Өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру жайлы айтылып келе жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Ел экономикасының шикізатқа және сол арқылы әлемдік нарыққа тәуелді болмауы осы саланы дамытуға байланысты. Өнімді тереңдетіп өңдеп, дайын тауарлар өндіріп, оны экспортқа шығару арқылы бюджеттің бүйірін бұлтитуға әбден болады. Сол үшін осы бағытта қаншама бағдарлама қабылданып, кластерлік жүйені енгіземіз деп біраз әрекет жасалды. Бірақ әлі көңіл көншитіндей нәтиже жоқ. Бұлай деуімізге не себеп?
Өткен жылы өңдеу өнеркәсібі саласы ЖІӨ-нің небәрі 11,4 пайызын құраған. 1990 жылдары, яғни Кеңес Одағы тараған кезде өңдеу өнеркәсібі ЖІӨ-де әжептәуір жоғары көрсеткішке жеткенін ескерсек, бұл деңгейге көтерілу үшін әлі көп еңбектенуімізге тура келеді. Мысалы, кластерлік жүйені енгізу үшін әрекет жасалды дедік. Еліміздің негізгі мақталы өңірі саналатын Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жайлы, мақтаны өңдеп, жіп иіріп, мата тоқып, одан дайын бұйымдар шығару мақсатында жақсы бастама көтерілген. Бірақ біз әлі күнге дейін жеңіл өнеркәсіп саласының қарыштап дамып кеткенін көре алмай отырмыз. Оған бірден-бір дәлел – нарықты жаулап алған сырттан әкелінген бұйымдар. Кеңес Одағы кезінде ел бюджетінің 17-18 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы беретін. Қазіргі таңда ЖІӨ-нің небәрі 0,3-0,5 пайызын ғана құрайды. Бұл – тым аз көрсеткіш. Өз елінде мақта өсіріп, мал баға отырып мақта мен жүннен жіп иіріп, тоқыма тоқып, киім тіге алмауымызға не кедергі? Осы олқылыққа қайта өңдеу саласының қарқынды дамымауы да тұсау болып отырған жоқ па? Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаев «Еркін экономикалық аймаққа инвесторлар қызығушылық танытпады. Сол себепті бұл саланың жұмысы тоқырап тұр. Елімізде өңдей алатын мақтаның көлемі – 10-15 мың тонна шамасында. Ал біз 85-90 мың тоннаға дейін мақта талшығын өндіріп, оны шетелге сатып жүрміз. Егер осы мақтаны өзіміз өндірсек, 1 миллиард 200 миллион доллар шамасында табыс табар едік. Қазір бар-жоғы 200-250 миллион доллардай ғана пайда көріп отырмыз. Миллиард доллар ұтылып келеміз. Осы әрекетімізбен басқа мемлекеттерге жағдай жасап, жұмыс орнын ашып берудеміз. Мәселен, мақта бағасы әлемдік нарықта қымбат болған 2004-2007 жылдары елімізде 220 мың гектарға дейін мақта егілді. Соңғы жылдары 130 мың гектар шамасында. Неге? Өйткені өндірілген өнімді өткізу қиын. Сондықтан қазір мақтадан басқа дақылға ауысу жайы қарастырылып жатыр. Әйтсе де, әртараптандыру бойынша ауыспалы егісті енгізу, жердің құнарлылығын көтеру бойынша да жұмысымыз алға баспай келеді. Өйткені Кеңес Одағы кезінде басталған мақта шаруашылығын көтеру мақсатында жүргізілген жұмыстарға байланысты негізінен осы салаға керек техникалар алынған. Жердің өзі осы бағытқа ыңғайластырылған. Сол себепті диқандар әлі күнге дейін мақта шаруашылығынан бас тартпай отыр» дейді. Демек, жергілікті диқандардың жеңіл өнеркәсіп саласына қажет негізгі шикізаттың бірі мақта өндіруге деген құлшынысы әлі бар. Бірақ өндірілген өнімді өткізу мәселесінде қиындықтар туып отыр. Дайын өнімді ысырап қылмай жинап, теріп алып, бірақ оны өткізе алмаса, бұл ала жаздай дала алқабында маңдай терін төккен диқанға оңай соқпайды. Нәпақасынан айырылады. Бұл деген бүтін бір отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлауына алып келеді.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңі аяқталуға таяу. Елімізде қайта өңдеу саласын мемлекеттік қолдау Кәсіпкерлік кодексі нормаларына сай жүзеге асып келеді. Дегенмен индустриалды-инновациялық бағдарламаның екі кезеңінің нәтижесіне қарағанда, мемлекеттік қолдау бойынша бөлінген қаражат барлық кәсіпорынның сұранысын өтей алмаған. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2015-2019 жылдары 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Әрине, бұл бүкіл қайта өңдеу өнеркәсібі саласын қамтитындай қаражат көзі емес. Демек, біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған жеңіл өнеркәсіп саласының қарқынды дамуы үшін, оған қажет шикізатты өңдеп, кәдеге жарату үшін әлі де молырақ қаражат көзі керек.
Кезінде отандық мақтаны кәдеге асыра білді. Бұл өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласының қарқын алуына да оң әсерін тигізді. Басқасын былай қойғанда өнімдері 100 пайыз мақтадан тігілетін Алматы мақта-мата комбинатының өзінде 8 мың адам жұмыс істеді. Қазіргі таңда мұндай алып кәсіпорын жоқтың қасы. Жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жатқандардың көбі – шағын кәсіпорындар. Олардың саны 1 000-ға тарта. Осы саладан 12 мыңдай жан нәпақасын тауып жүр. Әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істегендіктен, саладағы мәселені көтеріп, оны шешуде көбіне олардың қауқары жетпей жатады. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы саладағы мәселелерді түрлі мінберден айтып келеді. Бірақ әзірге ол мәселелердің шешімін табар түрі жоқ.