Қазақстанда жыл сайын 10 мың адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – Президенттің сәуір айында жасаған мәлімдемесі. 2018 жылғы мәліметке сүйенсек, 25 мың адам ішімдік ішіп, көлік жүргізген. Жақында Қ.Тоқаев Twitter-де заңға өзгерту енгізуді тапсырды. Енді арақ ішіп, көлік тізгіндегендерге жаза күшейеді.
Әлемде жылына 1 миллионнан астам адам жол-көлік оқиғасынан өлім құшады. 20-дан 50 миллионға дейін жолаушы ауыр жарақат алады. Жол-көлік апатының 5 түрлі себебін келтірсек, мас күйінде көлік жүргізу 4-орында тұр. Аталған мәселе жаһанның 2030 жылға дейін тұрақты даму жөніндегі күнтәртібінде тұр. Мақсат – 2020 жылға қарай ЖКО салдарынан болатын өлім-жітім мен жарақат алушы санын екі есе қысқарту. Жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, жолдағы өлім жағдайының 93%-ы табыс деңгейі төмен және орташа елдерде орын алады.
Қазақстан заңнамасында көрсетілгендей, қан құрамындағы 0,5-1,5% ішімдік жеңіл мастық деңгейіне жатады. 1,5-2,5% – орта деңгейлі масаю. 2,5-3,0% ауыр деңгейдегі, 3,0-5,0 промилле алкогольге уланған есебінде көрсетілген. Алкотест нәтижесі 0-0,5%-ті көрсетсе, дәрі-дәрмек әсері деп қабылдауға болады. Ал 0,5 промилледен асып кетсе, жүргізуші жауапқа тартылады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша жазаланады.
Әр оқиғаның артында себеп болады. Талдай отырып, таңдай қағасың. Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2017 жылы барлығы 17 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның ішінде 374-і арақ ішіп көлік жүргізгеннің кесірінен болған. Ал «Аман-саулық» қоғамдық қорының зерттеуінше, орташа есеппен жылына бір қазақстандық 9 литр ішімдік ішеді. Бұл бұл ма, БҰҰ 185 елге ішімдік ішу жөнінен зерттеу жүргізгенде, Қазақстанға 8-орын бұйырған. Мұның соңы жақсылыққа жетелемейді. Бірі ішімдікке тәуелді болады, ендігісі көлік жүргіземін деп қауіппен бетпе-бет келеді.
Сөзімізге дәлел боларлық бір оқиғаны мысалға келтірейін. Бір оқиға дейміз-ау, ішінде бірнеше заңбұзушылық топтасқан. Биыл мамырда Талдықорған қаласында жүргізуші жаяу жүргінші жолағында 3 адамды қағып кеткен. Бұл туралы БАҚ-та тәптіштеп жазылды. Жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізген. Оның үстіне құжаты болмаған. Өйткені 2017 жылы ішімдік ішіп көлік жүргізгендіктен, жүргізу куәлігінен айырылған. Машинаның мемлекеттің нөмірі де жалған екен. Көлікті Қырғызстаннан әкелген. Тиісінше жүргізуші құқықтың жауапкершілікке тартылған.
Сонымен бірге Жамбыл облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, жыл басынан ішімдік ішіп рөлге отырған 900-ге тарта жүргізуші ұсталып, жазаланған. Бұл тек бір облыстың көрсеткіші. Басқа өңірде де мұндай жағдай жиі орын алады. Бәрін қоюға, түзеуге бір бастыртқы керек-ақ. Адамға тиым салмай нәтиже бермейді. Бұған сан түрлі себеп табуға болады. Бірнеше себепті дерек ретінде тізейік.
Елдегі жүргізушілерге қауіпсіздік белдігіне «үйрену» біраз қиындық тудырды. Сақшы сан мәрте ескертіп, дабыл қақса да, нәтиже бермеді. Сонымен «Жол жүрісі туралы» заңда қауіпсіздік белдігі міндеттеліп, айыппұл салынатын болды. Қазір жүргізушілер артық шығын шығармас үшін қауіпсіздік белдігін тағуға асығады. Кейде «біреудің өмірі біреуге міндет пе» деген ойға қаласың. Кейінірек жолда бейнетүсірілім пайда болды. Нәтижесінде жылдамдықты шамадан тыс арттыратындар азайды. Бірақ бейнебақылау жоқ жерде жүйткейтіндер әлі бар. Көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданудың өзі қауіпті. Мұны біразы ескермей жатады. Егер осындай олқылық жіберсеңіз, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қауіпсіздік белдігін тақпағаныңыз үшін де 5 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалады. Ал ішімдік ішіп көлік жүргізсеңіз, 3 жылға дейін көлік жүргізу құжатынан айырыласыз. Дәл осы әрекетіңіз апатқа себеп болса, куәліктен 4 жылға күдер үзе тұрасыз. Әлемде мас күйінде көлік жүргізгендерге төмендегідей шара қолданады.
Мысалы, Израильде көлік апатының 5 пайызына ішімдік ішіп, көлік жүргізгендер кінәлі. Бұл елде заң қатал. Тергеу амалдары кезінде тіпті көлігіңізді тартып алады. 2 жылға жүргізу куәлігінен айырыласыз. Егер жүргізушінің кесірінен жол апаты орын алып, адам қаза тапса, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Ал АҚШ-та аталған тәртіпті алғаш рет бұзсаңыз 1 жылға жүргізу куәлігінен айырылып, 500-1000 доллар айыппұл төлейсіз. Егер дәл осы әрекетіңізді 10 жыл ішінде қайталасаңыз: 1000-5000 доллар аралығында айыппұл, 10 күн түрмеде отыру және 60 күн қоғамдық жұмыс істейсіз. Қан құрамындағы алкогольдің мөлшері әр штатта әртүрлі. Мәселен, Нью-Йоркте алкотест арқылы жауапқа тарту 0,8 промилледен басталады. Ал Германияда 0,29 промиллеге дейін рұқсат етіледі.
Осыған қатысты Президентіміз жазаны күшейтуді тапсырды. Twitter парақшасында «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазды. Демек, әлем елдерінің тәжірибесі ескеріледі деген сөз. Арнайы талаптар қайта қаралады. Жоғарыдағы Израиль әрекетінен, АҚШ-тың айыппұл жүйесінен кәдеге жарайтыны табылып қалар. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы сапарында да жол-көлік оқиғасы басты назарда екенін айтты. Саралап, өзі бірнеше қатаң жаза ұсынды.
«Мені еліміздегі және Алматыдағы жол-көлік оқиғаларының көптігі алаңдатады. Адамдар қаза болады, жарақат алады. Зардап шеккендер саны өзге елдердегі қарулы қақтығыстағы адам шығынынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті күрт төмендеді. Кешенді шаралар қабылдау керек. Алкогольдің кез келген түрін қабылдағаннан кейін автокөлік құралдарын басқару үшін жазалауды қатаңдататын нормаларды заңнамаға енгізуге тапсырма бердім. Бұл есірткі мен басқа да психотроптық заттарға қатысты. Алкоголь немесе есірткі мен басқа да психотроптық заттарды қабылдағаннан кейін көлік жүргізетіндерді түрмеге отырғызайық. Бұл азаматтардың заңды құқықтарына қарсы бағытталған ауыр қылмыс. Дәл осындай бейсаналы әрекетке баратындарға қатаң қарау керек. Қылмыс пен теріс қылықтың ауырлығына байланысты нақты шара қолдану қажет. Арнайы мерзім беру, үлкен айыппұл салу, көлік құралдарын алып қою, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру қажет. Басқаша болмайды. Сонымен бірге Үкімет автомобиль жолдарының сапасы мен жаяу жүргіншілер жолына баса назар аударуы тиіс» деді Президент.
Президент көтерген мәселе шешімін табуы керек. Таразы басында адам өмірі тұр. Мас күйінде көлік жүргізбес бұрын салынар айыппұл мен жазаны ойласа дейміз. Жаза қатаң болса, орындаушы тәртіптің құлына айналады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ