсіресе балаларға әдепсіз және экстремистік сайттар қолжетімді болмай, бұғатталуы керек. Мәжілістегі Үкімет сағатында парламентшілер 250 адамнан көп тұрғыны бар ауылдарды ғаламторға қосуға қатысты алаңдаушылықтарын жеткізді.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі осы салаға арналған санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар әзірледі, онда қай жастағы баланың қанша уақыт интернетте отыруына болатыны жөнінде ұсыным-кеңестер берілген. Бірақ ауылдардың көбіне компьютерлік ойындарды Live режимінде ойнауға және көлемді видео көруге жарамды кеңжолақты интернет жетпегендіктен, бұған әзірге негізінен қалалық ата-аналар бас қатырады.
Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның айтуынша, ауылды ғаламтормен торлау барысында Үкімет балалар қауіпсіздігіне мән беруі керек.
«Интернет, электронды оқулықтар деген дұрыс, бірақ ең бастысы – балалар денсаулығы. Ұялы байланыс операторлары бірден «ата-ана бақылауы» қосымшасы ендірілген пакеттерді сатуы тиіс. Әйтпесе, балаларына ұялы телефонмен бірге интернет-топтама сатып алу кезінде жұрттың көбі ата-ана бақылауы туралы ойламайды. Олар ойламаса, онда мемлекет бұл істі бақылаусыз қалдырмауға тиіс. Ендеше бұл істі мемлекеттік деңгейде ойластырайық!» деді ол.
Депутат Омархан Өксікбаев әлемдік желідегі зиянды контенттің ауылға таралуына қатысты алаңдаушылық білдірді.
– Интернет керек, ақпарат та керек. Алайда интернетте қандай ақпарат бар? Пайдалысы да бар, зияндысы да жетерлік. Қазір гаджет деген бәле әркімнің қолында жүр. Пернетақтасын басады да, кез келген сайтқа кіре береді. Құзырлы орган оны жауып үлгермей жатыр. Біреуін жапса, екіншісін басқа атпен ашып алады да, кесірлі ақпараттың бәрі сол жерде тұрады. Әу бастан бақылауды дұрыс жолға қоймасақ болмайды. Қазір қалаларымызда балаларымызды бұзып алдық. Енді ауылдың да баласын бұзамыз! – деген О.Өксікбаев құзырлы органдар шектеулер жайын пысықтайтын кез жеткенін айтты.
«Бұл мәселені мемлекеттік орган өз қолына алуы керек. Сөйтпесек, ертең қазағымыздың бүгінгі тәрбиесінен де айырылып қаламыз. Интернет елді теріс жолға түсіретін неше түрлі ақпаратқа толы. Халқымыз пайдалысын ғана алатын болсын. Сол себепті Білім және ғылым министрлігі балалар ғана көретін сайттар пакетін жасап, «осыларға ғана кіресіздер» деп белгілесе, Мәдениет және спорт министрлігі де өз саласына қатысты төл топтамасын түзсе, сол дұрыс болар еді. Әйтпесе, шетелде отырып, бірлігімізді бұзғысы келетін арамза пиғылды күштер бар» деп түйді ол.
Депутат Қуаныш Сұлтанов ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне тоқтала келе, оның қамтамасыз етілмеуі салдарынан, мемлекетімізде жасалып жатқан игі шаруалар интернетте жоққа шығарылып жатқанына назар аудартты. «Жақсы ниеттердің өздері бұрмаланады. Бұл осы саладағы технологиялық дайындығымыздың өте төмен болуы кесірінен. Әріптестерімнің пікіріне қосыламын» деді ол.
Әрине, парламентшілердің мазасыздануы да негізсіз емес. Әйткенмен, ұшқыр интернет барса, ұятсыз видеоларға елігеді, лаңкестік сайттарға кіріп, экстремизмге ұрынады деп ауылдықтарға сенімсіздік білдіру де жөнсіз. Шенеуніктер «біз унитарлы мемлекетпіз» дегенді қайталауды жақсы көреді. Демек, қалалықтарға да, ауылдағы ағайынға да бірдей қызмет ұсынылуы шарт. «Интернет сапасы бойынша ауылдықтардың кемсітілуіне ары қарай жол беруге болмайды» дейді депутаттар.
Оның үстіне ауылды сапалы интернет желісімен қамту – Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасының бір міндеті. Елбасы мен Президент алға қойған міндет – ауылға сапалы интернетпен бірге сапалы мемлекеттік қызметті жеткізу болып отыр. Қалаулылардың бірі айтқандай, цифрландыру арқасында халқымыз кабинеттерді араламай, үйінде отырып, қашықтықтан мәселелерін шеше алады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, бүгінде 117 қала мен 3 324 ауыл кеңжолақты интернетке қол жеткізіпті. Қазақстандықтардың 81,3%-ы интернетті пайдаланады: әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орынға ие.
Енді Үкімет бірінші кезеңде талшықты-оптикалық желілерді (ТОЖ) салу арқылы 1 250-ден астам ауылға жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсына бастамақ. Биылғы І жартыжылдықта ТОЖ-бен 83 ауыл қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 685 ауыл қосылады. Ал 2020 жылы қалған 509 ауыл осы игілікке қол жеткізбек.
Екінші кезеңде LTE (4G) стандартындағы мобильді желілер көмегімен 2020-2022 жылдары 3 143 ауылға ғаламтор жеткізу жоспарлануда.
Содан кейін тұрғындарының саны 50-ден көп 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарлануда. Қорытындысында 2022 жылдың соңына дейін 5 089 ауыл жоғары жылдамдықты ғаламторға тартылады.