Киікті аттық, мүйізін саттық, содан не таптық?
Киікті аттық, мүйізін саттық, содан не таптық?
374
оқылды

Алматы облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қыз­меткер­лері 3 мыңға жуық киікті қырған қылмыскерлерді құрықтады.

Осылайша 1 тонна 118 келі болатын мүйізді қытайға асырмақ болғандардың жолы кесілді. Мамандардың есебі бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен мемлекетке келген зиян 5 млрд 664,6 млн теңгені құрап отыр. Бұл оқиғадан кейін яғни 25 қазан күні браконьерлердің соңынан қуған «Охотзоопромның» тағы бір инспекторы көз жұмды. Қайғылы оқиға Қызылорда облысының Жалағаш ауданында болған. Мұндай ақпаратты бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің өкілі Айтуар Туғанбеков жариялады.

«Біздің инспекторларымыз далада прожекторын жағып, киік атып жүрген браконьерлердің көлігін байқап қалады. Соңынан қуғанда қашқан көліктегілер жеткізбей кетеді. Қуғын кезінде бір машина аударылып, ауыр жарақат алған бір инспекторымыз көз жұмды». Аталған министрліктің басқарма басшысы мән-жайды осылай түсіндірді.

Айта кету керек, мұндай қыл­мыс Қазақстанда өршіп тұр. Биыл­ғы қыркүйек-қазанда браконьерлік топ әрекетінің жолын кесуді қа­таңдату шаралары аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау, Ақ­төбе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарының, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы Алматы және Шымкент қалалары аума­ғын­да, одан ары Қытайға контра­бан­далық жолмен сату, тасымалдау және шығару үшін киік атуды заңсыз жүзеге асырған ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша жедел-тергеу шара­ларын жүргізді. Соның нәтиже­сінде жедел-тергеу тобы тінту ба­рысында қылмыскерлерден 1 тон­на 118 келі (3 мыңнан астам жа­нуар) киік мүйізін тәркіледі. Ал мем­ле­кетке келген зиян 5 млрд 664,6 млн теңгені құрайды.

Қылмыстық кодекстің 262-ба­бы (ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу) және 339-бабы (өсім­діктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайда­ла­нуға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе де­риваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық топтың 18 мү­шесі (барлығы Қазақстан аза­маты) ұсталды, оның 9-ы сот санкциясымен қамауға алынды.

Қылмыстық топтардың көз­құрты болған ақбөкеннің ұрғашы немесе еркек екенін мүйізіне қарап ажыратуға болады. Ұрғашы киікте мүйіз болмайды. Киіктер негізінде бір кездері Азиядан Еуропаның батысына дейінгі ұлан-ғайыр аумақта еркін жайылған. Бірақ төрт аяқты жыртқыштар мен екі аяқты қырғыштардың кесірінен азайып кетті. Дегенмен қазір киік­тің негізгі бөлігі Қазақстанда тір­шілік етеді. Ақбөкеннің саны бір ғасырға жуық уақыт ішінде бір­неше рет күрт кеміп, кейін қайта көбейген. 2015 жылы Қазақстанда індет салдарынан бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік (әлем­дегі санының 62 проценті) қырыл­ған. Соңғы мәліметтер бойынша, қазір киік саны қайта өскен. Кей деректерде 15-20 жыл бұрын елі­міз­дегі киіктің саны 1 миллионнан асқаны айтылса, 2019 жылы Қа­зақстанда жүргізілген санақ қорытындысы бойынша, ақбөкен саны 334 мыңға ғана жеткен. Осы сандарға қарап отырып киікке төнген қатер әлі сейілмей тұрға­нына көз жеткізуге болады.

Бұл қырғын дәл осы ХХІ ға­сыр­дың ғана бас ауруы болмаса керек. Сонау 1850 жылғы мәлімет­терде киіктер Каспий теңізінің жағалауындағы Үстіртте, Арал теңізі мен Сырдария өзені маңында көрінгені айтылады. 1851-1852 жыл­дары киіктер Есіл, Ертіс, Зай­сан өзендері маңайын мекендепті. Киіктерді қыру осы жылдары орын алса керек. Мысалы, 1840-1850 жыл­дар аралығында қазақ дала­сынан Бұқар, Хиуа хандықтарына 750 мың киік мүйізі өткізілсе, 1858 жылы 41 мың мүйіз Қытайға са­тыл­ған екен. Қырғынды тоқтату және саны азайып кеткен ақбөкен­дерді қорғау мақсатында Бөкей ордасының Жәңгір ханы киіктерді аулауға қатаң тыйым салатын арнайы заң шығарған. Бұл заң түз тағыларының санын көбейтуге біршама септігі тигенімен, мүйіз сатумен айналысатын саудагер­лердің бассыздығын біржола баса алмағанға ұқсайды.

Мүйізге сұраныс барда мұндай қылмыс тоқтамасы анық. Шет елдерде де осы індет қаулап тұр. Қалмақтар киікті жоғалтып алмау үшін «Сайғақ жылы» деп бір жыл­ды атағаны белгілі. Ал Моңғолия елі болса киікті сақтау бойынша альянс отырысын Ұлан-Баторда өткізіп, осы бағыттағы жобаларға шағын гранттар беруді қарастырды. АҚШ-тың балық және аңшылық шаруашылық қызметі бір жылдары Ресейдің сайғақтарын қорғауға қомақты қаржы беріп те тастаған.

Қытайда мүйізге деген сұраныс жоғары болуына байланысты киік­ті заңсыз аулау жалғасып келеді. Оған жоғарыда айтылған қылмыс­тық топты құрықтау негіз бола ала­ды. Әрине, бұл контрабандалық жолмен барған заттарды да қытай билігі ұстап, тәркілейді. Сонда да құныққан қылмыскерлерге ол қол­байлау болып тұрмаса керек. Бей­ресми деректерге сүйенсек, киік аулағандар оның мүйізінің бір келісін (4 мүйізді) 40 мың теңгеге тапсырады екен. Қытайда киік мүйізінің әр келісі кем дегенде 1 000 доллардан асып түседі. Тіпті 4 мың АҚШ долларына да жетіп қалады. Аңғарсаңыз, Қытай елі шикізатты бізден сатып алып, дәрі жасап, онысын өзімізге кері сатып, көп пайда тапса, біз елімізге сат­қындық жасап, баға жетпес бай­лығымызды құлқынымыз үшін ғана сатып отырғандаймыз. Ол жақ мүйізді дәстүрлі медицина индустриясында қолданса, бір ғана осы саладағы мүйізге жыл сайынғы сұраныс 8 тоннаға дейін барады. Қазір Қытайда жинақталған қор 80 тоннаны құрап отырған көрінеді. Айтар болсақ, киік мүйізінен жа­салған «Деток» өнімі Қытайда кең танымал. 2018 жылы Сингапурде тұратын қытайлар арасында жүр­гізілген сауалнама қорытындысына қарағанда, олардың 13 проценті киік өнімдері бар дәрі-дәрмекті тұтынатынын айтқан.

Киіктің мүйізі үшін сайын да­ла­да браконьер мен жануарлар әле­мін қорғайтын инспекторлар арасында қақтығыстар да жиі орын алуда. Бірі – табиғатты қорғасам десе, екіншісі – пайдаға құнықсам дейді. Осының кесірінен елімізде инспекторлардың өміріне төнген қауіп те ұлғая түскені байқалады. 2019 жылғы қаңтарда жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инс­пек­тор Ерлан Нұрғалиев пен оның әріп­тесі киікті заңсыз аулап жүр­ген­дерді ұстауға әрекет жасаған кезде браконьерлердің бірі Нұр­ғалиевті ауыр затпен ұрып жара­лаған болатын. Басына қатты за­қым келген ол екі күннен соң ауру­­ханада көз жұмды. Мұндай адам өліміне алып келген оқиға шілде айында да қайталанды. Бұл жолы Охотзоопром мекемесінің инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьер қолынан қаза тауып, оның әріптесі Самат Оспанов жа­раланды. Ал еліміздің заңна­ма­сын­да бір киікті атқан адамға бар-жоғы 300 АЕК көлемінде айыппұл са­лы­нады. Мысалы, браконьерлер ав­то­көлік жолына шығып қашса, инс­пектордың оны қууға, тоқтатуға, оқ атуға құқығы жоқ. Сонымен бірге инспектор­лар­ға қару қолдануға тыйым салынған. Тек өміріне қауіп төніп, браконьер өзіне оқ атқанда ғана атуына болады. Қорықшы күдік­тінің қаруын тартып алып, көлігін де тексере алмайды.

Түйін

Бұл қылмысқа байланысты Президент Қасым-Жомарт То­қаев: «Браконьерлер та­би­ғат бай­лығы – киіктерді ау­лау­ды тоқ­татпай отыр. Ал­ма­ты об­­лы­­сында ҰҚК қыз­мет­кер­лері 3 мың­ға жуық киікті өлтірген қыл­мыскерлерді құ­рықтады. Қас­көйлер заңға сәйкес қатаң жа­заға тартылуы тиіс. Құқық қор­ғау органдары мұндай заң­сыз әре­кеттерге тоқтау салуы керек» деп өзінің Twitter-дегі па­рақшасында жаз­ды. Олай бол­са табиғат­тың сәні – киікті бо­ла­шақ үшін сақтап қалу өз қолы­мыз­да екенін ұмыт­пауымыз керек!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ