Әлемде бес жасқа дейінгі әрбір үшінші бала жеткілікті мөлшерде тамақтанбайды. Мамандар нашар тамақтану және балалар үшін жарамсыз азық-түлік тұтынудың салдарынан бала денсаулығына үлкен зиян келіп жатқанын айтады. Қазір Қазақстандағы 9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегуде. Ең жоғары көрсеткіш қала тұрғындары мен емізілмеген балалар арасында байқалып отыр.
Мамандар ХХІ ғасыр балаларының дұрыс тамақтанбау мәселесін үшке бөліп қарастырып отыр. Олар: тоймау, қажетті қоректік заттардың жоқтығынан туындаған жасырын аштық және бес жасқа дейінгі балалар арасындағы артық салмақ. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, әлемде 149 миллион баланың өсуден қалыс қалғаны немесе өз жасы үшін өте кішкентай көрінетіні анықталған. Сонымен қатар 50 миллион бала жүдеу немесе өз жасы үшін өте арық. 340 миллион бала немесе 2 баланың біреуі А дәрумені мен темір сияқты негізгі дәрумендер мен қоректік заттардың тапшылығынан зардап шегеді. 40 миллион баланың артық салмағы бар, семіздіктен зардап шегеді. Мұнымен қоса емізудің де нашарлығы байқалып отыр. Дүниежүзінде алты айға дейінгі балалардың 42% ғана емізіледі. Осыған сәйкес сүт қоспасы берілетін балалардың саны барған сайын көбейіп жатыр. Сүт қоспасын сату 2008-2013 жылдары кірісі орташадан жоғары Бразилия, Қытай және Түркия сияқты елдерде таралған болатын. Бала алты айға жақындағанда жұмсақ және қатты азық-түлікке көше бастайды. Осыдан кейін көбі дұрыс тамақтанбайды. Әлемде алты айдан екі жасқа дейінгі балалардың 45% ешқандай жеміс пен көкөніс тағамдарын тұтынбайды. 60% жуығы жұмыртқа, сүт тағамдарын және балық пен етті жемейді.
Балалардың дұрыс тамақтанбауы негізінен жөнсіз маркетинг пен жарнамалардан, қалалардағы, сонымен қатар қашық аудандардағы шектен тыс өңделген өнімдердің молдығынан, сонымен бірге фастфуд пен өте тәтті сусындарға қолжетімділіктің кеңеюінен болып отыр.
Жер бетіндегі бес жасқа дейінгі әрбір үшінші баланың, яғни 200 миллион баланың артық салмағы бар. Алты айдан екі жасқа дейінгі шамамен әр үш баланың екеуіне ағзасының дұрыс өсуін қолдай алатындай тамақ берілмейді екен. Бұл мидың баяу дамуына, оқу қабілетінің төмен болуына, нашар иммунитетке, инфекцияға шалдығуға және көп жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, мамандар елімізде семіздік диагнозы бар балалар саны өсіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Елімізде 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуінде артық салмақ бар немесе семіздікке шалдыққан. 2 жасқа дейінгі балалардың 21% -ы жемістер мен көкөністерді қолданбайды. 6 айға толмаған сәбилердің жартысынан азы ғана, яғни тек 38% емізіледі. Қосымша тамақ берілгеннен кейін 6 айлық балалардың жартысынан азы омырау сүтін емуді жалғастырады екен.
– Балалардың тамақтану мәселесі Қазақстанда ушығып барады. Бұл балаларымыздың денсаулығы, үлгерімі мен жағдайына зардабын тигізеді. Егер балалардың семіруі мен нәрлі, пайдалы тамақтар жетіспеушілігінің өсу үрдісі жалғасса, онда 2050 жылы туылған балалар бүгінгі күнде туылған балаларға қарағанда аз өмір сүреді және семіздік халық өлімінің негізгі екі себептерінің бірі болады деп болжауға болады. Балалардың дұрыс тамақтанбауы қоғамның әлеуетін шектейді. Сондықтан ерте жастағы балалардың тамақтануын жақсарту денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру қызметінің басты мақсаты және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ажырамас бөлігі, – дейді ЮНИСЕФ-тің Денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиев.
ДДСҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда теледидардағы тамақ өнімдері мен сусындар жайлы жарнамалық роликтердің 20% ғана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Кіріс деңгейі төмен және орташа елдерде мектеп жасындағы балалардың 42% газдалған, тәтті, алкогольсіз сусындарды күніне бір реттен кем емес тұтынатыны және 46% аптасына бір реттен кем емес фастфуд жейді. Кірісі жоғары елдерде бұл көрсеткіштер жасөспірімдер арасында тиісінше 62 және 49%-ға жетіп отыр. Нәтижесінде, дүниежүзінде балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің деңгейі өсіп жатыр. 1975 жылмен салыстырғанда қазір қыз балалар семіздіктен он есе, ер балалар 12 есе көп зардап шегіп жатыр. Бір таңғаларлығы, кіріс деңгейі жоғары Ұлыбритания сияқты елдердің өзінде артық салмақ бай-қуатты аудандарға қарағанда ең кедей аудандарда кең тарағаны анықталды.
Мамандар балалардың дұрыс тамақтану мәселесін шешу үшін тамақтану саласындағы білімді жақсарту қажет дейді және зиянды тағамдарға сұранысты қысқарту үшін қантқа салық салу сияқты тексерілген заңнаманы пайдалануды жөн санайды. Сонымен қатар азық-түлік өнімдерін жеткізушілердің балалар үшін дұрыс таңдау жасауына қозғау салуды, дәл және түсінуге жеңіл таңбалау және зиянды азық-түлік маркетингін анағұрлым қатаңырақ бақылау сияқты тексерілген тәсілдемелерді пайдалану қажет. Осыған орай мамандар балалар мен жасөспірімдер үшін денсаулыққа пайдалы тамақтану ортасын құруды және денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, санитария, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерін жұмылдыруды ұсынып отыр.