Парақор полицей аз емес
Парақор полицей аз емес
160
оқылды

Елімізде  жемқорлық қылмысы әлі азаймай тұр. Мемлекет мүлкін жымқырып қалуға тырысатындар  кез келген салада бар. Соның ішінде қылмыс жасайтын полицейлер де кездеседі. Мұндайда «тұз сасыса не себесің?» дейтін еді бұрынғылар.

Биыл жыл басынан бері елімізде 2 140 коррупциялық қылмыс тіркеліпті. Соның ішінде пара беру бойынша 993 дерек анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға артық. 555 оқиға пара алуға қатысты болса, 404 оқиға пара берумен, ал 34 жағдай делдалдық жасаумен байланысты болған. Өндірілген шығын сомасы 39,5 миллиард теңгені құрапты. Бұл да өткен жылғы көрсеткіштен көп артық. Заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов мұндай құбыжық құбылыстың алдында дәрменсіздік танытпауымыз керек екенін айтады. «Бұл проблеманың еліміздегі сипатына келер болсақ, сон­шалықты терең жайлап, қоғамның барлық тобының өмір салтына айналып кете қойған жоқ деуге болады. Сол себептен де оған қарсы көзқарас пен саяси ерік-жігерді бүгінгіден де жоғары деңгейге көтеру керек», – дейді заңгер. Бірақ ғалым полицейлер арасындағы жемқорлық мәселесіне жеке тоқталуды құп көрмеді. Өйткені ол қоғам­дағы құбылыстың бір бөлшегі ғана.

10 айда 221 полицей сотталды

Сөз басында еліміздегі жалпы сыбайлас жемқорлық деректерін айттық. Солардың арасында құқық қорғау қызметкерлерінің де шалыс басқандары бар. Биыл жыл басынан бері ішкі істер органдарының 221 қызметкеріне сот үкімі шыққан екен. Мұнда, мәселен тергеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін пара алған болса, учаскелік инспекторлар әкімшілік айыппұл салмау үшін және пробациялық қадағалауды жұмсарту үшін ақша сұраған. Жол-патрульдік қызмет инспекторлары жол-қозғалыс ережесін бұзғандарды пара беруге итермелеген.
«Біз полиция қызметкерлері ара­сындағы коррупция қатері жоғары екенін жоққа шығармаймыз. Жемқорлық деңгейін барынша төмендету – біздің ведомство үшін күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Осы мақсатта министрдің бастамасымен біздің министрлік көр­сететін 40 мемлекеттік қызметтің тең жар­тысынан астамы электронды түрге кө­шірілген болатын. Бұл – жемқорлыққа се­беп болатын қызмет алушы мен қызмет берушінің тікелей байланысы үзілді деген сөз. Өткен жылы біздің қызметкерлерге пара берген 55 дерек тіркелген болса, биылғы 9 айда 127 қызметкер осындай баянат түсірді. Одан бөлек, кадрлық іріктеулер мен полицейлердің қатарын тазарту қатаң түрде жүруде. Мәселен, биыл түрлі деңгейдегі 801 басшы қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, 36-сы жұмыстан шығарылған болса, тағы 128-і лауазымдық қызметінен босатылды. Ішкі қадағалау нәтижесінде 194 қызметкерді қызмет атқару кезінде ішімдік ішіп көлік жүргізген жерінен, 31-ін есірткіге мас боп жүрген жерінен ұстадық», – дейді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Саданов.

Полиция полицияны бақылайды

А.Садановтың айтуынша, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін қадағалау бірінші кезектегі міндет. Де­малыс, мереке күндері де бұл жұмыс тоқ­­тамайды. Қызметкерлердің жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полисінің бар-жоғы, тіпті көлік салығын төлегені де тексеріледі екен. Мас күйде көлік ай­дап ұсталғандары теріс сипаттама алып, қалпына келтіру құқығынсыз жұ­мыстан шығарылады. Оның үстіне, қа­зіргі жаңа заңнама бойынша ол көлік бас­қару құқығынан 7 жылға айырылады. Есірткі тұтыну бойынша жыл сайын профилактикалық тексерулер өтеді. Алдағы уақытта осындай  міндетті тексерулерге наркотест енгізу жоспарлануда. Оның нә­тижесі қызметкердің қолына емес, өзіндік қауіпсіздік қызметіне берілетін болады.
Полиция қызметкерлерінің арасында  пара алғаннан бөлек, бюджет қаржысына да қол сұғатындар кездеседі.   Жекелеген деректер бойынша жымқырылған қаражат сомасы жүздеген миллион теңгені құ­райды. «Мәселен, біздің қызметкерлер Алматы об­лысы Полиция департаментінде аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегін анықтады. Бұл қылмыс іссапар шығын­дарын, сыйақыны, қызметтік көліктерді жөндеуге және оларды бензинмен қам­тамасыз етуге арналған шығындарды тө­лемеу арқылы жасалған. Олардың ара­сында былайша айтқанда, «өлі жандарға» еңбекақы төлеу дерегі де бар. Тек бір ғана аудандық полиция бөлімінің өзінде 365 миллион теңге жымқырылғаны анық­талды», – дейді Арман Саданов.

 Ұрыларға «аға» болғандар да бар

2020 жылдың басында сондай-ақ «Акселор Миттал Теміртау» АҚ аумағынан ірі көлемде ұрлық фактісі ашылған. Оны жасауға бұрынғы және қазіргі полиция қызметкерлері де қатысқан. Келтірілген шығын көлемі 61 млн теңгені құрады. 5 күдіктіге қатысты іс таяу арада сотқа жолданбақ. полицей Ал қыркүйек айынан бастап Қызылорда облысында қылмыстық әлеммен кірігіп кету деректерінің жолын кесу үшін жедел шаралар жүргізілген. Нәтижесінде, 5 қазан күні ПД-нің бір басқарма басшысы мен оның бағынысты қызметкері, яки бөлім бастығы криминалдық «авторитеттен» оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 20 миллион теңге пара алып жатқан жерінен ұсталды. Сондықтан министрлік кадрларды іріктеуге айрықша назар аударады. Алайда соның өзінде  «алтын көрсе жолдан таятын» полицейлер аз емес.
«Барлық қызмет пен бө­лімше жұ­мысын талдай отырып, егер қыз­мет­кер қандай да бір теріс іспен жауап­кер­шілікке тартылған болса, бірден оның кандидатурасын басшылық лауазымдардан алып тастаймыз. Биыл 349 кандидат пен 75 офицерге осындай тағайындаудан бас тартылды. Бұл басшылық құрамның жауапкершілігін арттыра түспек», – дейді полиция полковнигі.
Ішкі істер министрлігінің еліміздегі коррупцияға душар болған ведомстволар мен ұйымдардың рейтингін үнемі бастап тұруының бір себебі – оның қызметкерлер саны ең көп құқық қорғау органы екенінде. Тағы бір себебі бұл органда жемқорлықпен күрес құзыреті бар. Министр Ерлан Тұрғымбаевтың өзі: «Біз өз қатарымызда жемқорлықты тамырымен жою үшін ең қатаң шараларға баратын боламыз. Осы уақытқа дейін анықталған жемқорлық фактілерінің 77 пайызын біз өз күшімізбен анықтадық. Әрбір пара алу оқиғасы біз үшін төтенше жағдаймен тең. Тек кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартып қана қоймай, олардың тікелей бастықтарына қатысты да шара қолданылатын болады» деген болатын.
«Біз пара алу және заңсыз ақша жинау мүмкіндігі бар жерлерде, яки 14 бөлімшеде талдау жүргіздік. Мәселен, Ерлан Заман­бекұлының ықтиярлы шешімімен РЕБ (РЭО) бөлімшелер жойылып, бұл қызмет­тер автоХҚКО-ларға (автоЦОН) берілді. Шетелдіктерге қызмет көрсету үшін көші-қон қызметі орталықтары іске қосылды. Яки, қызметкерлеріміз азаматтық ХҚКО-ларда отыратын болды, ондағы қызметтер ашық та айқын жүргізіледі. Сондай-ақ «Рубеж» бекеттері көп жерден алынып тасталды. 38 бекеттен еліміз бойынша шекараға жақын аудандарда орналасқан 6 бекет қана қалды. Себебі алысқа сапар  шегетін жүк көліктерінің жүргізушілерінен көп шағым түсетін. Сондықтан себепсіз тоқ­татуға тыйым салдық», – дейді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бас­тығы, полиция полковнигі Арман Саданов.
Елімізде, соның ішінде ішкі істер саласында да жемқорлықпен күрес үшін кешенді шаралар қабылданып жатқаны анық. Соның бірі – Мемлекет басшысының қолдауымен ішкі  істер саласында өт­кен жылдың шілде айынан бастап қызмет­керлер еңбекақысының өскені. Пат­рульді полицияның жалақысы – 65, же­дел-тергеу бөлімшелері мамандарының еңбек­ақысы – 55, қалған қызметтердің айлығы 20 пайызға өсті. 9 023 қызметкер үй жалдауға өтемақы алу құқына қол жеткізді. Бұл ішкі істер органы қызметкерлеріне жемқорлық әрекеттерге бармас бұрын ой салса керек. Өйткені жаза басқандар әскери міндетті сала қызметкерлеріне берілетін барлық артықшылықтан бұрын жұмыстан, пәтерден және қызметтік өсу мүмкіндігінен айырылып қалмақ.

Нұрлан ҚОСАЙ