Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғалы бері атқарған жұмысы халықтың көз алдында. Онда төтенше сынақ та, қалың бұқараға деген теңдессіз әлеуметтік қолдау да, халқын қуантып, өзінің мерейін өсірген түрлі дәрежелі сапарлар да болды. Олардың барысында басым көпшілік Президентіміздің ел тыныштығы үшін жасаған қадамына ризашылық танытып жатса да, таразылап, салыстырып, кем-кетігін іздеп отырушылар да болғаны анық. Бұл – барлық заманда, барша қоғамда болатын жағдай.
Ел ішінде көп талқыланған жайлар Президенттің халықаралық аренада көшбасшы мемлекеттер – Ресей Федерациясына ресми сапармен баруы, Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары және Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барып, БҰҰ мәртебелі мінберінен сөйлеуі еді. Айналасы үш аптада әлемдегі үш алып елдің басшысы кездесіп, терезесі тең дәрежеде пікір алмасуы да Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы қадамдарына үлкен үлес қосты. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабар таратты, әлеуметтік желілер де белсенділік танытты. Ой-пікір, сараптамалық материалдың мол болуы бұл сапарлардың маңыздылығын көрсетеді. Кейбіреуі – ол мемлекеттермен арадағы қарым-қатынастың дамуы ел экономикасына қандай пайда әкелетіні туралы, екіншілері – негізінен әлеуметтік желі таратып отырған, ондай қатынастардан келетін түрлі «зиян» туралы жазбалар.
Әркімнің өз шындығы бар. Сондықтан біз оларға төрелік айтуды, сараптамалық материалдардың сапасына, байбаламшыл ақпараттардың астарына үңілуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Біз Қ.Тоқаев билік басына келгелі бері Мемлекет басшысы ретіндегі кейбір қадамын, сөзін, ісін ол кісінің бұл мәртебеге ие болғанға дейінгі кейбір жайлармен салыстыра жүріп, түйген ойымызды ортаға салмақпыз.
Конституция бойынша Сенат төрағасы – мемлекеттегі екінші тұлға. Сондықтан жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір қадамы, істеген ісі, айтқан сөзі ел назарында болды. Төрағаның ресми жиындарда да, бейресми жағдайларда да бір қалыптан аумайтын сабырлылығына, ұстамдылығына, зиялылығына тәнті болып, адамдармен қарым-қатынас жасаудағы биік мәдениетіне қарап бой түзеген жандар сол кезде-ақ көп болатын.
Өз көзқарасын білдіргенде де «бұл жерде маманның пікірі маңызды» дейтінін әріптестері жақсы біледі. Төрағаның заң жобаларының қазақ тіліндегі мәтіні түсінікті болуы, мағынасы бұрмаланбай берілуі туралы тапсырмаларынан ана тіліне деген жанашырлығын көруге болатын. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының маңызды мәселелер, соның ішінде ана тіліміз туралы да дүрліктіріп мәлімдеме жасамай, жұмыс ретімен жол нұсқап жүретін кездері аз еместігін жұртшылық байқаған болар.
Соның бір мысалы баршамызға белгілі. Өткен жылы 20 маусымда өзінің Тwitter-дегі аккаунтында Сенат төрағасы: «... қазір жаңа оқу бағдарламасы туралы ойланатын уақыт бар. Мысалы, ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту қаншалықты қажет? Бұл тілде сабақ бере алатын мамандар бізде жеткілікті ме? Тіл саясаты – үлкен мәселе. Ең алдымен қазақ және орыс тіліне назар аудару керек» деп жазды.
Ал биылғы жылғы мұғалімдердің тамыз конференциясында Президент Қ.Тоқаев Елбасының «қазақ тілі үш тілдің біреуі емес, бірінші, негізгісі болады» деген сөзіне сілтеме жасай отырып,
оның дұрыс ой екенін, өзі ағылшын тілін үйретуді ата-аналар келісімімен 5-сыныптан бастауды ұтымды деп санайтынын ашық айтты.
Президенттің бұл пікірі тек Мемлекет басшысының пәрмені ретінде ғана емес, көп тіл білетін, сол тілдерді үйрену тәжірибесі бар маман ретінде де аса құнды. Себебі бұл сөз шет тілдерді жеті жасынан емес, өзі қажеттілігін сезінген кезде үйреніп, еркін меңгерген адамның аузынан шығып отыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі қажет еткен кезде үйренген тілдерді өмірде қалай қолданғаны туралы бір мысалды айта кеткен артық болмас.
Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, басқа да конфессиялар өкілдері қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезінде ілеспе аударма жасауға БҰҰ мамандары тартылды. Сол аудармашыларды таңғалдырып, модератор, Съезд хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев съезді 5 тілде жүргізіп отырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпы жиынды қазақ тілінде жүргізіп, Англия шіркеуінің өкілі Николас Бэйнс – Епископ Кройдонамен ағылшынша сөйлесіп, буддашылардың жалпықытайлық қауымдастығының басшысы Цзямуян Лосанцзюмэй Туданьцюэцзинимаға қарата қытайша тіл қатып, православие дінінің өкілі – Алматы және Астана митрополиті Мефодийге орыс тілінде, Константинополь православие шіркеуінің өкілі, Франция митрополиті Эммануэльге французша сөйлегеніне қаншама биік деңгейлі жиында ілеспе аударма жасап жүрген шетелдік әріптестеріміз сүйсіне де таңдана қарап отырды.
Міне, шет тілдерін, соның ішінде қазір «миллиардтың тілі» деп аталып жүрген қытай тілін осындай жоғары дәрежеде меңгерген Қ.Тоқаев ҚХР-ға сапары барысында қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» деген мәртебесін нығайта түсті. Миллиардтың мысын елең-құлаң қылмай, қалың қытайдың алдында тұрып Президенттің қазақ тілінде сөйлеуі бұқара халықты сүйсіндіріп, оны өзіне тағы бір қадам жақындата түсті десек, қателеспейміз. Қытай тілінде еркін сөйлейтін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі – ана тіліне деген құрметтің ғана белгісі емес, қазақстандық билік басындағы атқамінерлерге көрсеткен өнегесі.
* * *
Қ.Тоқаев сайлауда басым дауыспен Президент болып сайланғаны туралы ресми ақпарат жарияланғаннан кейін екі апта өтер-өтпесте үлкен апат елді дүр сілкіндірді. Арыстағы қару қоймасында сойқан жарылыс болды. Ол жақта тұратын туыс-таныстың хабары, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан бейнежазбалар арқылы апат ауқымы туралы естіп-білген халық алғашында үрпиіп, шошып қалған-ды. Жалтақтап, Ақорда жаққа қарады.
Бұл жолы билік өзінің оқыс оқиғаларда жол таба алатын әлеуетін, халқымыз біртұтастығын көрсетті. Мемлекет басшысы сол күні-ақ Арысқа жетіп, халқының арасында болды. Қирандыларды көзбен көру, айдың-күннің аманында айдалада қалған қала тұрғындарымен жүздесіп, мұңын тыңдау Арыс апатын жоюға бағытталатын көмектің көлемін айқындауға ықпал еткені сөзсіз. Бірақ бастысы – ол емес. Бастысы халық сайлаған Президенттің сын сағатта халқының қасында болуы еді.
Арыстағы бір ананың: «Президенттің келгенін естігенде қатты қуандық. Халық үшін ол кісінің ортамызда жүруі үлкен демеу болды. Бас иеміз, бар екенін түсіндік» деген сөзі Мемлекет басшысының бұл қадамына берілген ең жоғары баға болар, бәлкім...
Әрине, бұрын болған төтенше жағдайларда да халық көмексіз қалмайтын. Бірақ қиын жағдайды басынан өткізген жандар біледі, мұндай кезде басты көмек – сенген, арқа сүйеген адамыңның қасыңда болуы. Халық сайлаған Президент те Арысқа шұғыл аттанып, Конституцияның ең бірінші бабында айқындалғандай «ең қымбат қазынамыз – адам және адамның өмірі» екенін іс жүзінде танытты. Және осы қадамымен өзіне үміт артқандардың сенімін, адами қатынастардың нәзік жібін үзіп алмау өнегесін көрсетті.
* * *
«Өсер елдің баласы бірін-бірі «батыр» дер» дейді халқымыз. Біздің қоғамда сол асыл қасиет сақталған ба? Биліктің үш тармағында жүрген сайдың тасындай іріктелген, ақылды, білімді, білікті тұлғалар бабамыздың осы ұстанымына адал ма?
Жалпы, билікте бір түсініксіз әдет бар. Ол – қызметке тағайындалған лауазымды тұлғалардың жаңа жұмыс орнында алдындағы әріптесінің істеген ісіне «оң көзбен» қарағысы келмейтіні. Ол неден байқалады? Ең алдымен, бұрынғы басшы тағайындаған қызметкерлерді жаппай қысқартудан (әрине, «өз еркімен» арыз жазу арқылы), одан кейін бұрынғы бастамаларды аяқсыз қалдырудан немесе түбегейлі өзгертуден... Бұған соңғы жарты жылда басшысы ауысқан мекемелердегі жағдайды зерделеп те көз жеткізуге болады.
Осындай жайға қанық жұртшылық Қ.Тоқаев билік басына келгенде жаппай өзгеріс жасайды деп күтті. Түрлі болжам да айтылып жатты. Жұрт көкейіндегі үнсіз сұраққа Президент 2 сәуір күні «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында: «Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Қазір көптеген қауырт жұмыс бар... Съезд тап-сырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады» деп жауап берді.
Бұл жерде соңғы сөйлемнің жүгі ауыр. Келе сала Үкімет құрамын өзгертпейтінін жария ете отырып, Мемлекет басшысы жаңа тағайындалатын басшыларға қызметкерлерді «атқарған нақты жұмыстарына қарай бағалау» қажеттігін меңзеп, әрі сабақтастық сақтау өнегесін көрсетіп отыр.
* * *
Конституциямыздың 1-бабында: Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жария ететінін бәріміз де білеміз. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз әр азаматы лайықты өмір сүру үшін барша материалдық игіліктер әлеуметтік әділдік қағидатына сәйкес бөлінуге бағытталған саясат жүргізілетін және мұқтаждарға көмек көрсетілетін мемлекет екендігі де баршаға белгілі.
Әрине, бұл тұжырымның бірінші бөлігі орындалып келді деу шындыққа жанаспайды. Бұл – саясатта түбегейлі реформалар жасап, ұзақ, табанды жұмыс жүргізу арқылы қол жеткізілетін көрсеткіш. Ал мұқтаждарға көмек көрсету мемлекеттің әр кезеңдегі экономикалық жағдайына қарай, хал-қадірінше жүргізіліп келді.
Қазіргі заманда берілетін жәрдемақылардың «әлеуметтік мемлекет» деген мәртебесі бар елге лайық емес екенін халық жақсы түсінеді. Қойнауы кенге бай елде тұрып, Есеп комитетінің жыл сайын игерілмей қалып жатқан қаржылар туралы мәліметін біліп отырып, сондай мөлшерде ғана жәрдемақы беруге үйреніп қалған биліктің үйреншікті әдеті Президенттің ұлықтау рәсімінен кейін кенет бұзылды.
Мемлекет басшысы «қарызға батқан азаматтардың жағдайына бейжай қарай алмайтынын» мәлімдей отырып, борыш жүктемесін азайту туралы шешім қабылдады. Бұл бұрын-соңды болмаған, әлеуметтік әділдік қағидатына қарай жасалған теңдессіз қадам еді. Жеңілдік жасалатын санаттарға көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, жетім балалар, ата-анасынан жастай айырылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар кіретіні де нақпа-нақ айтылды.
Осындай жақсылықтар жасай отырып, ол халқынан бір-ақ нәрсені – масылдық психологиядан арылуды сұрады. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат төрағасы кезінде де, билік басына келгелі де жаһандық бәсеке заманында еңбекқорлық, табандылық пен мақсатқа ұмтылу қажет екенін, «жасықтық, жалқаулық, масылдық, ұқыпсыздықтан» арылу керектігін айтудай айтып жүр. Мемлекет басшысы дәрежесіндегі алғашқы сапары – киелі Түркістанға барғанда да биліктің адамдарды «жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау қажеттігін», бірақ «жұмыс істегісі келмейтін әлеуметтік масылдықты қолпаштамау керектігін» атап айтқан болатын.
Бұл сөздерді кім дұрыс емес дейді?
* * *
Біле білсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көздегені – жағу емес, билік тізгінін қолға алған кезде командасына мүше болған әріптестерінің бойына өсер елдің баласындай бір-бірін қадір тұту қасиетін дарытудың; мемлекеттің осыған дейінгі дамуын қамтамасыз еткен сабақтастықты сақтаудың; адамдарды «атқарған нақты жұмыстарына қарай бағалаудың»; «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңіне» жеткізу үшін оны барынша кең қолданудың өнегесін көрсету дер едім.
Өзі Қазақстан Президенті болып сайланғаннан бері өткен уақытта жасалып жатқан қадамдар – осының дәлелі.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты