Қандастың халі қалай?
Қандастың халі қалай?
326
оқылды
Қандастарды құшақ жая қарсы алдық дегенімізбен, оларға қатысты мәселені түбегейлі шеше алмай келе жатқанымыз анық. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының дерегіне сенсек, шетелдерде 5 миллионнан астам қандасымыз өмір сүріп жатыр. Ал қазіргі қарқынмен оларды қанша жылда атажұртымызға көшіре алатынымыз беймәлім.

Бітпеген баспана дауы

Әлқисса, 1991 жылы 18 қарашада шетелдегі қандастарды елге көшіру туралы ҚазССР үкіметінің қаулысы қабылданды. Содан бері 30 жылға жуық уақыт таяп қалды. Осы аралықта елімізге 1 мил­лион қандасымыз көшіп келген екен. 2019 жылы орал­ғандардың саны –17 661 адам. Бірақ бұған көңіл толады деп айту қиын. Себебі былтыр 45 мың қазақстандық өзге елдерге қоныс аударған. Ал енді нақты проблеманың біріне тоқталсақ. Осы уақытқа дейін Көкшетау маңындағы Красный Яр елді мекенінде «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында елге оралатын қандастарға арнап үй салынды. 2009 жылы осы мақсатта 1,5 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржыға 138 екі пәтерлі тұрғын үй салынған. Енді қараңыз, екі пәтерден ғана тұратын әр үйдің құрылысына 10,8 мил­лион теңге жұмсалған. Мұнымен шығыны бітсе бір сәрі, тізбектей кетсек. Үй салынып біткен соң Ақ­мола облысының бюджетінен элетрмен жабдықтау үшін 20 миллион теңге бөлінген. Содан кейін үйлердің салын­ғанына 3 жыл ғана болғанда, 2012 жылы 193 миллион теңгеге жөндеу жүргізіліпті. 2016 жылы 40 тұрғын үйді жылытуға – 38,1 млн, одан бөлек спорт алаңын салуға – 10 млн, қалаға шығатын жолды жөндеу үшін 24 млн тең­геге шығындалған. Ал осыншама қаржы жұмсалған пә­тер­лердің жағдайы нашар, сапасы көңіл көншітпейді. Тіп­ті, қандастар үйлерін өз атына заңдастыра алмай отыр. Ай сайын жалға алғандай болып 6 мың теңге тө­лейді. Қандастар жағы болса ол үйлерді жалға алғысы кел­мейді. Себебі тағы сол үйдің сапасыздығы. Демек, бұл мәселеге қатысты шикілік көп. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы бұл баспаналардың жағдайын көр­генін айтып, «ит байласа, тұрғысыз» деп бағалап отыр. – Қазақ «ит байласа, тұрғысыз» дейді. Өте сапасыз салынған. Көкшетау өңірі суық. Оған қарамастан үйлерді кірпіштен емес, гипсокартоннан салған. Іргетас деген ұғым жоқ. Төбесі мен едені де жұқа. Осы мәселені депутаттық сауал арқылы бір топ депутат көтердік. Үкімет басшысына да бардым. Ол үйлерге қатысты мәселе әлі де қозғалмай отыр. Қыс айында қандастар туысқандарын жағалап кететінін айтады. Енді сіз айтасыз, «айына 6 мың теңге ғана төлеуі керек» деп. Ана үйге  ақша төлеу үшін соған сай жағдайы болуы қажет. Ондай үйде мен тұрсам, бір тиын да төлемейтін едім. 6-7 ай қыс болғанда үйде тұрмаса, қалай төлемек? Кешірім сұраймын, оңтүстік жақта ондай үйге мал қамамайды. Оңтүстікте малды жылы жерге қамайды. Енді олар адам ғой, елге келіп жатқан біздің қандастарымыз, бауырларымыз. Адами тұрғыдан келгенде ондай үйлерде тұру мүмкін емес, – дейді ол. Бізге түсініксіз тағы бір жағдай бар. Былтыр халық қалаулылары аталған елді мекенге барып, осы үйлерге «өмір сүруге жарамсыз» деп баға берген болатын. Сол кезден бері Ақмола облысының әкімдігі қайда қарағаны белгісіз. Бұлай «қарабайыр» тілмен айтар жайымыз бар – бұл мәселенің анық-қанығын білетін облыс әкімдігі «ақша бөліп, жөндеу жүргіздік» деп есеп беруден әрі аса алмай отыр.

Ауылдарды сақтап қалудың амалы ма?

2019 жылы «Отандастар» қорының тап­сырысы бойынша «Қоғамдық пікір» зерттеу инсти­туты жүр­гізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесіне сүйен­сек, Қазақстанға қоныс аударғысы келетін қандастардың саны 1,5 миллионнан асқан екен. Енді Ауыл шаруа­шылығы министрлігі қандастарға арнайы жаңа жобаны қолға алмақшы. Нақтырақ айтсақ, елді мекендердегі ауыл шаруашылық мақсатында қолдануға жарамды, бос жер телімдерін ведомство қандастарға бермекші. Өз кезегінде бұл жоспар орындалар болса, мемлекетке 770 млрд теңгеден астам қаржы түсіреді-мыс. Байқасақ, қандастарды қалаға емес, ауылдарға қоныстандырудың реті келіп отыр. Яғни, ауылдың әл-ауқатын дамытуға бағытталған. – Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес, қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін қандастарға уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерін беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және бос жерден жүзеге асырылады. Сондай-ақ қандастардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты өзге де қызметті жүргізу үшін арнайы жер қорынан жер учаскесін бірінші болып алуға құқығы бар, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы Гүлжахан Бимендина. Енді Қазақстанның жер балансы деректерін шоли кетсек. 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздегі бос жерлер 95,7 мың га құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптары 78,3 мың га. Ал арнайы жер қоры 37,5 мың гектарға жетіп отыр. Бірақ мұның өзі тек жоспар күйінде. Алдағы уақытта іске асырыла қояды деп дөп басып айту қиын. Қорыта айтсақ, қандастарымыздың елге көптеп оралуы – қай жағынан алғанда да мемлекет үшін тиімді. Бірақ баспанасы бір төбе, оларды жұмыспен қамти алмай, тағы мәнсіз шектеумен сырт айналдырар болсақ – өзге елде атажұртын аңсаған азаматтардың сенімі өледі. Ал қоғамдағы қандас мәртебесі бөлек тақырып.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ