Елімізде жемқорлық қылмысы әлі азаймай тұр. Мемлекет мүлкін жымқырып қалуға тырысатындар кез келген салада бар. Соның ішінде қылмыс жасайтын полицейлер де кездеседі. Мұндайда «тұз сасыса не себесің?» дейтін еді бұрынғылар.
Биыл жыл басынан бері елімізде 2 140 коррупциялық қылмыс тіркеліпті. Соның ішінде пара беру бойынша 993 дерек анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға артық. 555 оқиға пара алуға қатысты болса, 404 оқиға пара берумен, ал 34 жағдай делдалдық жасаумен байланысты болған. Өндірілген шығын сомасы 39,5 миллиард теңгені құрапты. Бұл да өткен жылғы көрсеткіштен көп артық. Заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов мұндай құбыжық құбылыстың алдында дәрменсіздік танытпауымыз керек екенін айтады. «Бұл проблеманың еліміздегі сипатына келер болсақ, соншалықты терең жайлап, қоғамның барлық тобының өмір салтына айналып кете қойған жоқ деуге болады. Сол себептен де оған қарсы көзқарас пен саяси ерік-жігерді бүгінгіден де жоғары деңгейге көтеру керек», – дейді заңгер. Бірақ ғалым полицейлер арасындағы жемқорлық мәселесіне жеке тоқталуды құп көрмеді. Өйткені ол қоғамдағы құбылыстың бір бөлшегі ғана.
10 айда 221 полицей сотталды
Сөз басында еліміздегі жалпы сыбайлас жемқорлық деректерін айттық. Солардың арасында құқық қорғау қызметкерлерінің де шалыс басқандары бар. Биыл жыл басынан бері ішкі істер органдарының 221 қызметкеріне сот үкімі шыққан екен. Мұнда, мәселен тергеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін пара алған болса, учаскелік инспекторлар әкімшілік айыппұл салмау үшін және пробациялық қадағалауды жұмсарту үшін ақша сұраған. Жол-патрульдік қызмет инспекторлары жол-қозғалыс ережесін бұзғандарды пара беруге итермелеген.«Біз полиция қызметкерлері арасындағы коррупция қатері жоғары екенін жоққа шығармаймыз. Жемқорлық деңгейін барынша төмендету – біздің ведомство үшін күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Осы мақсатта министрдің бастамасымен біздің министрлік көрсететін 40 мемлекеттік қызметтің тең жартысынан астамы электронды түрге көшірілген болатын. Бұл – жемқорлыққа себеп болатын қызмет алушы мен қызмет берушінің тікелей байланысы үзілді деген сөз. Өткен жылы біздің қызметкерлерге пара берген 55 дерек тіркелген болса, биылғы 9 айда 127 қызметкер осындай баянат түсірді. Одан бөлек, кадрлық іріктеулер мен полицейлердің қатарын тазарту қатаң түрде жүруде. Мәселен, биыл түрлі деңгейдегі 801 басшы қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, 36-сы жұмыстан шығарылған болса, тағы 128-і лауазымдық қызметінен босатылды. Ішкі қадағалау нәтижесінде 194 қызметкерді қызмет атқару кезінде ішімдік ішіп көлік жүргізген жерінен, 31-ін есірткіге мас боп жүрген жерінен ұстадық», – дейді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Саданов.
Полиция полицияны бақылайды
А.Садановтың айтуынша, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін қадағалау бірінші кезектегі міндет. Демалыс, мереке күндері де бұл жұмыс тоқтамайды. Қызметкерлердің жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полисінің бар-жоғы, тіпті көлік салығын төлегені де тексеріледі екен. Мас күйде көлік айдап ұсталғандары теріс сипаттама алып, қалпына келтіру құқығынсыз жұмыстан шығарылады. Оның үстіне, қазіргі жаңа заңнама бойынша ол көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылады. Есірткі тұтыну бойынша жыл сайын профилактикалық тексерулер өтеді. Алдағы уақытта осындай міндетті тексерулерге наркотест енгізу жоспарлануда. Оның нәтижесі қызметкердің қолына емес, өзіндік қауіпсіздік қызметіне берілетін болады.Полиция қызметкерлерінің арасында пара алғаннан бөлек, бюджет қаржысына да қол сұғатындар кездеседі. Жекелеген деректер бойынша жымқырылған қаражат сомасы жүздеген миллион теңгені құрайды. «Мәселен, біздің қызметкерлер Алматы облысы Полиция департаментінде аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегін анықтады. Бұл қылмыс іссапар шығындарын, сыйақыны, қызметтік көліктерді жөндеуге және оларды бензинмен қамтамасыз етуге арналған шығындарды төлемеу арқылы жасалған. Олардың арасында былайша айтқанда, «өлі жандарға» еңбекақы төлеу дерегі де бар. Тек бір ғана аудандық полиция бөлімінің өзінде 365 миллион теңге жымқырылғаны анықталды», – дейді Арман Саданов.
Ұрыларға «аға» болғандар да бар
2020 жылдың басында сондай-ақ «Акселор Миттал Теміртау» АҚ аумағынан ірі көлемде ұрлық фактісі ашылған. Оны жасауға бұрынғы және қазіргі полиция қызметкерлері де қатысқан. Келтірілген шығын көлемі 61 млн теңгені құрады. 5 күдіктіге қатысты іс таяу арада сотқа жолданбақ. Ал қыркүйек айынан бастап Қызылорда облысында қылмыстық әлеммен кірігіп кету деректерінің жолын кесу үшін жедел шаралар жүргізілген. Нәтижесінде, 5 қазан күні ПД-нің бір басқарма басшысы мен оның бағынысты қызметкері, яки бөлім бастығы криминалдық «авторитеттен» оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 20 миллион теңге пара алып жатқан жерінен ұсталды. Сондықтан министрлік кадрларды іріктеуге айрықша назар аударады. Алайда соның өзінде «алтын көрсе жолдан таятын» полицейлер аз емес.«Барлық қызмет пен бөлімше жұмысын талдай отырып, егер қызметкер қандай да бір теріс іспен жауапкершілікке тартылған болса, бірден оның кандидатурасын басшылық лауазымдардан алып тастаймыз. Биыл 349 кандидат пен 75 офицерге осындай тағайындаудан бас тартылды. Бұл басшылық құрамның жауапкершілігін арттыра түспек», – дейді полиция полковнигі.Ішкі істер министрлігінің еліміздегі коррупцияға душар болған ведомстволар мен ұйымдардың рейтингін үнемі бастап тұруының бір себебі – оның қызметкерлер саны ең көп құқық қорғау органы екенінде. Тағы бір себебі бұл органда жемқорлықпен күрес құзыреті бар. Министр Ерлан Тұрғымбаевтың өзі: «Біз өз қатарымызда жемқорлықты тамырымен жою үшін ең қатаң шараларға баратын боламыз. Осы уақытқа дейін анықталған жемқорлық фактілерінің 77 пайызын біз өз күшімізбен анықтадық. Әрбір пара алу оқиғасы біз үшін төтенше жағдаймен тең. Тек кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартып қана қоймай, олардың тікелей бастықтарына қатысты да шара қолданылатын болады» деген болатын.
«Біз пара алу және заңсыз ақша жинау мүмкіндігі бар жерлерде, яки 14 бөлімшеде талдау жүргіздік. Мәселен, Ерлан Заманбекұлының ықтиярлы шешімімен РЕБ (РЭО) бөлімшелер жойылып, бұл қызметтер автоХҚКО-ларға (автоЦОН) берілді. Шетелдіктерге қызмет көрсету үшін көші-қон қызметі орталықтары іске қосылды. Яки, қызметкерлеріміз азаматтық ХҚКО-ларда отыратын болды, ондағы қызметтер ашық та айқын жүргізіледі. Сондай-ақ «Рубеж» бекеттері көп жерден алынып тасталды. 38 бекеттен еліміз бойынша шекараға жақын аудандарда орналасқан 6 бекет қана қалды. Себебі алысқа сапар шегетін жүк көліктерінің жүргізушілерінен көп шағым түсетін. Сондықтан себепсіз тоқтатуға тыйым салдық», – дейді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Саданов.Елімізде, соның ішінде ішкі істер саласында да жемқорлықпен күрес үшін кешенді шаралар қабылданып жатқаны анық. Соның бірі – Мемлекет басшысының қолдауымен ішкі істер саласында өткен жылдың шілде айынан бастап қызметкерлер еңбекақысының өскені. Патрульді полицияның жалақысы – 65, жедел-тергеу бөлімшелері мамандарының еңбекақысы – 55, қалған қызметтердің айлығы 20 пайызға өсті. 9 023 қызметкер үй жалдауға өтемақы алу құқына қол жеткізді. Бұл ішкі істер органы қызметкерлеріне жемқорлық әрекеттерге бармас бұрын ой салса керек. Өйткені жаза басқандар әскери міндетті сала қызметкерлеріне берілетін барлық артықшылықтан бұрын жұмыстан, пәтерден және қызметтік өсу мүмкіндігінен айырылып қалмақ.
Нұрлан ҚОСАЙ