Хакім Абайдың өлеңдері өз заманында жатқа айтылып, қазақ еліне кеңінен таралды. Ұлы ақынның 1909 жылғы жарыққа шыққан тұңғыш жинағынан бұрын баспа арқылы жарияланған бірнеше өлеңі де белгілі. Алаш қайраткерлері Абай мұрасының халыққа берер өнегесін, тәлім-тәрбесін терең ұғынды, түйсінді. Қазақ зиялылары ақынның ғибратты мұрасын қазақ даласындағы әрбір қазақтың санасына жеткізу жолында қызмет етті. Өздері бас болған ұлттың азаттығы жолындағы күреске толы аумалы-төкпелі заманда Абай өнегесін шамшырақ етіп ұстанды.
Абай шығармаларының толық жинағы тек ақын дүние салғаннан кейін жарыққа шығады. Ә.Бөкейханов жанашырлық танытқан ақын өлеңдерін, қарасөздерін жинақтап бастыру сияқты күрделі де маңызды іспен інісі Кәкітай мен баласы Тұрағұл айналысады. Бұл бастаманың күрделілігі сонда, ақын көзі тірісінде өз шығармаларын кітап түрінде жинақтамаған, көп өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазба ретінде жазылған нұсқалары толық сақталмаған. Сол себепті ақын шығармаларын кітап етіп баспадан шығару келер ұрпаққа Абай мұрасын аманат ретінде қастерлеп жеткізумен маңызды болды.
Абай өлеңдерін баспадан жариялау жұмыстары қалай жүргізілгені жайында Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде: «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, одан кейін бір жағына ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйе әкетті. Петербург, Ленинградтағы баспаханалармен шарт жасастым. Тез екі жүз сом ақша перевод ет деген. Айтқанындай, екі жүз сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітай өзі жазды» деп баяндайды.
Ақын өлеңдерін жинақтап, жазудағы Мүрсейіт молданың сіңірген еңбегіне абайтанушы ғалымдар өз бағасын берген. М.Әуезов: «Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, барлығы да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз де сол Мүрсейіттің көшірмелері. Өйткені Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалары сақталмай жоғалып кеткен».
Абайдың тұңғыш жинаққа енбеген өлеңдері мен қарасөздерінің әдеби айналымға еніп, М.Әуезов айтқан олқылықтың орны толып, халық сусындайтын әдебиет бұлағының арнасы толыса түскенін абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының «Абайдың тұңғыш өлең жинағында ақынның өз өлең саны – 97, оның өлең жолы – 3 362 болса, аударма өлеңдер саны – 42, ал өлең жолы – 1 372. Екі поэмасының өлең жолы – 292-ге жетті. Яғни 1909 жылғы тұңғыш жинақтағы өлең жолының жиынтығы 5 326 болып, халқымыздың мәңгі тозбас қазына көзіне айналды. Бүгінде ол екі есеге жуық молығып, 7 546 өлең жолына жетіп және 46 қара сөзін қоса қамтып отырған әдеби ұлттық басты атамұрамызға айналды» деген сөздері айғақтайды. И.Бораганский баспасынан жарық көрген ақынның тұңғыш жинағына қазіргі абайтанушы ғалымдар баса назар аударып, зерттеуде.
Меруерт АБЛАМБАЕВА,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің
бас қор сақтаушысы