Ақтөбе облыстық Білім басқармасында былық шаш-етектен екен. Қоғам белсенділерінің үні естілгенінің арқасында осы саладағы біршама мәселе арнайы мониторинг тобының назарына ілікті. Соған байланысты тексеріс жүргізіліп, рас-өтірігі анықталды. Бөлінген бюджеттің орынды жұмсалуы ғана емес, игілікке жарауы да маңызды. Білім басқармасы қаражатты қалай игеріп отыр? Антикор неге наразы? Ақ-қарасын ажыратуға тырыстық.
Қымбат компьютердің «жыры»
Әлқисса, әңгіменің қайдан шыққанына тоқталайық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің арнайы мониторинг тобы аймақтарды аралап, қордалаған мәселелерге құлақ түріп жүреді. Кезекті іссапарды Ақтөбе облысында жалғастырған топ бірінші Мәртөк ауданына ат басын бұрады. № 4 орта мектепте республикалық және облыстық бюджет есебінен алынған компьютерлерде стандартты антивирустық бағдарламалар орнатылмаған болып шықты. Яғни, бұл дегеніміз компьютерлер күні ертең «ауырып», артынша істен шығуы әбден мүмкін. Ол аздай, оқу процесіне қажет бірден-бір бағдарлама — Microsoft Office та жоқ. Компьютерлерде Windows 10 операциялық жүйесі де қосылмаған, кейбірінде мерзімі өтіп кеткен. Облыстағы арнайы мониторинг тобының мүшесі, тәуелсіз сарапшы Нәдір Мерғалиевтың айтуынша, аймақтағы қашықтан оқуға арнап алынған техниканың жағдайы мәз емес. «Техникалық параметрлері сәйкес келмейді. Бір компьютердің құны кей деректерге сүйенсек, 160 мың теңге. Мониторинг кезінде ондай компьютердің ірі ритейлдер желісіндегі бөлшек бағасы 87 260 теңге екені анықталды. Яғни, компьютерлерді бұдан да арзанға алуға болар еді», – дейді сарапшы. Бұл мәселеге қатысты Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов былай деп жауап берді: «Ноутбуктер 2020 жылдың көктемінде сатып алынды. Арнайы рет бойынша аудандық білім бөлімі мектептерге үлестірді. Олар болса, оқушыларға таратып берді. Комплектациясы мен жабдықтамасы Білім министрлігінің техникалық сипаттамасына сәйкес келеді. Оқушылар еш кедергісіз қолданып отыр. Жалпы саны 175 ноутбук сатып алынып, үлестірілді. Ал бағасына келсек, бүкіл әлем қашықтан оқып жатқан кезге сәйкес келгендіктен, ондай арзан бағаға алу мүмкін болмады». Қашықтан оқу кезіндегі осындай мәселеден бөлек, облыстық Білім басқармасының бос орындар мен байқауларды жариялап тұратын хабарландыру сайтының жаңартылмайтыны анықталған. Бұл болса, «бармақ басты, көз қыстымен» тамыр-таныс арқылы жұмысқа орналасуға жолдың ашық тұрғанын білдірсе керек. Мониторинг кезінде беті ашылған проблема тым көп. Бұдан кейінгі мән беретін мәселе осыдан екі жыл бұрын жасалған келісімшартқа байланысты. 2018 жылы облыстық Білім басқармасы «Фирма «Казинтосервис» ЖШС-мен келісімшартқа отырады. Олар Білім басқармасын 5 000 дана жабдықпен қамтамасыз етуге тиіс болады. Конфигурация анализі нәтижесінде өзге дүкендерден сол конфигурацияның орташа бағасы 149 мың теңге екені анықталған. Ал басқарма болса, 250 мың теңгеден қабылдайды. Барлық лот бойынша жалпы сома – 1 млрд 250 млн теңге. Ол аз болғандай, компьютерлердің конфигурациясы әлсіз болып шығады. Әрі сервистік қызмет көрсетілмейді екен. Ал негізі техникалық сипаттама бойынша, 36 ай сервистік қызмет тегін көрсетілуі керек. Яғни, осы үшін бюджеттен қыруар ақша тағы құртылып жатыр деген сөз. Бұл дерекке қатысты облыстық Білім басқармасына сұрау салдық. Сервистік қызмет көрсету аясында 5 мың дана компьютер алынғанын басқарма растады. Сондай-ақ 2018 жылы – 48,7 млн теңге, 2019 жылы – 600,7 млн теңге, 2020 жылы 600,6 млн теңге бөлінгенін айтып отыр. Үш жылға жалға алынған компьютерлердің ендігі тағдыры не болатынын сұрағанымызда, ол жабдықтардың шарт мерзімі аяқталған соң мектептерде қалатынын білдік. Яғни, бір мезетте барлық соманы бөлу мүмкін болмағандықтан, үш жылға бөліп төлеу нұсқасы қолданылған. «Ақтөбе қаласында компьютерлерге қызмет көрсететін сервистік орталық бар. Жалға алынған техникаға сервистік қызмет көрсетуге қосымша шарттар жасалған жоқ. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде оқу процесінде қолданылатын компьютерлерге қойылатын ең төменгі талаптарды әзірлеп, өңірлерге жіберілген. Мұндай компьютердің бір бірлігі үшін баға – 267 мың теңге. Жалға алынған компьютерлік жабдықтың техникалық ерекшелігі – министрлік ұсынған компьютерлік техникаға қойылатын минимал талаптарға сәйкес жасалған», – дейді облыстық білім Басқармасы өкілдері.Әп-әсем лагерь неге бос тұр?
2018 жылдың кем-кетігі мұнымен бітпек емес. «Кірпішті» тұрғын үй массивінде жыл бойы үздіксіз оқуға мүмкіндік беретін «Әсем» лагері салынған. Мұны тіпті Ақтөбенің «Артегі» деп те бағалапты. 300 орындық лагерьдің екі жыл бұрын тамызда таңдай қақтырған ашылу салтанаты өткізілген. Бірақ 2018 жылдың қазанынан бері қаңырап бос тұрған көрінеді. Әу баста материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, оқушыларға мол мүмкіндік сыйлау сынды мақсаттар осылайша желге ұшқан. Мақсатпен бірге 800,8 млн теңге де кетті. Бұл деректерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мониторинг тобының мүшесі Рафаэль Гасанов келтірді. Осыған орай, облыстық Білім басқармасынан жауап алдық. Жергілікті бюджет есебінен құрылысы жүзеге асырылған жеке лагерьдің оқу корпусы конкурстық негізде сенімгерлік басқаруға берілген. 2019 жылдың 21 ақпанында облыстық Қаржы басқармасы мен Bilim Aktobe ЖШС арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды. Сенімгерлік басқару шарты бойынша бюджет қаражаты есебінен жыл бойғы лагерь қызметін ұйымдастыру міндеттемесі қарастырылмаған, сонымен қатар Білім басқармасы мен Bilim Aktobe ЖШС арасында қандай да бір келісімшарттық міндеттемелер жоқ екен. Яғни, сенімгерлік басқару шарты дұрыс орындалмай отыр. Соның салдарынан әлгі ғимарат қаңырап тұр. Ал жалпы Ақтөбе қаласында мектепте орын тапшылығы едәуір байқалады. Үш ауысымда оқитын мектеп саны да көп. Мәселен, жеке лагерь орналасқан «Кірпішті» елді мекенінің өзінде 480 оқушы оқитын жерде 1 200 оқушы білім алып жатыр. Басқармадағылардың айтуынша, ғимаратты барынша тиімді пайдалану үшін бірнеше нұсқа да ұсынған. Мысалы, ол жерге Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатын орналастыру туралы ұсыныс берілген. Мектеп-интернаттың қызметін ұйымдастыру үшін Bilim Aktobe ЖШС-нің «Әсем» лагеріндегі асхана мен жатақханасын ақылы түрде пайдалану нұсқасы да бар.Далада даңғарадай мектеп тұр
Осылай қаңырап тұрған даңғарадай ғимараттар таразының бір басында тұрса, екінші басында басқа мәселелер бар. Мысалы, Ақтөбе колледжінің ғимараты 6 жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылған. Бірақ қауіпке қарамастан, студенттер сонда оқып жатыр. Одан бөлек, Қобда ауданындағы Жарсай ауылында спорт зал жоқ. Зарығып күтіп жүргендеріне 11 жылдың жүзі болыпты. Мониторинг тобы «Шилісайдағы» мектепке барып, айналасы күзетпен қоршалған ғимараттың сыртынан тамашалаған. Рафаэль Гасанов бұл оқу ордасының бүгінде бос тұрғанына наразылығын білдіріп, видеожазба да қалдырған болатын. Айналасында айтарлықтай үй де байқалмайды. Құдды ел шетінде қалған ғимарат секілді. Бұған қатысты басқарма былай деп отыр. «2017 жылы Ақтөбе қаласының әкімдігі «Ақтөбе қаласын дамытудың бас жоспары» негізінде «Шилісай-1» және «Шилісай-2» жаңа тұрғындар массивінде белсенді түрде халықты қоныстандыру жоспарланған. Осыған байланысты алдағы 3-5 жылда халық саны 3 000-нан астам тұрғынға, оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны 1 500-ге дейін өседі деп күтіліп отыр. Шилісай кентінің «Шилісай-1» алабында 600 орындық мектеп салу жақын орналасқан мектептерде орын тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді». 2017 жылы бюджет қаражаты есебінен «Ақтөбе қаласы Шилісай кентінің «Шилісай-1» т/а 600 орындық орта мектеп құрылысы» МС және ЖСҚ әзірленген. Тапсырыс беруші — «Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімі». 2019 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарына конкурс жарияланған. Мердігер – «НСК-Строй Баланс» ЖШС. Жобаны қаржыландыру былтыр басталған. Жалпы құны 1,4 млрд теңге, 2019-2020 жылдары – 700 млн теңге бөлінген. Басқарманың айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.Қала кеңейді, мектеп керек
Ақтөбеде аумағы кеңейген сайын мектеп тапшылығы тіптен сезіліп жа-тыр. Оған «Нұр Ақтөбе» атты жаңа шағынаудан құрылғалы тұрғындардың түсіріп жатқан арыз-шағымдары дәлел бола алады. Балаларына мектеп сұрағандар жетіп артылады. Облыстық Білім басқармасы бюджеті 1,5 млрд теңге болатын мектептің құрылысы жүріп жатқанын айтып отыр. Мониторинг тобының назарына іліккен бұл нысан «Нұр Ақтөбенің» 4-шағынауданында орналасқан. Бүгінде құрылыс 70 пайызға аяқталыпты. Негізі, жоспар бойынша 2019 жылы салынуы керек болған. Дегенмен мердігердің кешіктіруіне байланысты мұнда қоңырау үнін есту мүмкін болмай отыр. 900 орындық мектеп ғимаратының қалған 30 пайыздық жұмысы жүргізіліп болса, осы жылдың желтоқсанында шағынаудан тұрғындарына жақсы жаңалық сол болмақ. Білім басқармасы «Нұр Ақтөбенің» 1-шағынауданында тағы бір мектептің бой көтеретінін айтып отыр. Мұнда да 900 бала білім алатын болады. Бірақ бұл ғимараттың құрылысы қарқынды дейді басқарма өкілдері. Өйткені мектепті пайда-лануға уақытынан ерте, яғни 2020 жылдың желтоқсанында береді деп күтіп отыр екен. Байқасақ, мұндай мәселе шаш етектен. Қоғамда дау тумаса, көз қиығы да салынбайтыны қиын. Әйтпесе, міндетін дұрыс орындамағаны үшін заң жүзінде «сілкіп» алса да қауқар жетеді. «Бастысы бюджет бөлінді» деумен шектелуге болмас. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, тиімді жұмсау да – шеберлік. Біздің мақсат – мәселенің оң шешімін табуға жәрдемдесу.Жадыра АҚҚАЙЫР