Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақсу кентінде түнгі уақытта жеке тұрғын үйден өрт шыққан.
Үйде жалғызбасты әйел мен оның үш баласы және ағасы болған.
Осыған дейін Степногор қалалық әкімінің қолдауымен «Өрт қауіпсіздігі күні» акциясы шеңберінде аталмыш үйге улы газды анықтайтын датчик орнатылған екен.
Өрт шыққан кезде датчик іске қосылған.
«Оқиға орнына дереу Степногор қалалық құтқару-өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамы мен күштері, «Степногор ЕПЗ» АҚ жұмысшылары жұмылдырылды. Өрт 28 шаршы метр аумақты шарпыды. Улы газды анықтайтын датчиктің арқасында бес адам тұратын бүтін бір отбасы сыртқа шығып, аман қалды», – дейді мамандар.
Өңірде жылыту маусымы басталғаннан бері үйлерге осындай 763 датчик орнатылған.