Тұрғындар МӘМС бойынша қандай жағдайда тегін дәрі-дәрмек ала алады?
Тұрғындар МӘМС бойынша қандай жағдайда тегін дәрі-дәрмек ала алады?
231
оқылды

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

2020 жылдан бастап аталған №666 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, МӘМС бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде 2 қосымша қосылды: ересектер санатына – 41 нозология, балалар санатына – 63 нозология (сондай-ақ 12 нозология ТМККК-дан МӘМС-ке ауыстырылды). Енді тұрғындар қажет болған жағдайда мына сырқаттар бойынша тегін дәрі-дәрмек ала алады: ересектер – глаукома, псориаз,  қуықасты безінің гиперплазиясы; балалар – инфекциялық (скарлатина, рожа) және протозойдты (гельминтоза, лямблиоз) ауруларға, зәр шығару жолдарының инфекциясында (цистит), т.б. COVID-19 коронавирус инфекциясымен күрес аясында осы жылдың 28 шілдесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі бұйрықтың ТМККК бөліміне COVID-19 коронавирус инфекциясын емдеуге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету енгізілді. Аталған нозология бойынша берілетін дәрілер: ыстық түсіретін – Парацетамол (500 мг таблеткалар) және Ибупрофен (200 және 400 мг таблеткалар); антикоагулянттар – Ривороксабан (110мг таблеткалар), Апиксабан (2,5 мг таблеткалар) және Дабигатран  (110 және 150 мг капсулалар). – Нұр-Сұлтан қаласында короновирустық инфекция нозологиясы бойынша; ауруханадан тыс пневмония, балаларда – пневмония, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының жіті қабыну инфекциялары бойынша, ақпараттық жүйедегі деректерге сай, 2020 жылдың 1 қаңтары мен 30 қыркүйегі аралығында 9 038 пациент 21,81 млн теңге сомасына антибактериальдық, ыстық түсіретін препараттармен және антикоагулянттармен қамтамасыз етілген, – дейді Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.