Таразы басында адам тұр
Таразы басында адам тұр
203
оқылды

Қазақстанда жыл сайын 10 мың адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – Пре­зи­денттің сәуір айында жасаған мәлімдемесі. 2018 жылғы мәліметке сүйенсек, 25 мың адам ішімдік ішіп, көлік жүргізген. Жақында Қ.Тоқаев Twitter-де заңға өзгерту енгізуді тапсырды. Енді арақ ішіп, көлік тізгіндегендерге жаза күшейеді.

Әлемде жылына 1 миллионнан астам адам жол-көлік оқиғасынан өлім құшады. 20-дан 50 миллионға дейін жолаушы ауыр жарақат алады. Жол-көлік апатының 5 түр­лі себебін келтірсек, мас кү­йін­де көлік жүргізу 4-орында тұр. Атал­ған мәселе жаһанның 2030 жылға дейін тұрақты даму жөнін­дегі күн­тәртібінде тұр. Мақсат – 2020 жыл­ға қарай ЖКО салда­рынан болатын өлім-жітім мен жарақат алушы санын екі есе қыс­қарту. Жүргізілген зерттеу нә­тижесі бойынша, жол­дағы өлім жағдайының 93%-ы табыс деңгейі төмен және орташа елдерде орын алады.

Қазақстан заңнамасында көр­сетілгендей, қан құрамындағы 0,5-1,5% ішімдік жеңіл мастық деңгейіне жатады. 1,5-2,5% – ор­та деңгейлі масаю. 2,5-3,0% ауыр дең­гейдегі, 3,0-5,0 промилле ал­ко­­гольге уланған есебінде көрсе­тіл­ген. Алкотест нәтижесі 0-0,5%-ті көрсетсе, дәрі-дәрмек әсері деп қа­былдауға болады. Ал 0,5 про­милледен асып кетсе, жүргізуші жауапқа тартылады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша жазаланады.

Әр оқиғаның артында себеп болады. Талдай отырып, таңдай қа­ғасың. Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2017 жылы бар­лы­ғы 17 мың жол-көлік оқиғасы тір­келген. Соның ішінде 374-і арақ ішіп көлік жүргізгеннің ке­сірінен болған. Ал «Аман-саулық» қоғам­дық қорының зерттеуінше, орташа есеппен жылына бір қа­зақстандық 9 литр ішімдік ішеді. Бұл бұл ма, БҰҰ 185 елге ішімдік ішу жөнінен зерттеу жүргізгенде, Қазақстанға 8-орын бұйырған. Мұның соңы жақсылыққа жете­лемейді. Бірі ішімдікке тәуелді болады, ендігісі көлік жүргіземін деп қауіппен бетпе-бет келеді.

Сөзімізге дәлел боларлық бір оқиғаны мысалға келтірейін. Бір оқиға дейміз-ау, ішінде бірнеше заңбұзушылық топтасқан. Биыл ма­мырда Талдықорған қаласында жүргізуші жаяу жүргінші жола­ғын­да 3 адамды қағып кеткен. Бұл туралы БАҚ-та тәптіштеп жа­зыл­ды. Жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізген. Оның үстіне құжаты болмаған. Өйткені 2017 жылы ішім­дік ішіп көлік жүргіз­гендік­тен, жүргізу куәлігінен айы­рыл­ған. Машинаның мемлекеттің нөмірі де жалған екен. Көлікті Қырғыз­станнан әкелген. Тиі­сін­ше жүргізу­ші құқықтың жауап­кер­шілікке тартылған.

Сонымен бірге Жамбыл об­лыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, жыл басынан ішімдік ішіп рөлге отыр­ған 900-ге тарта жүргізуші ұста­лып, жазаланған. Бұл тек бір об­лыс­тың көрсеткіші. Басқа өңірде де мұндай жағдай жиі орын алады. Бәрін қоюға, түзеуге бір ба­с­тырт­қы керек-ақ. Адамға тиым салмай нәтиже бермейді. Бұған сан түрлі себеп табуға болады. Бірнеше себепті дерек ретінде тізейік.

Елдегі жүргізушілерге қауіп­сіздік белдігіне «үйрену» біраз қиындық тудырды. Сақшы сан мәрте ескертіп, дабыл қақса да, нәтиже бермеді. Сонымен «Жол жүрісі туралы» заңда қауіпсіздік белдігі міндеттеліп, айыппұл са­лынатын болды. Қазір жүргі­зу­шілер артық шығын шығармас үшін қауіпсіздік белдігін тағуға асығады. Кейде «біреудің өмірі біреуге міндет пе» деген ойға қа­ла­сың. Кейінірек жолда бейне­тү­сірілім пайда болды. Нәтижесінде жылдамдықты шамадан тыс арт­тыратындар азайды. Бірақ бей­небақылау жоқ жерде жүйткей­тіндер әлі бар. Көлік жүргізу ке­зінде ұялы телефон қолданудың өзі қауіпті. Мұны біразы ескермей жатады. Егер осындай олқылық жіберсеңіз, 5 АЕК көлемінде айып­пұл салынады. Қауіпсіздік белдігін тақпағаныңыз үшін де 5 АЕК мөлшерінде айыппұл таға­йындалады. Ал ішімдік ішіп көлік жүргізсеңіз, 3 жылға дейін көлік жүргізу құжатынан айырыласыз. Дәл осы әрекетіңіз апатқа себеп болса, куәліктен­ 4 жылға күдер үзе тұрасыз. Әлемде мас күйінде көлік жүргізгендерге төмендегідей шара қолданады.

Мысалы, Израильде көлік апа­тының 5 пайызына ішімдік ішіп, көлік жүргізгендер кінәлі. Бұл елде заң қатал. Тергеу амал­да­ры кезін­де тіпті көлігіңізді тар­тып алады. 2 жыл­ға жүргізу куә­лігінен айы­ры­ласыз. Егер жүр­гізу­шінің кесірінен жол апаты орын алып, адам қаза тапса, 20 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жазасы бар. Ал АҚШ-та аталған тәртіпті алғаш рет бұзса­ңыз 1 жылға жүргізу куәлі­гінен айырылып, 500-1000 доллар айып­пұл төлейсіз. Егер дәл осы әре­кетіңізді 10 жыл ішінде қайта­ласаңыз: 1000-5000 доллар аралы­ғында айыппұл, 10 күн түрмеде оты­­ру және 60 күн қоғамдық жұ­мыс істейсіз. Қан құрамындағы алкогольдің мөлшері әр штатта әртүрлі. Мәселен, Нью-Йоркте алкотест арқылы жауапқа тарту 0,8 промилледен басталады. Ал Германияда 0,29 промиллеге дейін рұқсат етіледі.

Осыған қатысты Президен­тіміз жазаны күшейтуді тапсырды. Twitter парақшасында «Заңға өзгер­тулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез кел­ген түрін ішкен күйінде көлік жүр­гізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазды. Демек, әлем елдерінің тәжірибесі ескеріледі деген сөз. Арнайы та­лаптар қайта қаралады. Жоғары­дағы Израиль әрекетінен, АҚШ-тың айыппұл жүйесінен кәдеге жарайтыны та­былып қалар. Қа­сым-Жомарт Тоқаев Алматы сапарында да жол-көлік оқиғасы басты назарда екенін айтты. Саралап, өзі бірнеше қатаң жаза ұсынды.

«Мені еліміздегі және Алма­тыдағы жол-көлік оқиғаларының көптігі алаңдатады. Адамдар қаза болады, жарақат алады. Зардап шеккендер саны өзге елдердегі қарулы қақтығыстағы адам шы­ғы­нынан кем емес. Жол қозға­лысы мәдениеті күрт төмендеді. Кешенді шаралар қабылдау керек. Алкого­льдің кез келген түрін қабыл­да­ғаннан кейін авто­көлік құралдарын басқару үшін жазалауды қатаң­дататын нор­ма­ларды заңнамаға енгізуге тапсыр­ма бердім. Бұл есірткі мен басқа да психотроптық заттарға қатыс­ты. Алкоголь немесе есірткі мен басқа да психотроптық заттарды қабылдағаннан кейін көлік жүр­гізетіндерді түрмеге отыр­ғызайық. Бұл азаматтардың заңды құқық­тарына қарсы бағыт­талған ауыр қылмыс. Дәл осындай бейсаналы әрекетке баратындарға қатаң қа­рау керек. Қылмыс пен теріс қы­лықтың ауырлығына бай­ланысты нақты шара қолдану қа­жет. Арна­йы мерзім беру, үлкен айып­пұл салу, көлік құралдарын алып қою, өмір бойы көлік жүргізу құқығы­нан айыру қажет. Басқаша бол­май­ды. Сонымен бірге Үкімет авто­мобиль жолдарының сапасы мен жаяу жүргіншілер жолына баса назар аударуы тиіс» деді Президент.

Президент көтерген мәселе ше­шімін табуы керек. Таразы ба­сында адам өмірі тұр. Мас күйінде көлік жүргізбес бұрын салынар айып­пұл мен жазаны ойласа дей­міз. Жаза қатаң болса, орындаушы тәртіптің құлына айналады.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ