Армандағы полицейдің бейнесі
Армандағы полицейдің бейнесі
271
оқылды

Заманауи полицей – ол кім? «Қазіргі заман поли­цейі – қызметке шын берілген өз елінің патриоты. Ол азаматтардың, қоғамның және тұтастай мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін, заң­ды­лық, әділеттілік қағидаттарын басшылыққа алатын кәсіпқой» дейді Ішкі істер министрлігі. Бұл ІІМ әзір­леген «Полицей стандартында» бекітілген.

Құқық қорғау ведомство­сының байламынша, еліміздің әр азаматы өзін қауіпсіз сезінуге, әр полицейді қиын жағдайда өзіне көмекке келуге дайын және өз өмірін, денсаулығын, абыройы мен қадір-қасиетін қылмыстық қолсұғушылықтан сенімді қор­ғай алатын қорғаушы деп білуге тиіс. Бұған қол жеткізу үшін бар­лық полицейлерді «стандарттау» қажет деп ұйға­рылып отыр.

Ел тарихында алғаш рет қа­былданғалы отырған «Полицей стандарты» полицейдің имиджін және осы органға деген азамат­тар­дың сенімін нығайтуға ықпал етуі қажет.

Құжатта атап өтілгендей, өзі­не жүктелген міндеттерді та­быс­ты орындауы үшін әр полицей бойында 20 шақты жеке және кә­сіби қасиет болуы тиіс. Бұларға тәртіптілік және ұқыптылық; ба­тылдық және табандылық; орындағыштық; төзімділік; па­рыз бен әділдікке берілгендік сезімі; парасаттылық, адалдық, принциптілік; жауапкершілік; сабырлық және шыдамдылық; адамгершілік; ізеттілік; стреске төзімділік; тілтабысқыштық; кемелдікке талпыныс; өзіне сын көзбен қарау жатады.

Бірақ бұлармен шектелмейді. Мәселен, стандартта тәртіп сақ­шысы заңнаманы жақсы білуі және жұмысында шебер қол­дануы, қызметтік құжаттаманы жүргізу дағдыларын меңгеруі, ақпараттық технологияларды, қарапайым тілмен айтқанда, ком­пьютер мен гаджеттерді пай­далануы керек.

Одан «тайм-менеджмент» тәсілдерін игеруі де талап етіледі: «Қызметтік міндеттерді сауатты жоспарлауы және орындауы, қызметтік уақытты ұтымды және тиімді пайдалануы қажет» де­лінген стандартта.

Егер құқық қорғау қызмет­керінің үсті-басы кір-кір, ал қар­ны шертиіп тұрса, бұл стандартқа қайшы: «Полицейдің лайықты сыртқы бейнесі оған өзін-өзі қадірлеуге моральдық құқық береді, азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға септігін тигізеді, адамдардың мінез-құл­қына және әрекетіне оң ықпал етеді. Полицей өз формасын бел­гіленген талаптарға сай, таза және ұқыпты киіп жүруі, саптық жинақылықты, шымырлықты паш етуі керек».

Стандартта орган өкілінің кәсіби қызметте және азамат­тар­мен қарым-қатынаста өзін қалай ұстауы тиістігі бекітілген.

Кәсіби қызметте ол бірін­шіден, құқықбұзушылықтардың жолын батыл түрде кесуі; аза­маттардың, оның ішінде ұстал­ғандардың және қамалғандардың құқығына нұқсан келтірмейтін, заңды бұзбайтын, әділ әрі айна­ладағыларға түсінікті іс-әрекет­терді іске асыруы шарт. Екін­ші­ден, сыбайлас жемқорлық көрі­ністеріне батыл да табанды қарсы тұрғаны жөн. Үшіншіден, адам­дардың өмірге, жеке және отба­сы­лық құпияға, сондай-ақ өз абы­ройын, қадір-қасиетін, өзі­нің жақсы атын қорғауға деген конс­титуциялық құқығын сақта­ғаны абзал.

Төртіншіден, азаматтармен, әсіресе балалармен, әйелдермен, мүгедектермен және егде кісі­лермен қарым-қатынаста ізет­тілік және сыпайылық танытуы, олардың өтініштері мен арыз­дарына объективті қарауы, қа­жетті жәрдем, медициналық кө­мек көрсетуі керек.

Бесіншіден, шыдамдылық және сабырлық сақтай отырып, өз ескертпелері мен талаптарын дұрыс әрі сенімді түрде баяндауға тиіс.

Алтыншыдан, медиатор, араағайын бола білуі, яғни даулы жағдайларды шеше алуы қажет.

Азаматтармен қарым-қаты­наста полицейге адамның жы­ныстық белгісіне, жасына, нәсі­ліне, ұлтына, тіліне, азамат­ты­ғы­на, әлеуметтік, мүліктік және от­басылық жағдайына, саяси не­месе діни көзқарасына бай­ла­нысты кемсітушілік танытып, тиісе сөйлеуіне тыйым салынады.

Сонымен қатар оған адамдар­ға қоқан-лоқы жасауына, қор­лап, тіл тигізуіне, тәкаппарлық, дөрекілік, менсінбеушілік, әдеп­сіздік көрсетуіне, дәлелсіз айып тағуына, бұдан бөлек, нормативті емес және жаргондық лексиканы пайдалануына, боқтауына рұқсат етілмейді.

Сарапшылардың айтуынша, егер осы стандартқа барлық по­ли­цейлердің ең құрығанда жар­тысы сай келсе, халықтың құқық қорғау органына деген сенімі артып шыға келмек.