Үздік термешілер анықталды
Үздік термешілер анықталды
588
оқылды

Өткен аптаның соңғы жұмыс күні Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры және Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдасты­руымен «Жыр-ғибрат» атты аймақтық жыршы-термешілер фестивалі өтті.

Мәртебесі аймақтық болғаннан соң шараға еліміздің батысындағы төрт облыстың, яғни Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау өңірлерінің өкілдері қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген құндылықтарды ел ішінде, халық арасында кеңінен насихаттау, сонымен қатар биылғы Жастар жылы аясында атқарылар ша­раларға лайықты үлес қосу ниетімен ұйым­дас­­тырылған өнер бәйгесіне аталған облыс­тар­дан келген сегіз өнерпаз қатысып, жыр-терменің кө­рігін қыздырды. Осындай ғибраты мол ша­раны ұйымдастыру үшін Зейнолла Сәнік атын­дағы мәдениет қорының президенті, жазу­шы, этнограф Зейнолла Сәніктің жұбайы, халықа­ралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшабану Хамзақызы, қордың қызметкері, қытайтанушы, мәдениет­тану ғылымының PhD докторы Жанат Зейноллақызы, қордың атқа­ру­шы директоры, ақын Серік Қалиев және қор­дың қызметкері, журналист Жарқын Сәленұ­лы Алматыдан Ақ Жайық атырабына арнайы келді.

Тілге тиек, сөзге өзек болып отырған жыр­шы­лар мен термешілер додасында жаугершілік за­манда ел-жұртты, туған елді сыртқы дұш­пан­нан қорғауға жұмылдырып, туған жердің тұтас­ты­ғын сақтау үшін халықтың рухын көтерген жыраулардың шығармалары мен тәрбиелік-тағылымдық бағыттағы термелер орындалды.

Сөз сүлейлерінің өнер бәйгесінің ашы­луын­да сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырбо­лат Мұсағалиев. «Әлеуметтік әділеттік үшін атқа қонған от ауызды, орақ тілді Махамбет ақын­ның, алты Алаштан ән оздырған Мұхит бабамыз бен Ғарифолла атамыздың кіндік қаны тамған өлкеде жыршы-термешілердің өнер додасы өтуі заңдылық. Домбыраны серік еткен жастарымыз ата-бабамыздан мұраға қалған төл өнерімізді қоғамдық санада жаңғыр­туға лайықты үлес қосуда» деді.

Байқау шарты бойынша әр облыстан келген бір жыршы, бір термеші өз өнерін ортаға салды. Бұрындары жыршылар таңды таңға жалғап жырлағаны аян. Сөйте тұра байқауда әр жыршы-термешіге 10-15 минут қана уақыт берілді. Жыр бәйгесінде көсіле шапқандар да, аяғына жем түскен аттай іркіліп қалғандар да болды. Жыр-термелерді үлкендер ықыласты тыңдады. Аталған өнер кешінде республикалық,   халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаз-жүлдегері Фархат Оразов әйгілі «Қарасай Қази» дастанын жырлады.

Бұған қоса жыршы-термешілер байқауында қазіргі кезде көп орындала бермейтін Ақтан Керейдің «Жұрт жиналған шаршыда», Құмар Әбуғалиұлының «Құмар», сонымен қатар Нау­рызбек жыраудың жыр-термелері орындал­ды.   

Екі сағат бойы дүйім жұрттың құлақ құры­шын қандырған жыршы-термешілерге байқау соңында алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, маңғыстаулық Әзімхан Адай «Үз­дік термеші», ал батысқазақстандық Фар­хат Оразов «Үздік жыршы» ретінде танылды.

Жыршы-термешілердің байқауын ұйым­дастырушылардың бірі, белгілі ақын Серік Қалиев елдігін жыр еткен, ерлігін ту еткен батыр қазақтың батыстағы ұрпағымен қауыш­қанына бек қуанышты екенін алға тартты.

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы